Прорва кен орнына – 50 жыл
Мұнайшылардың биылғы кәсіби мерекесі – Прорва кенішінің елу жылдығымен тұспа-тұс келді. «Ембімұнайгаз» АҚ-ға қарасты кен орнының тарихы тереңде жатыр. Мұнда кешегі күні «қара маржан» тасқынын арттырған ардагер мұнайшылардың ізбасарлары табысты еңбек етуде. Мерейтой құрметі де осынау кенішті игерген ардагер мұнайшылармен бүгінгі толқынның қажымас қайрат-жігерлері мен ерен еңбектеріне арналды. Прорва төріндегі «Каспий самалы» вахталық қалашығы бұл күні салтанат құшағында болды.
ТАРИХҚА КӨЗ ЖҮГІРТСЕК...
...Атырау аумағындағы ірі мұнай алаңдарынан тұратын, тұзкүмбезді құрылымнан орын алған бұл жерде 1959 жылы алғаш рет геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілген еді. Төлеш Құлгелдиев басқарған жұмыс тобы Каспий ойпатының оңтүстік-шығысындағы Прорва қойнауына бұрғы бойлатты. Нәтижесінде «Прорва» атты алғашқы барлаушылар мекені пайда болды. 1960 жылы 11 тамызда №1 барлау ұңғымасынан тұңғыш мұнай-газ бұрқағы атқылады. Екі жылдан кейін терең бұрғылау мекемесі құрылып, Орта және Шығыс Прорва кен алаңдарында бұрғылау жұмыстарының көлемі кеңейе түсті. Кейін 17 барлау ұңғымасы қазылып, сынақтан сүрінбей өтті. Кенді алаңның тынысы кеңейе түсті, бұрын мұнайшы бөлімшесі ғана болған Прорва енді мұнай кәсіпшілік басқармасына айналды. Басқарманың басшылығына біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығымен ерекшеленген Сағидолла Нұржанов тағайындалды, бас инженер лауазымы Құмар Балжановқа, бас геолог қызметі Орынғали Есқазиевке тапсырылды. Кен орны пайдалану қорындағы сол кездегі алты ұңғыманың өзімен ғана тәулігіне 194, жылына 53 632 тонна өнім беріліп тұрды. Ең жоғарғы өнімге – рекордтық көрсеткішке кәсіпшілік 1978 жылы қол жеткізді. Бұл кезеңде Прорва кәсіпшілігі бойынша 103 ұңғымадан 1 млн 503 мың 894 тонна қара алтын өндірілді.
Сағидолла Нұржанов жетекшілік еткен кәсіпшілік басқармасының құрылған уақыты Прорваның туған күні ретінде тарихқа енді. Ал тұңғыш мұнай бұрқағы атқылаған кен орны 2003 жылдан бастап оның есімімен аталады.
Уақыт озған сайын, қара алтынмен қызметке де жаңалықтар еніп келеді. «Прорвамұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы 2005 жылдан бастап, өнім өндіруде жаңа технологиялық әдіске көшті. Қабатты гидрожару арқылы жүзеге асқан бұл шаралар оң нәтиже беріп, прорвалықтарды тың өнім тасқынын алуға бастады. Бұл – кен орнының үшінші өрлеу кезеңіне жол ашылды дегенді аңғартса керек. Батыс алаңда бұрғылау басталып, 2011 жылдарға дейін 10 жаңа барлау ұңғымасы қазылып, сынақ жұмыстары жүргізілді. Жаңа геологиялық триас қабатының моделі жасақталып, оның қуаты мұнай қабатының қалыңдығымен жоғары бағаланып отыр.
ЕҢБЕГІҢ ЕЛЕНСЕ – БІР БАҚЫТ
Мерекелік шараның шымылдығын «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бишілері ашып, әсем билерімен дала сахнасының көркін келтірді. «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Амангелді Сүлейменов Прорва кен орнының кешегісі мен бүгіні жайлы тереңінен қозғап сөз сөйледі. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Абат Нұрсейітов пен «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры Жұмабек Жамауовтар да ақжарма тілектерін арнады. Үлкендер өткен-кеткенді сөз қылып, өмірлік тәжірибелерімен бөліссе, жастар спорттық ойын түрлерінен жарысқа түсті. Қарт Ембінің қара шаңырағы атанған Прорва кеніші жарты ғасырлық тойын мәнді де сәнді өткізгенін осыдан-ақ аңғаруға болар.
Мереке күнінде Прорвада және Құлсарыдағы «Кең Жылыой» мәдениет үйінде өңірді игерушілер мен өндірістік майталмандардың құрметіне арналған салтанатты шара өтті. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның бас директоры Абат Ақмұқанұлы мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрлігінің Құрмет грамотасымен цех бастығы Мұқашев Қабдырахманды, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның Құрмет грамотасымен «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-ның құрылыс жөніндегі қызмет бастығы Қайырғали Бақтығалиевті, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы» АҚ-ның Құрмет грамотасымен инженер-механик Қалибай Бапаевты, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-ның Құрмет грамотасымен автокөлік жөндеуші Жұмабек Ғазизовті және алғыс хатымен мұнай дайындау және айдау цехының ауысым шебері Манас Манкишев пен автоматтандыру қызметінің бірінші санатты маманы Жігер Жақашевті марапаттап, омырауларына «Прорва кенішіне – 50 жыл» төсбелгісін қадады. «Қазэнерджи» Қауымдастығының медаліне басқарманың өндірістік-техникалық қызметі бастығының орынбасары Мейрам Андиров, Құрмет грамотасына мұнай-газ өндіру операторы Мұхамбетжан Сыдықов, алғыс хатына мұнай-газ өндіру операторы Онайбай Ембергенов және өндірістік мұнай жабдықтарын жөндеуші Бауыржан Иманғалиевтер ие болды.
Мұнайшы-ардагерлер де сый-құрметтен қалыс қалмады, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бас директоры Жұмабек Қадірбайұлы мұнай-газ саласын дамытуға қосқан ұзақ жылғы жемісті еңбегі және өндірісте қол жеткізген зор жетістіктері үшін «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Құрмет грамотасымен мына қызметкерлерді марапаттады: Наукенов Мақсот – басқарманың бас технологі, Самалықов Саламат – мұнай дайындау және айдау цехының бастығы, Бисенқұлов Қонысбай – еңбек және қоршаған ортаны қорғау инженері, Самат Төлешов, Ғабит Есенов – жерасты жөндеу операторлары, Мұрат Төлешов – мұнай-газ өндіру шебері, Қайыржан Тоқсанов – механикалық жөндеу шеберханасының шебері.
Атырау облысы әкімінің алғыс хатымен мұнай-газ өндіру операторы Зияш Тәңірбергенова мен өндірісті автоматтандыру қызметінің бастығы Дүйсенғали Аяповты Жылыой ауданы әкімі Мақсым Ізбасов марапаттады. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ мен «Ембімұнайгаз» АҚ кәсіподақ комитеті тарапынан ұзақ жылғы қажырлы еңбектері үшін ондаған мұнай саласы қызметкерлері бағалы және ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Мерекелік марапаттау кезіндегі ерекше тоқталар бір тұс – алты жұмысшыға, атап айтқанда мұнай-газ өндіру операторлары Онайбай Ембергенов, Есенбай Көрпебаев, Нұрберген Тапалов, мұнай дайындау және айдау цехының операторы Сағынғали Әбдірахман, жерасты жөндеу операторы Сәлімжан Адаев және технологиялық көлік колоннасының машинисі Ильдар Қуаналиевтерге автокөлік кілтін тапсыру рәсімі болды. Ел үшін еткен еңбектің еленгені де бір бақыт!
Мұнайшылар Мәдениет үйінде көрсетілген «Прорва – 50 жыл» атты деректі фильм және прорвалықтар туралы кітаптың тұсаукесер рәсімі де жиналған көпшіліктің көңілінен шықты.