Қаржыны қандай валютада сақтаған тиімді?
Девальвация дақпыртынан кейін қолында аз-кем қаржысы бар халықты алаңдатып отырған тағы бір мәселе бар. Ол әрине, «болашақта қолда бар қаржыны қандай валютада сақтау керек» деген беймаза ой.
«Ақшаны қалай сақтап, қалай көбейтемін» деген көпшіліктің теңгемен жиған депозитін долларға айырбастап тыншу тапқанын біз бұдан бұрын да жаздық. Осыған орай «Алаш айнасы» жаппай долларлық депозитке ауысудың да банктерге кері әсері барын жіктеп жазды. Ал енді «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» амал табудың жолы қайсы? Бұқара қауым болашақта қолында бар ақшасын қалай сақтауы керек? Бұл тұрғыда біз мамандармен ой бөлісуді жөн көрдік...
Мултивалюталық қағиданы меңгере алдық па?
Негізінде, қолда бар артық ақшасын банктегі депозитке салу – халықтың арасында ең көп тараған әрі қарапайым инвестиция түрінің бірі. Қандайда бір банк банкротқа ұшыраған жағдайда ел үкіметі 5 миллион теңгеге дейінгі депозиттік салымды қайтарып беруге кепілдік беретіндіктен, мұндай салым біздің елде қауіпсіз құрал ретінде есептеледі.
Бұл ретте Қазақстан ұлттық банкінің деректеріне сүйенсек, 2013 жылдың аяғында депозиттік ұйымдарда жинақталған сома 10 триллион 100 миллиард теңге болған. Бұл соманың 3 триллион 900 миллиард теңгесі жеке тұлғаларға тиесілі. Ал сол жеке тұлғалар 2 триллион 200 миллиард теңгені ұлттық валютамен яғни теңгемен сақтайды, ал 1 триллион 700 миллиард теңге көлеміндегі ақшаны шетел валютасымен ұстайды. Жалпы, мамандардың байыптап отырғанындай қандай да бір валютаны таңдау үшін оның курсы мен жалпы экономикалық ахуалдан хабардар болған жөн.
Тоғжан Шаяхметова, экономист-сарапшы, банк секторының маманы:
– Қазірде Ресей рублі мен экономикасы тұрақсыз болып отыр. Осыған орай қайсыбір инвесторлар ақшасын доллармен ұстайды. Сондай-ақ АҚШ-тың федералды резерв жүйесі долларды нығайтуға әрекет жасап жатыр. Мұны ескергендердің де біразы қаржысын доллармен ұстауға машықтанған. Ал енді Еуроаймақ елдерінің экономикасы жандана бастады деген болжам жасайтындар евро бағамын бақылаудан бір танбай отыр. Қытай экономикасы қарқынды өсіп, халықаралық төлемдерде юань көбірек пайдаланыла бастағандықтан, бұл валютаның болашағы зор деп есептелінуде. Сөйтіп, қазірде қаржы нарығында ағылшындардың «жұмыртқаны әр түрлі себетке бөліп салу керек» деген мәтелінің рөлі жоғары болып отыр. Қазірде мултивалюталық депозиттерге деген сұраныс бар. Халықтың біразы қолында бар 5-10 мың АҚШ долларының өзін доллар, евро, теңгеге бөліп салуды жөн санайды. Өз басым халықтың мултивалюталық депозиттерге бейімделе бастауын жөн санаймын. Сондықтан банк секторының маманы ретінде айтарым, мултивалюталық депозиттерге сұраныс болашақта артуы тиіс. Осыған байланысты қарапайым халық қолда бар қаржысын теңге, евро, долларға бөліп бөліп депозитке салса ұтылмайды деп ойлаймын.
Долларды қайтіп ығыстырамыз?
Әйтсе де мамандар мултивалюталық депозиттерге болашақта сұраныс артады дегенімен, сондай-ақ елде айырбас орындары арқылы долларды қолма-қол сатып алу көлемінің артқанына да қарамастан біздегі құзырлы тарап халықты ақшаны ұлттық валютада сақтауға шақырады. Мысалы, ақпанда болған девалвациядан кейін де ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов «ақшаны қай валютада сақтаған жөн?» деген тілшілердің сауалына «Ұлттық банк төрағасы ретінде екінші деңгейлі банктерде теңгедей ашылған депозиттерді сақтауға кеңес беремін. Өйткені өзіміз де қазір экономиканы дедолларизациялау саясатын (долларды ығыстыру) жүргізіп жатырмыз. Бұл – біздің экономикамыздың одан ары өсуі үшін және тиімді ақша-несие саясатын жүргізу үшін аса маңызды» деген болатын.
Дегенмен сарапшылардың болжамынша, валюта хақында сөз еткенде резервтік валюта және әлемдік валюта деген ұғымды шатастырмау керек.
Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы:
– Біздегі мамандар көбінесе осы екі ұғымды бір қазанға салып, басын түйістіріп жібереді. Олай етуге болмайды. Өйткені ол екеуі екі бө¬лек ұғым. Бұл жерде әлемдік валютаның өрісі өте кең. Мәселен, евро мен дол-ларды алып көрелік. Бұл екі валютаны бір-бірімен салыстырмау керек. Евро әлемде тек төлем құралы ретінде ғана қолданылса, доллар болса тек қана төлем құралы емес, ол – айналыс құралы, құн – өлшем құралы. Бұл жерде евроға қа¬ра¬ған¬да дол¬лардың өрісі кең екенін осыдан байқауға болады. Меніңше, бізге әзірге ұлттық экономикадан долларды ығыстыру жедел әрі тез болмайды. Доллар бүкіләлемдік кәсіпорындар мен фирмалар, өнеркәсіп орын¬дарының құн өлшемі, төлем құралы, айналыстағы қаржысы. Сондықтан әлемдік жетекші валюталардың ішінде доллардың болашағы үмітті. Бұған қоса, юаньның болашағы жарқын деп айтуға болады. Өйткені Қытай экономикасының қалай өркендеп бара жатқанын сіз бен біз жақсы білеміз. Әрине қарапайым халықтың ұлттық теңгеміз түрінде қаржысын жинағаны, сақтағаны жақсы. Бұл үрдіс расымен де ақша-несие саясатын жүргізу үшін аса маңызды. Себебі халық банктен алатын тұтыну несиесін доллармен емес, теңгемен алады. Кепілсіз несиесін де теңгемен алғанды жөн көреді. Сондықтан теңгемен депозит жинақтап оны айналымға жіберудің бірден-бір маңыздылығы осы. Болашақта долларды ішкі нарықтағы сұраныстан азайтып, теңгеге сұранысты арттырғымыз келсе осындай жайттарға барғанымыз да жөн. Ол үшін теңгелік депозиттердің сыйақысын тағы да 2,5-3 пайызға көтеру де оңды шешім болар еді. Сол сәтте жаппай доллар сатып ала бастаған ел теңгеге қарай ойысар ма еді?!
30-30-40 қағидасы тығырықтан алып шыға ма?
Сөйтіп, мамандардың біразы мултивалюталық себет ашу қажет десе, енді бірі долларды ығыстыру үшін теңгелік депозиттердің сыйақысын арттыру қажет десті. Ал енді қаржыгер Жасұлан Мақсұтов бұл ретте мынадай кеңестер ұсынады:
А) Ақшаны қай валютада және қандай мөлшерде сақтау керек екенін түсіну үшін соңғы үш жылдағы валюталардың бағамының қалай өзгергенін зерттеп отыру керек. АҚШ доллары, евро және Қытай юанін зерттеп көрсек, соңғы бір жылдың ішінде әлемдік тұрғыда қытайдың юані (4,2%) өскенін байқауға болады. Бұдан соң АҚШ доллары (0,3%) өссе, ал евро керісінше (1,2%) арзандаған. Бұдан шығатын қорытынды бір жыл бұрын бұл валюталарға айырбасталған ақша айтарлықтай өзгермес еді. Міне, валюталар нарығында осындай сауаттылықтар керек.
Ә) Өкінішке қарай, капиталды қолма-қол ақша ретінде сақтаған инфляциядан құтқармайды, сондықтан жиған ақшаңыз қалай сақтасаңыз да жыл сайын шамамен 5 пайызға құнсызданып отырады. Бұл ішкі нарықтағы қалыптасқан жағдайға байланысты болғандықтан бұдан қорықпау керек.
Б) Қаржыны сақтауда ең бастысы банкті дұрыс таңдап алу қажет. Ақшаңызды рейтингісі жоғары банктерде ұстаңыз да үнемі рейтингтерінің өзгеруін бақылап отырыңыз.
В) Биржада отырған он сарапшының тек қана біреуінің болжамы іске асады. Олай болса сіздің қолыңызда тек қана өткен жылдардың тәжірибесіне сүйенуіңіз ғана қалады. Сондықтан сіздерге ұсынарым – ақшаларыңызды: 30-30-40 қағидасымен сақтаған жөн. Бұл дегеніңіз жиған қардыңызыдң 30 пайызы доллар; 30 пайызы евро немесе юань; қалған 40 пайызын теңге түрінде сақтағаныңыз дұрыс. Теңгеге басымдық беру себебім – ұлттық валютамыз ретінде ақша-несие саясатын жүргізу қажеттілігі туындайтындықтан заңдылық бойынша осылай ету маңызды. Жиған тергеніңіздің 40 пайызы міндетті түрде ұлттық валютада болуы тиіс. Себебі қандайда бір жағдай туса Үкімет ұлттық валютада жиған қаржыңызды қайтарып беруге кепілдік бере алады. Ал бұл сенімділікті арттыра түсетін тәсіл.