Кәсіподақтар еңбеккерлердің мүддесі мен құқықтарын толыққанды қорғауға әлі де дайын болмай тұр
Гүлнәр Насимова, саяси ғылымдар докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультеті, саясаттану кафедрасының меңгерушісі:
– Жуырда Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» деген мақаласында еңбек адамының мәртебесін көтеру, халықты еңбекке ынталандыру туралы үлкен мәселе қойып, бүгінгі күні Қазақстанда еңбек даулары мен жанжалдарын реттеу, ескеру және алдын алу тетіктері жақсы дами алмай отырғанын атап өткен болатын. Осы ретте конфликтілерді зерттеуші ғалым ретінде еңбек дауларын реттеудің механизмі қандай болуы керек дер едіңіз?
– Еңбек саласындағы дау-жанжал деңгейі бүгінгі қоғамның моральдық-психологиялық көрсеткіштерін дұрыс бағамдауға, белгілі бір себептерден туындайтын терең әрі қатпарланған әлеуметтік-экономикалық қайшылықтарын айқындауға септігін тигізеді. Егер оның нақты себептеріне назар аударсақ, жалақының уақытында берілмеуі, еңбекақының төмендігі, қызметкердің өмірлік маңызды тұтынымының толық өтелмеуі, ынталандыру жүйесінің әлсіздігі, еңбекақы қорын әділетсіз үлестіруі, жұмыс берушілердің ұжымдық келісімшарттарды орындамауы, тіпті әкімшілік тарапынан еңбек заңнамасының бұзылуы т.б. екеніне көз жеткіземіз. Өкінішке қарай, Қазақстанда әлеуметтік әріптестік жүйесі тиімді түрде жүзеге асып жатқан жоқ. Сол сияқты кәсіподақтар да еңбеккерлердің мүддесі мен құқықтарын толыққанды қорғауға әлі де дайын болмай тұр. Әлсіз кәсіподақтар ұжымдық келісімдердің өз деңгейінде іске асуында пәрменділік көрсете бермейді, бұл өз кезегінде еңбек саласындағы тұрақсыздыққа душар етіп жатады. Бұған елдегі кәсіпорындарда ереуілдердің орын алып жататыны дәлел. Жұмысшылар өз талаптарын нақты жүйелеуге дағдыланбаған және манипуляцияның жетегіне оңай еріп кетуі мүмкін. Қазақстанда медиация институты тиімді жолға қойылмай отыр және конфликтілердің алдын алуға бағытталған азаматтық қоғам институттары жұмыс істемейді. Мемлекеттік органдардың еңбек дауларын реттеудегі рөлін мойындау керек. Оның үстіне, мемлекеттік органдардың араласуынсыз көптеген дау-жанжалды реттеу ақырында саяси рең алып кетеді. Қатаң вертикалды жолмен қоғамды тұрақтандыруға қол жеткізу қысқа мерзімді тиімділік әкелуі мүмкін, ал кері байланыс институтынсыз тұрақтылықты қамтамасыз ету орнықты сипат бере алмайды.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» деген мақаласында еңбек дауларын бейтараптандыру туралы өте орынды ұсыныстарын білдірді. Біз конфликтілердің салдарымен емес, бұған жол бермеу мәселелерімен көбірек айналысуымыз керек. Елбасы атап өткендей, мәселелерді оңтайлы шешудің төте жолы – Қазақстандағы әлеуметтік әріптестік жүйесін жетілдіру, оның саяси-құқықтық базасын құру.
Меніңше, ұжымдық келісімдер жүйесінің функциясын кеңейту, еңбек ұжымындағы конфликтогендік факторлар мен әлеуметтік шиеленістің пайда болуының көздерін дер кезінде анықтау, «Қазақстан Республикасының Еңбек туралы» Заңының дұрыс орындалуын қадағалау, жұмысшылардың құқығының бұзылғаны үшін айыппұл санкцияларын қатаңдату керек.
– Әлем жаһандануға бет бұрған сайын, елдер арасындағы интеграция тереңдеген сайын локалды жанжалдар мен кикілжіңдердің қара бұлты қоюланып, шиеленістердің табиғаты да құбылып бара жатыр. Мәселен, Сирия ірі күштердің мүдделері қайшыласқан нүктеге айналды. Сириядағы тұрақсыздықтың астарында не жатыр?
– Сирия әртүрлі топтардың мүдделері қайшыласқан ішкі қақтығыс жағдайында қалып отыр. Сириядағы жанжалдың түпкі себебі қоғамды жайлаған өткір әлеуметтік мәселелерде жатыр. Сонымен бірге сол елдің билігінің шалыс қадамдары да қоламтаға май құйды. Дегенмен Сирия аймақтық қана емес, ғаламдық саясаттың шылауына түскендіктен, сыртқы факторларды елемеуге болмайды. Батыстың қыспағындағы Сирияны Ресей, Иран және Қытай қолдайды. «Сирияға қарсы сыртқы агрессияның мақсаты – режимді төңкеру арқылы Иранның аймақтағы позициясын әлсірету» дейтін сарапшылардың пікірлері негізсіз емес. Ал Иран – Ресей мен Қытайдың маңызды одақтасы. Ресей Жерорта теңізі аймағындағы жалғыз одақтасынан айырыла салуы мүмкін бе? БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде бірін – Ресей, екіншісін батыс елдері әзірлеген Сирия жөніндегі екі бірдей қарарды қарастыруы кездейсоқтық емес. Сондықтан бұл конфликтіні реттеу Сирияға ғана байланысты емес, өйткені бұл өңір – өте көп мүдденің тоқайласқан тұсы.
– Еліміздің Тәуелсіздігімен бірге алғаш рет саясаттану ғылымы қанат жайды, отандық саясаттанушы мамандарға сұраныс артты. Қарашаңырақ ҚазҰУ-дың саясаттану кафедрасы төл сарапшылар даярлайтын бірегей ұстахана іспетті. Саясаттану мамандығын даярлауда қандай қағидаттарға басымдық бересіздер, саясаттанушы сарапшылар елімізге не береді?
– Расында, бұл – өте өзекті мәселе, осы тұрғыда ҚазҰУ-дың саясаттану кафедрасында мемлекетімізге аса қажет кәсіби саясаттанушыларды даярлау жүзеге асырылып жатыр. Оның үстіне, биыл Елбасы Н.Назарбаев «басқарушылардың білікті саяси табын» даярлау туралы маңызды міндет қойғаны мәлім. Саясаттан тыс тұру мүмкін емес. Саясатқа қызықсын-қызықпасын, қолдасын-қолдамасын, адамдар әрқашанда өзі сүріп отырған мемлекеттің тағдырына бейжай қарай алмайды. Қоғам өмірінің барлық саласы мемлекет жүргізетін саясатпен тікелей байланысты. Саясаттану – қазіргі кезде ғылымның динамикалық қарқынды дамып келе жатқан бағыты. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда бізде кейбіреулер саясат туралы қарапайым білім алмай жатып, өзін саясаттанушы деп атап қана қоймай, саясатпен тікелей айналысып кетіп жүр. Осы орайда, менде «нақты саяси процестер туралы білімі жоқ адам сондай зор жауапкершілікті толық атқарып шыға ала ма, саяси шешім қабылдау барысында жалаң эмоцияға берілген адамдардың пікірлеріне еріп кету керек пе?» деген сияқты сауалдар туындайды. Саясаттану саласында да медицина ғылымы секілді маманның компетенттілігі, тәжірибесі мен біліктілігі өте маңызды мәселе болып табылады. Сайып келгенде, оның қателіктері саяси саладағы мемлекеттің ішкі-сыртқы позициясына, адамдардың мүдделеріне залалын тигізуі мүмкін. Сондықтан саясаттанушының қоғамдық тұрғыдан аса маңызды міндеті – саяси өмірдегі оқиғаларды жоғары мемлекеттік деңгейде ғана емес, халықпен етене жақын өңірлік ауқымда да түсіндіруі керек дер едім. Халыққа болып жатқан немесе ықтимал оқиғалардың шынайы сипатын дер кезінде түсіндіру арқылы конфликтілердің алдын алып, қоғамдағы саяси тұрақтылықты баянды ете аламыз. Егер саясаткерлер осындай сарабдал саясат жүргізсе, ал саясаттанушылар олардың іс-әрекетіне баға береді. Қазіргі кезде мемлекеттік қызмет, саяси технологиялармен айналысатын агенттіктер, қоғаммен байланыс бөлімдері, ғылыми және сараптамалық орталықтар, бұқаралық ақпарат құралдары, саяси және қоғамдық ұйымдар тарапынан кәсіби саясаттанушыларға деген сұраныс мол. Әсіресе жүйелі ойлауға дағдыланған, сараптамалық қабілеті зор, қоғаммен байланыс жасауға бейім, шет тілдерін жетік меңгерген кадрлар бүгінгі заманда лайықты орынға ие. Сондықтан біздің саясаттану кафедрасы студенттерге осы бағытта озық білім алып, заманға сай қабілетті, білікті, таптырмас маман болып шығуына мүмкіндік береді.