Ілеспе газды өндеу – мұнай өндіруді арттырады
Қашаған кен орнынан шығатын ілеспе газды өңдейтін зауыт салу жобасын ашық талқылау Атырау қаласында өткізілді. Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған жаңа зауыт жобасына қатысты бұл түсіндіру жұмыстары Жұмыскер кентінің мәдениет үйінде өтуі керек болатын. Алайда аймақтағы карантин талабы оған мүмкіндік бермегендіктен, газ өндеу құрылысына қатысты отырыс Zoom арқылы онлайн ұйымдастырылды. Оған аймақтағы экология мәселелерін көтеріп жүрген белсенділер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Бүгінде жоғары сұранысқа ие қуат көздерінің бірі – табиғи газ. Қазақстандық мұнай өндіруші компаниялар жыл сайын ілеспе газдың 40% жер қыртысына кері жібереді. Ал оның басым бөлігін тауарлық газға айналдыруға болар еді. Өңделген ілеспе газ есебінен экспортқа шығатын көгілдір отын көлемі артады.
"ҚазТрансГаз" компаниясының (Ұлттық газ операторы) есебі бойынша, ішкі тұтынудың өсуі, оның ішінде жаңа газ-химия жобаларын енгізу және бірқатар жылу-энергетикалық орталықтар (ЖЭО) газға ауыстыру себебінен алдағы бес жылда газ экспортының көлемі 20%-ға төмендеп, экспорттан түсетін пайда үштен бір бөлігіне қысқаруы мүмкін. Сондықтан шикі газды өңдеп, тауарлық газға айналдыру көлемін арттыру – мұнай-газ саласы алдында тұрған стратегиялық маңызды міндет.
Газ өңдеу зауыты туралы баяндаған жобаның техникалық жетекшісі Болат Сақтағановтың сөзінше, зауыт жылына 1 млрд текше метрге дейін газ өңдеумен қатар, Қашаған кен орнындағы мұнай өндірісін 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ілеспе газды өңдемей, мұнай өндірісін арттыру мүмкін болмай тұр. Жобаны қаржыландыру инвестордың қаражаты мен қаржы институттарынан тартылатын кредиттер есебінен жүргізіледі. Жобаланып отырған газ өңдеу зауыты Атырау қаласынан 60 км жерде Атырау облысы Мақат ауданында салынбақ.
Үкімет бекіткен газ өндеу зауыты құрылысының инвесторы – «GPC Investment» ЖШС. Зауыт құрылысы кезеңінде 2500-ге дейін, ал іске қосқаннан кейін 600-ге жуық адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Қазіргідей пандемия салдарынан өңірдегі мұнай-сервистік компанияларда қысқартулар жүріп жатқан шақта аталмыш жобаның өзектілігі айтпаса да түсінікті.
Жоба экологиялық және экономикалық жағынан да тиімді. Экологиялық тұрғыда тиімдісі - қоршаған ортаға зияны бар ілеспе және табиғи газды жағу тоқтатылады. Ауаға зиянды күкіртті ангидрид газының таралуына жол бермейтін SCOT технологиясы қолданылады. Сонымен қатар BASF және Dow Chemical атты әлемге әйгілі фирмалардың озық жетістіктері де пайдаланылады.
Шырақ қондырғысының жабық түрі қолданылатындықтан шу, жел, жылу радиациясы ауаға таралмай, ашық оттан қорғайды. Жалын жабық болғандықтан, ауаға жылу шығармайды, демек оның айналасында жұмыс істеу қауіпсіз. Ал,газды өңдеуге көшу ел экономикасына үлесін қосады.
Жобаны құрастырушылардың мәліметі бойынша, құрылыс кезінде және зауытты іске қосқаннан кейін шығатын қалдықтар көлемі тиісті нормалардың шекті деңгейінен аспайды. Қондырғының санитарлық қорғаныш аймағы – 1200 метр. Қорғаныш аймағының шегінде елді мекендер жоқ. Атмосфералық ауа сапасына ерекше талап қойылатын қорық, шипажай секілді құрылыстар салынбаған. Жобалаушылар кеніштен құбыр арқылы жеткізілетін ілеспе газ бірнеше сатыда тазаланып, тұтынушыға даяр тауар ретінде ұсынылатындығын айтады.
Нысанды сумен "Астрахань-Маңғышлақ" су құбыры жабдықтайды. Барлық өндірістік және жаңбыр суы жабық түрдегі су жинағышқа жиналады. Бұл резервуардан өндірістік-жаңбыр ағындарын тазартатын блокқа беріліп, бекітілген сапа деңгейіне дейін тазартылған соң зауыттың өндірістік қажеттіліктері үшін қайта пайдаланылады. Жабық цикл арқылы су үнемделіп, шығын азайтылады екен.
Жобаны іске асыру әлеуметтік-экономикалық тұғыдан оң нәтиже береді десек те, қоғамдық тыңдауда өңірдің экологиялық ахуалына немқұрайлы қарамайтын азаматтық қоғам белсенділері өз ойларын ашық айтты.
«Атамекен Эко» ҚҚ ның төрағасы Арман Хайруллин күні кеше Қашағанның ауаға лас қалдықтар шығарып, ауа бүлінгенін, жаңа зауыт салынса оның да қоршаған ортаға кері әсері болатынына алаңдайтынын айтты. Оның айтуынша, Мақат ауданында болған қоғамдық тыңдауда мәселелер жан-жақты саралануға тиіс болған. Дегенмен, әлі де талқылануға тиіс тұстар баршылық.
Мақат ауданынан келген «Ақиқат» ҚҚ басшысы Ғазиз Ғабдуллин аудан тұрғындарының талаптарын баяндады. Оның айтуынша зауыт салынған жағдайда Мақат ауданы халқының әлеуметтік жағдайына жауапты болатындай міндеттемелер алса деген пікір бар. «Жайық-Каспий Орхус орталығы»ның жетекішсі Шынар Ізтілеуова, «Глобус» ҚҚ басшысы Галина Чернова және өзге де табиғат жанашырлары су мен көгалдандыру мәселелерін сұрады. Олар жоба иелері жаңа зауыттың құрылыс жобасын тағы да пысықтап, аймақ халқының денсаулығына, аймақтың экологиясына зияны болмайтын мәселелерді қамтуды ескеру тиіс деген ойларын айтты.
Сайып келгенде ауаға жанып тұрған ілеспе газдың өнім болуына, ел экономикасы үшін қосар үлесін халық қолдайды. Орасан көлемде инвестиция да өңірге ауадай қажет. Дегенмен де қоршаған ортаға тигізер әсері барынша аз болғаны жөн.
Конференция соңында басқосуды ұйымдастырушылар, жобаны әзірлеуші компания өкілдері мен қоғам белсенділері тағы қосымша кездесу өткізіп, жобаның өзекті мәселелерін талқылау туралы шешім қабылдады.