Болашағы жоқ деп ауылға неге үкім шығаруымыз керек

Болашағы жоқ деп ауылға неге үкім шығаруымыз керек

Бұрындары «ауыл - қазақтың алтын бесігі» деуші едік. Енді бүгін «болашағы жоқ ауыл» деген тіркес пайда болды. Ауылды аттан аударып тастап, аграрлы ел боламыз деп аттан салып жүргеніміз қызық.
«Халқы азайған елді мекендердің келешегі жоқ»-дейді шенеуніктер. Арғы жағында ақшаны үнемдейміз дегендей емеурін бар. Алайда, ол үнем бір күні бүйірімізді тесіп шықпасына ешкім кепілдік бере алмайды. Қазақстанның шығысындағы талай ауылды осылай қаңыраттық. Бұл өзі қалай қарай қотарылсам деп кемеріне келіп тұрған Қытай қазанына жақсы болды. Оны айтасыз қазақтың жүрегі – Алматының іргесіндегі ауылдарды болашағы жоқ деп жауып тастауға жақынбыз. «Шамның жарығы түбіне түспейді» демекші, Алматыдағы ахуал анадай болғанда жезді өлке Жезқазған, орталықтағы Арқалықтың жағдайын баяндамаса да болатын шығар. «Алаш айнасы» газеті әсіресе шегара шебінде орналасқан ауылдарға алаңдаулы.
Дәл осындай «келешегі күмәнді», «даму әлеуеті төмен» ауылдар Батыс Қазақстанда да аз емес. Қолымыздағы «қара» тізімге сүйенсек, облыстағы 52 елді мекеннің ендігі тағдыры беймәлім. Яғни бұл ауылдар болашақта мектеп, клуб, балабақша, кітапхана, дәрігерлік амбулатория секілді ең басты әлеуметтік нысандардан қағылады. Жібі түзу жол, газ, су, жарық, бір сөзбен айтқанда инфрақұрылым бармағасын ол ауылдар құрып кетпей қайтеді.
Осы жерде Батыс Қазақстанның Ресейдің бес губерниясымен шектесетіндігін айта кеткен жөн. Бес губернияда ұзын-ырғасы 10 миллиондай адам тұрады. Жарты Қазақстанмен пара-пар халықтың шекара маңына топтасуы біз үшін қауіпті дабыл болуы керек еді. Шекарадағы елді мекендердің іргесін сетінетпей, қайта ірілендіру мәселесіне маңыз берілсе деп ойлағанбыз. Өкінішке қарай жағдай басқа сценариймен өрбуде.
Мәселен, Бөкей ордасы ауданындағы Саралжын ауылы тізімнің бел ортасында тұр. Тізімге енді екен деп Саралжыннан жұрт үдере көшіп жатыр деп ойламаңыз. Мұнда 1460 адам жап-жақсы тірлік кешуде. Өйткені өңір мал өсіруге аса қолайлы, үш үйдің бірі шетелдік джип мініп жүргенін көзіміз көріп отыр. «Даму әлеуеті төмен» делінген Саралжын картадан құрып кетер болса, оған іргедегі Астрахань губерниясының қинала қоймайтыны айдан анық. Қайта мал өсіріп, ет өндіретін бір бәсекелестің кемігеніне қуанатын шығар. Жоғарыда айтылғандар осы ауданның Жиекқұм (507 адам) және Көктерек (446 адам) елді мекендеріне де қатысты.
Орынбормен шекарада тұрған Бөрлі ауданының үш, Шыңғырлау ауданының үш ауылы, Саратовпен көрші Зеленов ауданының бір, Қазталов ауданының жеті ауылы жергілікті шенеуніктердің пікірінше әрі қарай «өмір сүруге» қабілетсіз. Ең қызығы, бұл ауылдардың жері өте шұрайлы, халық егістік пен мал шаруашылығын жақсы меңгерген. Соған қарамастан шекаралық ауылдарды жауып, іргемізді жалаңаштау кімге керек болды, жеріміз босап қалса көршілеріміздің көз алартпасына кім кепілдік береді деген заңды сауалдар туындайды.
Жалпы, Батыс Қазақстан облыстық экономика басқармасы аудан әкімдіктерімен бірлесіп жасаған осы тізімнің күмәнді тұстары көп-ақ. Шекарадағы елді мекендердің болашағына балта шабумен қатар, кейбір ақылға сыймайтын ұсыныстар қабылданып кеткенге ұқсап тұр. Олай деуімізге себеп – тізімнен Жайық өзенінің бойындағы бірнеше ауылды көрдік. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген мәтелді айтқан бабаларымыздан бүгінгінің шенеунігі білгір болғаны ғой сонда. Әйтпесе, балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған Жайық жүздеген жылдар бойы талай ауылды жүдетпей асырады емес пе. Мысалы, өзен бойындағы Қызылжар ауылында 400 тұрғын бар. Ауыл ақсақалдарымен жүздескенімізде олар атақоныс-ауылдан көшушілердің жоқтығын алға тартты. Қайта қаланың шулы тірлігінен шаршаған жастар елге орала бастапты. Жастармен бірге дүниеге келген сәбилер саны артып, қызылжарлықтар жаңа мектеп пен клубты армандап жүр. Ауылдарының «қара» тізімге енуі мұндағы берекелі тірлікті тоқыратып жібере ме деп қорқасың. Жайық бойындағы Қоғалытүбек, Құтсиық, Дуана, Жантемір, Қадырқұл, Есім, Баянтөбе елді мекендерінде тұратын екі мыңнан аса адам ендігі тірлігін, ұрпағының келешегін қалай жоспарламақ. Ол жағы да түсініксіз.
Рас, ауыл жойылып кеткенімен артында жері қалады. Міне, осы жер кейін жекелеген адамдардың иелігіне өтіп кетіп, бір адамның құлқынын қанағаттандыруға қызмет етіп жүрмей ме деген қауіп те көкейде жоқ емес. Түрлі жолдармен, айла – шарғылармен шабындық-жайылымдарды меншігіне алып алған мұндай латифундистер еліміздің кез-келген өңірінен табылады. Бұған жол берілетін болса әлгі тізімнің құны ауылдықтар үшін көк тиын.
Жоғарыда айтқанымыздай, Батыс Қазақстандағы даму әлеуеті төмен 52 елді мекенде 11 364 адам тұрып жатыр. Он бір мың адам аз сан емес. Ендеше ауылға «үкім» шығармас бұрын, ел-жұрттың ой-пікірін сұраған да дұрыс болар еді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста