Ипотекалық дағдарыс басталып кетті ме?
Күні кеше еліміздің бірқатар Тұрғын үй саласының сарапшылары елдегі ипотека саласының екі иінінен демалып, дағдарып тұрғанын ашық мәлімдеді. Олар «нақ қазір банктерден ипотека алуға халық та құлықсыз, ал жарнамасын жаңғыртып халықты шақыруға банк те құлықсыз» деп отыр. Риэлторлық компаниялардың мамандары мұның себебін ақпандағы девальвациямен байланыстырады. Мысалы, девальвацияға дейін әр екі ай сайын елдегі әр банктің 10 пайыздық тұтынушысы ипотекалық несие алуға өтініш білдірген болса, ал қазір бірде-бір банктің бірде-бір тұтынушысының ипотека алуға құлқы жоқ.
Мәселенің аражігін Алаш айнасы тарқатып көруді жөн санады.
Мамандардың пайымдап отырғандай ақпандағы девальвация ипотека саласына айтарлықтай кері ықпалын тигізіп отыр. Бұл ретте Қазақстан «Халық» банкінің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова былай дейді:
«Девалвацияның салдарынан ипотека нарығы айтарлықтай зардап шегіп отыр. Доллар қымбаттап кетті. Тұрғын үй бағасы доллармен есептелетіндіктен біздегі үй бағасы да қоса қымбаттады. Ал ипотекасын доллар арқылы рәсімдеген халықтың да банктердің алдында борышы өсті. Тіпті борышының бағасы өсіп кеткендіктен халықтың біразы наразылық та білдіруде. Сондықтан бұл жерде халықтың ипотекаға деген сұранысының төмендеуі де орынды» дейді.
Осылайша көк қағаздың ырыққа көнбей еркін айналымға кетуі елдегі онсызда тынысы тарылып тұрған ипотека нарығын одан әрі дағдартып тұр. Бұл жерде біздің «онсызда тынысы тарылып» деп отырғанымыздың себебі: елдегі біраз банктер өткен жылдың күзінде ипотекаға баспана беруді өздеріндегі активтік қордың аздығына байланысты уақытша тоқтатқан еді. Енді биылдан бастап сол тоқтатылған ипотекалық рәсімдеу жалғасын табады деп үміттенгенбіз. Бірақ доллардың қымбаттауы, теңгенің әлсіреуі, банктердің ипотекалық рәсімдеуді тіптен қиындатып жібергені бұл саладағы сұраныс пен ұсыныстың деңгейін тым төмендетіп, қазірде талай баспанасыз қазақтың ипотекамен баспана алуға деген үміті құмға сіңгендей болды.
Бұл ретте «Қазкомерцбанк» АҚ» басқарма төрағасы, Нина Жүсіпова «біздің байқап отырғанымыздай қазір халыққа доллармен ипотека ұсыну өте тиімсіз. Қазірдің өзінде банктен ипотека алған қауымның қарызы өсіп кетті. Ал теңгемен ипотекалық рәсімдеудің тіптен тиімсіздігінен біз 20-25 жылға теңгемен ипотекаға баспана беруді әлдеқашан тоқтатқанбыз. Нақ қазір доллардың өсіміне байланысты бұл нарықта сұраныс та тоқырап тұр» дейді.
Сондай-ақ банк секторының маманы, экономит-сарапшы, Жаңабай Алдабергенов:
- Расымен де қазірде елдегі ипотека саласы дағдарыста тұр. Теңгемен ипотека рәсімдеуді қазір банктер мүлдем тоқтатты. Өйткені бір банк сан мыңдаған тұрғынға теңгемен ұзақ мерзімге ипотекалық несие берді делік. Егер күтпеген жерден теңге девальвацияға ұшырай қалса, сөз жоқ, әлгі банк мұның зардабын тартады. Ал енді доллармен халыққа несие ұсыну тіптен тиімсіз болып отыр. Сондықтан бүгін-ертең немесе таяу уақытта ипотекалық несие нарығында оңды «қозғалыс» болуы мүмкін деп айту өте қиын. Қазір қай аймаққа барсаңыз да үйсіз-күйсіз, тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген тұрғындарды байқайсыз. Себебі Қазақстанда жыл сайын бар болғаны алты, жеті миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Ал бұл – халықтың тұрғын үйге деген сұранысын қанағаттан-дыра алмауда. Менің ойымша, Үкімет жыл сайын салынатын үйдің ауқымын 10 – 12 миллион шаршы метрге жеткізуі керек. Сондай-ақ ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерін анағұрлым төмендету арқылы тұрғын үй мәселесін шешуге болады,-дейді.
Бұған қоса маман 2007 жылғы АҚШ-тан бастау алған ипотекалық дағдарыстың салқыны қалай болғанын ұмытпауымыз қажеттігін, сондықтан нақ қазір бізге бұл мәселеде қолдан дағдарыс жасаудың еш қажеттілігі жоғын алға тартуда. Маман бұл ретте «егер ұзақмерзімдік ипотека беру тоқтатылған жағдайда тұрғын үйлерді сатып алу көрсеткіші де күрт бәсеңдейді. Бұл –елімізде көпқабатты тұрғын үй салу тұралайды деген сөз. Ал мұнымен бірге экономикамызға үлкен серпін әкеліп отырған құрылыс саласы да құлдырап кетпек. Демек бұл мәселенің шешімін табуға Үкімет өзі ықыласты болуы тиіс» дейді.
Расымен де, айта кету керек, 2007 жылы АҚШ-та 100 мың америкалық көздеген баспанасын кепілдікке қойып, ипотекалық несие алып, үш жыл қарызын өтеген соң, әбден шаршап-шалдығып, қажыған сол адамдар бір күннің ішінде үйлерінен бас тартқан. Ары қарай төлеуге дәрмен жоқ. Бос қалған 100 мың пәтерді банк қайтеді?! Үй құрылысын салып жатқан құрылысшыларға беруге банкте ақша жоқ. Қаржылық дағдарыс осылай туындап, ол бірте-бірте 2008 жылы дүниежүзілік экономикалық дағдарысқа ұласып, ипотекадан осындай «өрт» шыққанын біз ұмытпағанымыз абзал. Ендеше мамандардың «ипотека нарығын дамытуға Үкімет өзі ықыласты болулы керек» деуінде жан бар тәрізді.
Рас, біздің Үкімет 2009 жылғы дағдарыс кезінде нақ осы нарықты қолдау барысында Ұлттық қордан қосымша қаржы бөліп, халықтың доллардай алған ипотекасының біразын теңгеге айналдыруға қолұшын созған-ды. Ал осы жолы «ипотеканы шетелдік валютамен алғандарға ешқандай жеңілдік жасалмайды». Бұл жайында Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев, 2009 жылы оларға мүмкіндік берілгендігін айтып, «Дағдарысқа қарсы жоба барысында мыңдаған адамның мәселесін шешіп бердік. Сол кезде көбі шетелдік валютадағы несиені теңгеге ауыстырып алған. Мұны әлдеқашан солай жасап алуларыңыз керек еді. Бұл - барлығына бірдей берілген мүмкіндік. Сол кезде шетелдік валютамен ипотекалық несие алғандар теңгеге ауыстырып алуы керек еді» деген болатын. Дегенмен, министр Ұлттық банкі тағы бір мәрте ревизия жүргізетінін, Үкімет бар күшімен әлеуметтік мәселені шешуге жұмыла кірісетінін сөз еткен болатын.
Жалпы, мәліметтерге сүйенсек, елде баспанасыз жүргендердің саны 5 миллионнан астам. Ипотека деген ұғым біздің қоғамға сіңісе бастағалы сол 5 млн қауым баспаналы болудан үміттеніп қалып еді. Бірақ көпшілік біледі дамыған елдерде сыйақы мөлшерлемесі 2-4 пайыздан аспаса, қазақстандық банктер оны 11-14 пайызбен береді. Оған тағы қызмет пайызы мен комиссияларды қосыңыз, сонда жылдық пайыз мөлшерлемесі 20-дан да асып жығылады. Ол аздай бізде қарызы уақытылы төленбегендерге үйінен айрылып қалу қаупі тағы бар.
Тақырыпқа тұздық
Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:
- Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несиені игере алмауы еліміздің экономикасына да, әлеуметтік жағдайына да кері әсерін тигізбей қоймайды. Ипотекасыз құрылыс алға баспайды. Біздегі ипотекалық несие сыйақысының жоғары, әр банктің ставкасы әр түрлі. Талап та күшті. Оның үстіне қазір әлемдік банктер біздің банктерге арзан пайызбен ресурс беріп отырған жоқ. Сондықтан Үкімет бұл арада екінші деңгейлі банктерді ипотекалық несие беруге ынталандыру үшін Бірыңғай зейнетақы қорындағы активтердің бір бөлігін ұзақ мерзімге банктерге берсе, өз кезегінде олар оны ипотекалық несие ресурсы ретінде пайдаланған болар еді. Егер Үкімет осылай етсе, екінші деңгейлі банктерге пайыздық ставкасын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» сияқты төмендетуі тиіс деген талап қоюуы керек. Ал тіптен бұл мүмкін болмаса
«Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкіне беріп отырған капиталын Үкімет «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы аясында тағы екі есеге көбейтсе дұрыс болар еді. Ипотека нарығын осылайша қолдау арқылы дағдарудан алып шықпасақ, жағдай мүшкілдейді. Халықтың баспанамен қамтылу үміті жойылмасын десек, Үкімет осындай шараларды қарастырған абзал.