Қанатты металдың көкжиектері
Еліміздің жаңа бағытын айқындап берген индустриялық-инновациялық бағдарлама ENRS үшін де жаңа серпінге айналды. Индустрияландыру картасының тау-кен саласына енген 14 жобаның бесеуі – соның үлесінде. Компанияның бірнеше жобасы (оның ішінде алюминий қорытпасының өндірісі) жүзеге асырылды. Бүгінде компанияның капиталдық шығындарының жалпы бағдарламасы, халықаралық бизнесті қосқанда, 5,9 млрд долларды құрады.
Әлемдік нарыққа талпыныс
ENRC мақтанышы – алюминий шығаратын Қазақстан электролиз зауыты. Қуатты, заманауи, жоғары технологиялық зауыт бүгінде отандық металлургияға экологиялық таза өндірістің әлемдік стандарттарын енгізуде. Еліміз тұңғыш рет халықаралық нарыққа Лондондағы металдар биржасында сертификатталған алюминийден жасалған металдайындамалары мен кесектерін алып шықты. Биылғы жылдың үшінші тоқсанында зауытта 62 мың тонна алюминий өндірілгені жобаның жемісті болғанын дәлелдейді. Бұл 2009 жылғы көрсеткішпен (31мың тонна) салыстырғанда 100 пайызға артық.
Мұндай жетістікке жетуге компания жинақтаған тәжірибенің жәрдемі тигені анық. Осы бір айрықша зауыттың құрылысын бастамас бұрын оны мамандармен қамтамасыз ету мәселесі тұрды. Ел ішінде алюминий өндірісі бұрын-соңды болмағандықтан, оқу орындары да, оқу құралдары да жоқ еді. Сондықтан Павлодарда арнайы оқу орталығын ашып, оған көрші елдерден мамандар шақырылды. Оған қоса, елімізден бір топ маман Ресей, Тәжікстан және Қытайға аттанып, электролиз өндірісінің қыр-сырын үйреніп келді. Қазір мыңнан астам жерлесіміз алюминий өндірісінің кәсіби маманымыз деп мақтана алады.
Сөз жоқ, Қазақстан электролиз зауыты – ел металлургиясындағы теңдессіз нысан. Оның құрылысына 12 елден 18 компания қатысқан. Зауыттың негізгі өнімі – А-85 маркалы 20 келілік алюминий кесектері. Бүгінде екінші кезекті қосу сәтті өткеннен кейін зауыт толық қуатқа көшті, яғни жылына 250 мың алюминий кесегін шығарады. Кім білсін, дағдарыс кедергі болмағанда, жоба бұдан ертерек жүзеге асатын ба еді?.. Өйткені қазірдің өзінде зауыт әлемдік нарықтағы бағаның ауытқуына тәуелді. Ал нарықтағы металдар бағасы дағдарысқа дейінгі деңгейіне әлі жеткен жоқ.
Одан гөрі жылына миллион тонна шығаратын Ақсу ферроқорытпа зауытының жағдайы жақсы. «Ақсу ферроқорытпа зауыты» АҚ төрағасы Арман Есенжоловтың айтуынша, зауыт өнімдері – түрлі маркалы болаттың беріктігін ұлғайтуға қажетті хром, кремний және марганец кесектерін өткізу жөнінде жетекші болат қорыту компанияларымен бір жыл бұрын келісім жасалып қойған. Дегенмен мұнда өндіріс қалдықтарын басқару мәселесіне үлкен мән беріледі, тіпті ол алдыңғы қатарға шығарылған.
Зауытта қалдықсыз өндіріске жету мақсатында жүзеге асырылатын көлемді инвестициялық жобаның бірі агломерациялық цехтың құрылысы болды. Оның мақсаты – өндіріс қалдықтарынан пайдалы заттарды шығару. Цех өнімділігінің жалпы көлемі 350 мың тоннаны құрайды: 270 мың тонна хром агломераты және 80 мың тонна марганец кені. Зауыттың жоғары технологиялық жаңа өндірісі автоматтандырудың ең жоғарғы деңгейінде, шығатын қалдықтарды жабық циклмен кәдеге жаратудың арқасында экологиялық жағынан қауіпсіз. Қазіргі кезде жылдық қуаты 150 мың тоннаны құрайтын күйдірілген анод шығаратын цех салынуда. Анод – алюминий өндірісінде негізгі шикізат көзі. Әзірше зауыт оны Қытайдан сатып алады. Жаңа жоба жүзеге асқан соң, өзі шығарған анодты пайдаланатын болады. Жалпы құны 240 млн долларды құрайтын жоба 2012 жылға дейін жүзеге асырылуы тиіс. Ал инвестициялар қазақстандық үлесті арттырып, отандық өндірістің импортқа тәуелділігін азайтады.
Венгриядағы апат қайталанбайды
Венгриядағы алюминий өндірісі қалдықтарының Дунайға түскені жөніндегі хабар бүкіл әлемді дүрліктірді. Бұл Павлодар зауытының да қалдықтарына қатысты көп сауал туындатты. Алайда алаңдаудың жөні жоқ сияқты. Себебі зауыт алюминий өндірісінде экологиялық тәуекелді басқарудың халықаралық стандарттары мен талаптарына сүйенеді. Тіпті олардан өркениетті Еуропа үлгі алса да болады екен.
Глинозем өндіру кезінде пайда болатын қызыл боксит қалдық қала сыртына жеткізіліп, арнайы «карталарда» сақталады. Қоймаға түскенге дейін қалдық қосымша өңдеуден өтеді. Соның нәтижесінде 60 пайызы кальцийден, 14 пайызы темір оксидінен, 26 пайызы инертті материалдардан құралатын сусымалы материал пайда болады.
«Қазақстан алюминийі» мамандары қолданыстағы тәжірибе қалдықтардың Ертіс өзеніне түсуін болдырмайды деген пікірде. Одан басқа, қалдықтың цементтелетін қоспасы қатып, тозаңның тарауына да кедергі болады. Айта кетейік, шламды жол құрылысына да пайдалануға болар еді. Әйтсе де ол – басқа әңгіме.
«Қазақстан алюминийі» АҚ төрағасы Алмас Ибрагимовтің айтуынша, қалдықтардың ауаға таралуына қарсы күрес – компанияның табиғатты қорғауға бағыттаған басты мақсаты. Мәселен, 2007 жылдан бері глинозем өндірісінің көлемі 103 мың тоннаға артты: 1537 мың тоннадан 1640 мың тоннаға жетті. Тек қатты заттардың ауаға таралуы артқан жоқ: бұл көрсеткіш 2007 жылдың деңгейінде қалған.
4 қазанда Венгрияның Ajka Timfoldgyar зауытында жойқын апат болғанын білеміз. Глинозем шығаратын осы зауытта қызыл қалдықтың сыртқа таралуы Венгрия тарихындағы ең жойқын экологиялық апат ретінде тіркелді. Қызыл шлам құрамындағы сілті мен ауыр металдардың қоршаған ортаға келтіретін зияны орасан. Адам ағзасына да қауіпті, теріге тисе, күйдіріп жіберетін қасиеті бар. Ajka зауытындағы резервуардан аққан улы зат (бір миллион текше метрге жуық) зауыт маңындағы көшелер мен үйлерді басып, 40 шаршы шақырым жерге жайылды. Мамандар осы апаттың зардабын жою үшін кемінде 12 ай қажет болатынын ескертті. Өзге тірлікті былай қойғанда, улы қалдықтар түскен топырақ қабатын қазып алып, жою қажет еді.