Наурыз көжені дайын өнім ретінде өндіріске енгізу қажет пе?
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі жақындаған сайын әр отбасы Наурыз көже істеуді міндетім деп санайды. Тіпті көже жасауды білмейтін жас келіндер үлкен кісілерден наурыз көжені қалай істеудің әдіс-тәсілін сұрастырып, тәжірибе алмасып жататын жайттар да кездеседі...
Тереңіне үңілсек, Наурыз көженің қасиеті мен құрылысы тым ерекше. Қазірде ғалымдар көженің адам бойындағы қажетсіз микробтарды жойып жіберетін қасиеті бар екенін жиі қаузап жүр. Әйтсе де бойына айрықша қасиет жиған бұл асты дайындау оңай шаруа емес. Дәмі тіл үйіру үшін оған міндетті түрде сүр ет қосу керек. Сондай-ақ көжеге қосылатын басқа да дәмдерді нақпа-нақ дәл қоса білу де үлкен шеберлікті қажет етеді. Жасыратыны жоқ, қазірде Наурыз мейрамдарында дайындалып жүрген наурыз көженің белгілі бір технологиясы, құрамы, дәмі, стандарты көңілімізден шықпай да жатады. Көжені кім қалай естісе немесе бір жерден оқыса, біреуден үйренсе солай жасап жүр. Ал енді жылдар өте келе осы ұлттық дәміміздің сапасы одан әрі төмендеп кетпесіне кім кепіл?! Тіпті кей сәттері «компьютердің құлағында ойнауды мақсұт тұтып жастар уақыт өте келе Наурыз көжені жасауға, оның қасиетін білуге бейіл танытар ма екен» деп те ойланасың...
Не істеу керек?
Жалпы, қазірде елде жаппай агро-өнімдерімізді қолдау үрдісі жүріп жатыр. Бұл ретте агро-өнім шығаратындарға қаржылай көмек беру; банктердің бетін ауылға бұру; ауыл шаруашылық өнімдерін шығарушыларға субсидия дотация бөлу тәрізді шаралар легі атқаралып-ақ келеді. Ендігі кезекте осы ұлттың шөлін басатын, халықтың денсаулығына оң әсерін тигізетін сусындарымызға да белгілі бір қолдау керек тәрізді. Бұл ретте мамандар «қымыз-шұбат өндіретіндер өз алдына, жаңағы наурыз көжені жасау үшін де белгілі бір жүйе қажет» деседі. Мәселен, бұған қатысты Қазақ ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары «Бүгінде қымыз-шұбат, наурыз көже, айран, қымыран тәрізді сусындарымыздың құнарлылығы, адам ағзасына тигізетін пайдасы әбден зерттеліп, нақтыланып болды. Ендігі кезекте біз осы сусындарымыздың кеңінен таралуына мүмкіндік жасауымыз қажет» дейді. Мамандар бір ғана наурыз көженің кеңінен таралуы үшін мынадай жайттарға басымдық беруіміз керектігін алға тартады:
А) Наурыз көженің ішіне жеті түрлі ас қосылатындықтан, көжені жартылай дайын өнім ретінде шығару керек. Ол үшін наурыз көжеге қосылатын дәмдердің басын біріктіріп арнайы қапшықтарға салып сыртына өнімнің құнарлылығы мен қасиеті жөнінде кеңінен мағлұмат берілуі қажет.
Ә) Наурыз көжені, қымыз бен шұбат тәрізді арнайы құтыларға құйып дүкендерде сатылатын етіп жасаған абзал.
Б) Көжені жасаудың технологиясын дамытып, оны арнайы заңмен бекітіп қазақтың төл өнімі ретінде патентеп меншіктеген абзал.
В) Наурыз көженің ағзаға пайдасы дәйім насихатталып отыруы тиіс.
Міне, мамандар болашақта Наурыз көженің жасалу технологиясында кемшіндік кетпеуі үшін сондай-ақ халыққа кеңінен таралуы мақсатында осындай ұсыныстарға назар аударылғаны жөн деседі.
Көжені баптау да бар сақтауда бар...
Негізінен мамандар наурыз көжені баптап қана қоймай, оны сақтаудың да бірнеше тетіктерін ойластыру қажеттігін алға тартады. Бұл ретте биология ғылымының кандидаты Жандос АЙТБАЕВ: «Наурыз мерекесі басталысымын наурыз көжені жасау, оны дайындау науқаны басталады. Осындай сәтте көжені сақтау барысында санитарлық талаптар сақтала бермейді. Әсіресе қаланың кез келген бұрышында көжені сатылымға шығаратындарға қатаң ескерту болса жөн болар еді» дейді.
Жалпы, ғалымдардың пайымдауынша, наурыз көжені жартылай өнім ретінде дайындап қана қоймай, наурыз көжені қатырып одан арнайы таблеткалар шығарып сақтауға да болады. Бұған қатысты сарапшы-ғалым Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ:
- Қазірде ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласында жүрген мамандарымыз қымыз-шұбат тәрізді сусындарымызды құрғатып, қатырып оны таблеткаға айналдыруға болатынын дәлелдеп жүр. Байыптағанға, жаңа технологияның қуатымен жүзеге асатын бұл әдіс біз үшін өте тиімді. Бүгінде көп адамдардың қымыз сатып алуға, наурыз көже жасауға, шұбат тұтынуға мүмкіндігі бола бермейді. Демек, осы өнімдерден арнайы таблеткалар жасап, оны дәрумендер іспетті етіп шығарсақ құба-құп болар еді. Қазірде жапондар қазақтың наурыз көжесінің ағзаға тиімділігіне таңдай қағып, оны зерттеу үстінде. Сондықтан болашақта осы өнімді шығарғысы келетін кәсіпорындардың құлағына алтын сырға делік, болашақта өнім құндылығын сақтау үшін өнімге қосылатын қоспалардан арнайы таблеткалар жасаса жөн болар еді, - деді.
Сөйтіп, мамандарымыздың дені наурыз көжеге қатысты жаңашылдыққа ұмтылу қажеттігін, қуатты технологияны пайдалана отырып бұл өнімнің өзіндік брендін қалыптастыру қажеттігін алға тартты.