Қазақстанда құс етін сумен толтырып қатыруға тыйым салынды
Қазақстанда құс етін сумен толтырып қатыруға тыйым салынды. Сонымен бірге оны жібіткеннен кейін ылғалдың бөліну жылдамдығы белгіленді. Оның үлесі төрт пайыздан аспауы керек. Бұл туралы Сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сонымен қатар, өңделген құс етіне тағамдық қоспаларды, соның ішінде фосфаттарды, консерванттарды және дәм күшейткіштерді енгізуге тыйым салынды. Талаптарды бұзғаны үшін өндірушілерді 600 мың теңгеге дейін айыппұл күтіп тұр.
Мұндай стандарттар Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейде бұрыннан бар екені атап өтіледі. Сондықтан инспекторлар қазақстандық тұтынушыны қауіпті өнімнен қорғауды көздеп отыр.
"Бірыңғай техникалық регламент құс етін сумен толтыруға, тағамдық қоспаларды, оның ішінде фосфаттарды, сондай-ақ консерванттар мен дәм күшейткіштерді енгізуге тікелей тыйым салуды көздейді, жібіткеннен кейін бөлінетін ылғалдың нормасы 4 пайыздан аспайды және тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін маңызды басқа да талаптар бар", - деді Техникалық реттеу және метрология комитетінің (КТРМ) төрағасы Қуаныш Елікбаев.