Экспорттық әлеует артады
Бүгінде еліміз бойынша каустикалық сода керекулік «Каустик» АҚ-да ғана шығарылады. Бұл зауыт - еліміздегі заманауи мембраналық әдіс арқылы химиялық өнімдерді шығаратын бірден-бір кәсіпорын. Ал хлор және каустикалық сода өндіретін зауыт мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2011 жылы іске қосылған болатын.
Биылдан бастап бұл кәсіпорын толық жобалық қуатына көшті. Бір жылда 30 000 тонна каустикалық сода, 10 000 тонна шамасында хлор және 45 000 мың тонна тұз қышқылы өндіріледі. Сондықтан зауыт басшылығы болашақта өндіріс көлемін ұлғайтып, қуатын тағы 60 мың тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр.
«Каустик» АҚ аясында Елбасының Жарлығы бойынша құрылып жатқан «Павлодар» атты еркін экономикалық аймақтың жобасы жүзеге асырылуда. Жалпы жер көлемі 3300 гектар алқапты алып жатқан бұл аймақ – әлемде бірегей жобалардың бірі болып саналады. Еркін экономикалық аймақтың құрылуы өзімен бірге көптеген игіліктерді ала келмек. Мысалы, жобаның жүзеге асырылуының бастапқы кезеңінің өзінде жаңадан 2656 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Аймағымыздың экспорттық әлеуметі артпақ. Жобаға қатысушылар ретінде 43 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бүгінде оның 21-і жобалау жұмыстарын жүргізуде.
Ерлан ОРЫМБЕКОВ, «Каустик» АҚ-ның басқарма төрағасы:
– Бүгінде біздің өнім зор сұранысқа ие. Еліміздің «Қазатомпром», «Қазақстан алюминийі» АҚ, Өскеменнің титан-магний комбинаты, Үлбі металлургиялық зауыты сияқты басқа да алпауыт өнеркәсіптік нысандарын қажетті химиялық өнімдермен қамтамасыз етіп отырмыз. Және ел нарығындағы хлор өніміне деген сұранысты толық қанағаттандырып отырған жайымыз бар.