Кабель үшін утильалым: Қазақстанда әлемде жоқ сынақ жүргізіп келген.

Кабель үшін утильалым: Қазақстанда әлемде жоқ сынақ жүргізіп келген.

"Қазақстанның кабель өнімдерін өндірушілері одағының" өкілі Василий Лебедев AlibekovKz диалог алаңында бұл жаңалықтың маңызын түсіндірді.

 Үкімет кабельден утильалым жинаудан бас тартты. Бұл экономиканың көтерілуіне, өнімдердің арзандауына әсер етуге тиіс.   "Қазақстанның кабель өнімдерін өндірушілері одағының" өкілі Василий Лебедев AlibekovKz диалог алаңында бұл жаңалықтың маңызын түсіндірді.

– Қазақстандықтар көлік, ауыл шаруашылығы техникасы үшін утильалым төлеу керектігін жақсы біледі. Алайда кабель-сым өнімдерінен де кәдеге жарату алымы жиналатынын көпшілік енді ғана естіп білді. Мәжілісте Экология министрі Серікқали Брекешев оның жойылатынын айтты. Мұның елге қандай маңызы бар?

– Негізі, кабель-сым өнімдерін барлық қазақстандық, әрбір отбасы, әрбір үй тұтынады. Қазіргі жоғарғы технологиялар заманында ол күнделікті тіршілікке өте қажет дүние. Сонымен бірге ең басты тұтынушымыз – мемлекет. Бірде бір мемлекет кабель өнімінсіз өмір сүріп, елге қызмет көрсете алмас еді. Бұл өнімсіз бірде бір құрылыс, инфрақұрылымдық жоба жүзеге аспайды. Онсыз сондай-ақ халық пен бизнес электр қуатымен, байланыспен қамтамасыз етілмейтіні белгілі.

Бұл бізді, сала кәсіпкерлерін біраздан бері мазалап келе жатқан мәселе еді және оны үнемі Үкіметке қоюмен болдық: осы стратегиялық маңызды өнімге утилизациялық алым енгізудің қажеті қанша? Бұл көнеріп, қалқиып жататын, қала мен даланың ажарын кетіретін, тот басып, табиғатты ластайтын көлік емес. Қолданыстан шыққан кабель өнімдерінің басым бөлігі онсыз да кәдеге асырылады. Қоқысты толтырып жатқаны бұл емес. Кабельдің іші-сырты қазына: бұрыннан толығымен кәдеге жаратылып келеді. Оны тіпті ұрлаумен айналысатын топтар бар. Өйткені бұл орасан зор табыс әкеледі.

Кабельдің қабық-изоляциясының өзі – жеке тауарлық өнім, мысалы, Ресейде ол гранулят түрінде тіпті биржада сатылады, аса қымбат тұрады. Ал ішіндегі мыс, алюминий одан да қымбат. Мыстың 1 тоннасы 10 мың доллардан, ал алюминий 4 мың доллардан асады. Сондықтан Қазақстанның қаласы мен даласынан жерде жай жатқан кабельді таба алмайсыз.  

 – Үкімет бұл утильалым түрі отандық кабель өндірушілерді қорғау үшін қажет деп дәйектеді.

– Утильалымның лоббистері мұны шынында, қорғаныштық шара ретінде енгізді. Бірақ шынында олай емес. Өйткені ол ақыр соңында Қазақстанның ішкі нарығында бәсекелестіктің шектелуіне соқтырды. Әрине, дәл осындай тетікті бізден бұрын Ресей енгізді. Солтүстік көршіде утильалым көлемі бүкіл өндірілген өнім көлемінің 5 пайызына тең болды. Утилизациялау нормативі сондай болды. 1 тоннасы үшін 2 300 рублдей (12 мың теңгедей) ғана еді.

2019 жылы "ӨКМ операторы" ЖШС мүддесін ілгерілетушілер Еуразиялық одақ аясында заңнаманы, тетіктерді бірдейлендіру дегенді алға тартып, Ресейдегі сияқты, бізде де кабель өнімдеріне утильалым енгізуді ұсынды. Үкімет мұны қолдады. Тиісінше, бірыңғайландыратын болса, бізде де 5 пайыз болуға тиіс еді. Алайда олар қулыққа басты: 5 пайыз өндірілген кабельден емес, елімізде сатылған бүкіл кабель сомасынан, яғни айналымнан есептеледі деп белгіленді. Нәтижесінде, қазақстандық утильалым Ресейдегіден 170 есе көп болып шықты.

Әрине, бұл алым шетелден кабель тасуға тосқауыл бола алмады. Ол тек осы өнімді қымбаттатып жіберді. Қазіргі кезде импорттық кабель өнімдерінің үлесі 70 пайызға дейін жетеді. Шетелден шамамен 400 миллион долларға өнім тасылады. Яғни, "ӨКМ Операторы" осы 400 миллионның 5 пайызын жинауды жоспарлады. Сонда жылына шамамен 20 миллион доллар шығады.

– Ауадан өкіртіп ақша жасау деген осы. Дегенмен, кабель жасайтын өз кәсіпорындарымыз тұрғанда, оны шетелден тасудың қажеті не?

– Үкімет мүшелерінде "егер өзге елдерден кабель өнімдерін әкелуді тоқтатсақ, отандық өндіріс толық жүктеледі" деген ағат, теріс түсінік бар. Бұл дұрыс емес. Қазақстанның ішкі нарығы тым шектеулі. Экономика шағын, өндіріс-индустриялардың барлық бірдей түрі жоқ. Республикада кабелдің небары 1000-1500 позициясы, маркасы ғана кең қолданылады, яғни мол сұранысқа ие. Салыстыру үшін айтсақ, халқының, тұтынушыларының көптігі, сантүрлі салаларда әралуан кәсіпорындардың жұмыс жасауы арқасында Ресейде 170-200 мың (!) маркасы пайдаланылады. Тиісінше, Қазақстанда сирек қолданылатын кабель маркасы үшін тұтас кәсіпорын не желі ашу өзін-өзі ақтамайды, ол рентабельді болмайды. Оны шағын көлемде шетелден әкелген экономикалық тұрғыдан тиімді.

– Қазақстанда кабельге қатысты кәдеге жарату алымы 2020 жылғы шілдеде енгізілді. Содан бері оны төлегендер болды ма?

– Әрине, тасымалдаушылар төлеуге кірісті, Экология министрлігінің дерегінше, жалпы алғанда 120 миллион теңге ғана алым жиналыпты. Бұл өте аз сома. Одан әлдеқайда көп болатын еді, дер кезінде Президент араласып, "ӨКМ операторы" ЖШС-ын жапты. Бірақ бұл утильалымның экономикаға теріс мультипликативті әсері болды. Ол енгізіле салысымен, өнім жеткізушілер бағаларын 5 пайызға дүрк көтерілді. Яғни, импорттаушылар еш зиян шеккен жоқ.

Енді қараңыз: утильалымның осы түрі жойылғаннан кейін импорттаушыларға әлгі жиналған алымы кері қайтарылады, нәтижесінде олар қайтадан пайда тауып, екі жеп биге шығады. Ал содан шығын шеккен ел экономикасының залалы қалпына келмейді. Біздің қауымдастыққа кіретін компаниялар бұл утильалымды төлеген жоқ, бас тартты. Себебі, оны жинаудың ұзаққа созылмайтынын, мемлекетке оны бәрібір жоюға тура келетінін болжап білді, сол үшін күресті.

– Сонымен, енді кабельге қатысты утильалым мәселесіне осымен нүкте қойылды ғой?

– Экология министрі С.Брекешев кабельге утильалым ставкасы нөлге теңестірілгенін, бұл нөлдік ставканың мерзімсіз етілгені туралы шешім қабылданғанын жариялады. Мұны қисынды, дұрыс шешім деп санаймыз. Алайда кабельдің утилизациялық алымы өндірушілердің, импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелері тізімінде қалды. Оны енді сол тізімнен мүлдем жою маңызды. Әйтпесе, "0" деген ставка кейін өсе жөнелуі мүмкін. Өйткені кабель экологияны ластайтын өнімге жатпайды. Ендеше Экология министрлігі болсын, "Жасыл Даму" болсын, кабель өнімдерімен айналыспауы қажет.

Министрлік өкілдерінің аузынан "экологиялық таза кабель" деген терминді естігенде таң қалдық, сонда бұларға әбден ластанған қоршаған ортамызда басқа айналысатын мәселе қалмаған ба? Негізі, кабель өнімдеріне утильалымды алып тастауды мыңнан аса мүшесі бар Қазақстанның құрылысшылары қауымдастығы да, барлық отандық электр тарату компаниялары да, отандық автокөлік құрастыру зауыттары да қуаттап отыр. Қызықтысы сол, Қазақстанда бар 14 кабельдік зауыттың басым көпшілігі – 10-ы кабельден утильалым жинауға қарсы шықты. Өйткені оларға бұдан еш пайда жоқ. Үкіметке басқа қандай дәйектеме керек?!

– Сіздің одаққа отандық кабель өндірушілер де кіреді. Бұл тетік сіздерді қолдау үшін енгізілді. Онда неге қолдамайсыздар?

–Әр нәрсені өз атымен атау керек. Бұл тетік отандық өндірушілерді қолдамайды. Өйткені осы алымды қазақстандық өндірушілер де төлейді, кейін сол 5 пайызын кері қайтарып алу үшін бірқатар талапты орындауы шарт. Ол талаптар экологиялық қауіпсіз кабель өнімдерінің отандық өндірушілерін ынталандыру қағидаларында бекітілген. Талаптар бір-екі пункт, не бір-екі бет емес, тұтас 20 беттен тұрады. Тіпті адал өндірушінің өзі ол талаптардың бәрін бірдей орындай алмауы мүмкін. Ал құжатта бұл қағидаларды орындамаған немесе оларды бұзған жағдайда отандық өндіруші өз қаражатын кері ала алмайтыны көрсетілген.

РОП-тың қалтасында кетеді. Бұл онсыз да рентабельділігі төмен отандық компанияларды банкроттыққа бастауы мүмкін. Бұл сондай-ақ сыбайлас жемқорлық өнетін өріс. Айтпақшы, Ресей кабельге утилизациялық алымды 2019 жылы жойды. Себебі, Үкіметтің тапсырысымен Экономиканың жоғарғы мектебі (ВШЭ) арнайы зерттеу жүргізді, оның қорытындысында бұл тетіктің өндірушілерге де, тұтынушыларға да зиянын тигізеді деген байламға келді. Қазіргі кезде әлемнің бірде бір елінде кабель үшін утильалым жиналмайды. Жалғыз Қазақстан ғана қалған еді. Яғни, жекеменшік оператор Қазақстанда әлемде жоқ сынақ жүргізіп келген.

Sn.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста