«Қабірстандағы» «кластерлік жүйе»
Өткен ұлу жылы өмірге келген сәбилер саны 380 мыңға жуық. Бұл, әлбетте, Қазақстанға қатысты демографиялық статистика. Өмір бар жерде өлім бар: 2012 жылы 141 мыңнан астам азаматымызбен қош айтысыппыз. Иә, дүние есігін енді ашқан періштедей бейкүнә өмірдің қасында өлім туралы айту тіпті құлаққа түрпідей тиеді, келісеміз. «Адам өмірге жылап келіп, жылап кетеді» деген нақыл сөздің пәлсапалық мағынасын ұқсатып пайдалансақ, заманына қарай жұртшылық «қазақ бала туылғанда да шашылады, адам өлгенде де шашылады» деген мақал шығарып алып жүр. Өйткені, жерлеу рәсімдеріне қатысты айтпағанда, өзектіге бір келетін өлімнен кейін бұйыратын жердің өзі қазір қымбатқа түседі. Ескерте кетейік, әңгіме ұлтарақтай жер үшін ұлардай шулап жататын алматылықтарға ғана қатысты.
«Төрімнен көрім жақын» дейтіндер «қабірстан» жақты көбірек ойлай ма дейміз. «Нарық заманының наркескен заңдылығы ол жаққа да жат емес екен» дегенді естіп алаңдағандықтарынан болар. Сол себепті де алдын ала жер дайындап қою үйреншікті жағдайға айналып барады. Тіпті әлі сап-сау кезінде балаларына аты жаман аманат жүктеп жатады. Ал балалары аманатқа қиянат жасасын ба? Міне, «қабірстандағы» жер саудасының барған сайын қыза түсуінің себеп-салдары қайда жатыр.
«Шалымыз екеуміз 60-тан асып барамыз. Қанша өміріміз қалды? Таныс тауып, Боралдай жақтан екі жер сатып алдық», – дейді әлі де тың бір апайымыз. Енді біреу әкесін ақтық сапарға шығарып салуға барғанда тегіс жер таба алмай, зиратты аралап жүріп көргендегісін айтып жағасын ұстады. «Қарасай ауданы аумағында орналасқан зират жақтан төрт-бес адам сыйып кететін жерді біреулер алдын ала меншіктеп алып, қоршап тастапты. Ал әзірге ол жерге бір-ақ адам жерленіпті. Негізі, мұндайдың бірнешеуін көрдік. Жер қалмаған десем де болады, амал жоқ, еңістеу болса да, әйтеуір, бір орын тапқанымызға риза болдық», – дейді ол. Тағы бір азаматтың әңгімесі: «Енем қайтыс болып, жер сұрай барған едік, ЖШС қызметкерлері «егер қаласаңыз, шеткерірек жақта әрі тегіс, әрі бұрыштары түп-түзу бір жер бар. Ұнаса, 120 мың теңгеге сата аламын. Әйтпесе бұл маңда тіпті аяқ алып жүретін жер қалмады ғой» дейді. Онысы рас, зираттар барған сайын тығызданып, шекарасы қалаға қарай жылжып барады екен. Алайда саудаға салғандары қай сасқандары?» «Жерді алдын ала алып, оны қоршап қойып, тіпті тасын да орнатып қоятындар да бар екен. Тасқа туған жылын жазады да, өлген уақыты бос тұрады» дегенді естіп жатырмыз.
Негізі, жер тегін берілуі тиіс емес пе еді? «Элитный» саналатын зиратта баға тіпті ұшып тұр. Қайтыс болған жақыныңызды Кеңсай зиратында жерлегіңіз келсе, онда 5 мың долларға шығынданасыз. «Кеңсай зираты – Алматы қаласында орналасқан қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғаларды жерлеуге арналған мұсылман зираты. Танымал тұлғалардың пантеонына айналған Кеңсей зираты Алматы қаласының шығыс бөлігінде орналасқан. Кеңсай-1 және Кеңсай-2 болып екіге бөлінеді» деп, бұл жер тіпті ашық энциклопедияға енген. Алайда Уикипедияда айтылғандай, онда қазір тек қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғаларды ғана емес, қалталыларды да жерлейді. Сұраныс артқан сайын, ондағы баға жылдан-жылға қымбаттап барады. Өйткені жер азая түсуде.
Демек, Алматы қаласы маңындағы зираттардан жерді өзіңіз таңдап алғыңыз келсе, онда бағасы – 120 мың теңге мен 5 мың доллар көлемінде. Әрине, тегін бұйыратын жерлер де бар. Сатылатын жерлермен салыстырмалы түрде айтсақ, «қарапайым аруақтарға» ол «жоқтан жақсы».
Кластерлік жүйе құру елімізде анау айтқандай оңай шаруа емес. Дамудың алғышарты саналатын бұл құрылымды, қанша жанталассақ та, дамыта алмай отырмыз. Есесіне, зираттар маңындағы «кластерлік жүйе» қарқынды жұмыс істеп жатыр. «Кластерлік жүйе» емей немене, мәселен, Боралдайдағы жалпы зираттың кіреберісіндегі қаз-қатар орналасқан ғұрыптық рәсімдердің ақылы қызметі қызу жүріп жатыр. Өзге дін өкілдерін айтпай-ақ қояйық, мұсылмандарды жерлегенде ақшаң болса, барлығын сол маңнан табасың. Жерді қазатындар, зиратты қоршап, оның тасын орнататындар сақадай сай тұрады. Айтпақшы, тасын орнатып, қоршап беру – көпшілік зираттарда 250-300 мың теңге аралығында.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Иман» журналының бас редакторы Оңғар қажы Өмірбек бұған кінәлі адамдар емес, билік деп санайды.
– Осының барлығы, «Өлім бардың малын шашады» демекші, жерлеуге кететін шығынның аз еместігін аңғартса керек. Ауылда жер мәселесінде ешқандай қиындық жоқ. Алматы қаласы мен оған жақын маңда орналасқан зираттардың барлығы жекеге өтіп кеткен. Жергілікті әкімдіктер әу баста оған жол бермеулері керек еді. Осыдан кейін иелігіндегі жерді қалай пайдаланса да еріктері бар ЖШС-лар ойларына келгенін жасамай қайтеді. Нарық заманында бұл – заңды құбылыс. Оларға тоқтау салудың бірден-бір жолы – зираттарды Үкіметтің құзырына қайтып алу.
Жалпы, алдын ала жер дайындап қою – көп дінге жат емес. Мұсылмандар үшін ертеден келе жатқан үрдіс. Алайда осы үрдісті өз мүддесіне пайдаланып отырғандар барған сайын шектен шығып барады. Зираттардағы жерлердің сатылып, тіпті әрқайсысының белгіленген құны бар екендігін естіп жатырмыз. Бұл – жақсы нәрсе емес. Құзырлы салалар араласып, тәртіп орнатпаса болмайды.
Білгіңіз келсе...
Алматы қаласындағы зираттар мыналар: «Орталық», «Рысқұлов», «Солтүстік», «Батыс» (Боралдайдағы) және «Кеңсай». Орташа есеппен айтсақ, жалпы, жерлеу рәсіміне кететін шығын 100 мың теңгенің төңірегінде екен. Қазақстанның әр өңірінде баға әртүрлі. Сонымен, Ақтауда – 40, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды жақта – 35, Қостанайда – 45, Петропавл, Көкшетауда – 30, Қызылорда, Шымкентте – 25, еліміздің ірі мегаполистері Астана мен Алматы қалаларында 60 мың теңге екен. Ал Германияда жерлеу кезінде немістердің 3 мың евро көлемінде шығындануына тура келетін көрінеді. Оның жартысын сақтандыру компаниялары төлесе, қалғанын адамдар өз қалталарынан шығарады. Германиядағы бағаның неге сонша қымбатқа түсетінін түсінуге болады. Жер аумағы 357 021 шаршы шақырым болса, халқы 82 миллионға жуық. Ал біздің жеріміз 2 724 900 шаршы шақырым болса, санымыз 16 миллионнан астам ғана. Ондай болса, Алматы қаласындағы Кеңсай зиратындағы жердің 5 мың долларға (оның үстінде жерлеу рәсіміне жұмсалатын қаражат тағы бар) сатылатынын түсіну қиын.