Кремнийден – күн қуатына дейін
Күннің көзін электр қуаты ретінде пайдалануда кремний өндірісінің маңызы зор. Экономикасы алға басқан алпауыт елдердің бірқатары сондықтан да кремний өндіруге ерекше ден қойған. Бұл ретте Алматы облысының Қаратал ауданындағы «Қазсиликон» металлургиялық комбинаты» ЖШС – металдың осы түрін өндіруді жолға қойған еліміздегі бірден-бір кәсіпорын. Ол Жылыбұлақ ауылының маңында орналасқан Сарыкөл кен орнының кварц ұнтақтарын шикізат ретінде пайдаланып отыр. Кәсіпорын немістің соңғы технологиясымен Қытайда жасалған металлургиялық құралдармен жабдықталған. Мұндағы заманауи пеш тәулігіне 12 тонна кварц балқытады. Өткен жылы 2000 тонна өнім шығарса, биыл одан едәуір жоғары көрсеткішке қол жеткізуді межелеп отыр. Жалпы, зауыттың қуаты жылына 5000 тонна металлургиялық кремний шығаруға жетеді.
Кәсіпорынның іргесі ертеректе қаланғанымен, тек соңғы екі жыл көлемінде ғана оның жаңа тынысы ашылды. Сарапшылар Сарыбұлақ кен орнының кварцы мен «Қазсиликон» өндірген кремнийді бақылаудан өткізіп, оның сапасының жоғарылығын анықтағаннан кейін Қазақстан мен Франция арасында кремний өндірісін жандандыру жобасы қолға алынды. Сөйтіп, «Қазсиликон» ЖШС «Қазатомпром» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны ретінде үш кезеңнен тұратын «Kaz PV» қазақстандық кремний негізінде фотоэлектрлі модуль өндірісін құру» жобасының қатысушысы болып, баламалы энергетиканы, яғни кремнийлік күн энергетикасын дамытуға үлес қоспақ.
Үш кезеңнің «Қазсиликонға» тиесілі алғашқы кезеңі – кен орнынан кварц ұнтақтарын алып, сапалы металлургиялық кремний өндіру бүгінде сәтті жүзеге асырылып келеді. Мұнан кейінгі қадам – дайын кремний Өскемен қаласына өңдеуге жіберіліп, одан әрі Астанаға күн батареялары өндірісіне жөнелтіледі. Алғашында Батыс Еуропа, Жапония елдеріне экспорттауға бағытталған өндірісте, сөйтіп, қазақстандық мазмұн үлесі арта түсетін болады.
Кремнийдің силикон резеңкелерін, оптикалық шыны, күн модулі, түрлі химикаттар, көптеген электроника бөлшектері, телекоммуникация және компьютер жүйесі секілді технологиялық жабдықтардың 60-тан астам түрін өндірудегі рөлін ескеретін болсақ, бұл саланың болашағы зор екені айтпаса да түсінікті.
Айта кетерлік бір жайт, бұл комбинат жуырда облыста өткен «Қазақстанның үздік тауары» конкурсының жеңімпазы атанған. Енді республикалық байқауда бақ сынайтын болады. Және 2017 жылы ЕХРО көрмесіне де қатысуға дайындық үстінде.