Бөдене – бизнес көзі

Бөдене – бизнес көзі

Ақтөбелік кәсіпкерлер Кирилл Челобицкий мен Семен Блинецкийлер еліміздегі ең ірі бөдене фермасын ашты. Бұл шаруа алғашында хобби ретінде қолға алынған. 9 айда бөдене саны 2,5 мыңға жеткен.

«Біз бұл шаруаны ақша табу үшін қолға алғанымыз жоқ. Өзіміздің қызығушылығымыз болды. Өткен жылдың қыркүйек айында Кирилл 200 бөдене сатып алады. Сосын біз балапан шығаратын жұмыртқалар сатып алдық. Бірте-бірте іс оңға баса бастады. Тіпті біз үшін қызық енді басталды. Жас балапандарды өсіріп, құстың санын арттыра түстік» дейді кәсіпкер Семен Блинецкий.

Кәсіпкерлер құс өсіретін тор, инкубатор, басқа да қосымша құрал-жабдықтарды Қытай еліне тапсырыс беріп алғызған. Ферма өз базаларының аумағында орналасқан. Сондықтан кәсіпкерлер ғимаратты жалға алуға қаржы шығындаған жоқ. Бір қызығы, бар болғаны 9 айдың ішінде бөдене фермасындағы құс саны 200-ден 2,5 мыңға жетті. Ферманың мүмкіндігі 7 мың құс өсіруге дейін жетеді.
«Ерекше қиындық тудырған мәселе болған жоқ. Былайша алып қарағанда, бәрі қарапайым ғана, көптің қолынан келетін істер. Біз өзімізге керектінің бәрін интернеттен таптық. Ең бастысы – жұмысты үйлестіру. Өзіміздің негізгі жұмысымызға бұл кедергі жасамайды. Бөденелерге күнделікті небары 3 сағатымызды арнаймыз. Өзімізден басқа екі кісі құстарды күтіп-баптаумен айналысады.
Ақтөбелік кәсіпкерлерді қинап тұрған бір мәселе – бұл өңірде бөденелерге арналған арнайы жемнің жоқтығы. Олар жемді көршілес Ресей елінен тасып әкелуде. Кәсіпкерлер әзірге бөдене өсіруден пайда тауып, байи қойған жоқ. Бірақ бөдене жұмыртқасы мен етіне күннен күнге сұраныс артып келеді. Соңғы айда фермерлер күн сайын 1,5 мың жұмыртқаны саудаға шығарып отыр. Алушылардың қатары көбейіп келе жатқаны аңғарылады. Түскен табыс әзірге құстардың жемі мен жұмысшылардың жалақысынан артылып жатқан жоқ. Бірақ елдің бұл өнімге деген сұранысына қарағанда алдағы уақытта таза табыс түсе бастайтыны байқалады.
Кәсіпкерлер бөдене жұмыртқасы мен етін сатуға сертификат алған. Бүгінгі күннің жаңалығын фермерлер де тиімді пайдаланып отыр. Олар Инстаграмда, сайтта өз өнімдерін жарнамалап, осы күні 1500 жазылушы жинаған. Ақтау, Атырау, Қызылорда мен Оралдан тапсырыстар жиі түседі. Ірі супермаркеттермен де тығыз байланыс орнатып, өз өнімдерін саудаға шығаруға талпыныс жасап жатқан жайы бар. Фермерлер бүгінде нарыққа айына 30 мың жұмыртқа шығаруға дайын. Бөденелер күн сайын 1,5-2 мың жұмыртқа беріп келеді. Фермерлердің мақсаты – оны 7 мыңға дейін жеткізу.
Біз осы мәліметтерді көзіміз шалғаннан кейін «Бөдене өсіру мен одан қаншалықты табыс табуға болады? Жалпы, бөдене жұмыртқасы мен етінің қандай пайдасы бар?» деген сауалдарға жауап іздеп көргіміз келді. Қазір дүкендер мен базар сөрелерінен қиналмай табуға болатын, кішкентай ғана, сырты ала-ала бөдене жұмыртқасы – бұл өте құнды диеталық өнім. Үлкендерге қандай пайдалы болса, балаларға тіпті одан да пайдалы деуге негіз бар. Бөдене жұмыртқасын қалай пайдалану керек? Негізінен, оның кімдердің ағзасына пайдасы зор? Бұл сұрақтың жауабын халық ертеден білген. Көлемі шағын ғана жұмыртқаның дәмі тіл үйіреді, тойымды, сондай-ақ оның құрамы биологиялық белсенді заттарға бай. Өзімізге етене таныс, кәдімгі тауық жұмыртқасына қарағанда, бір грамм бөдене жұмыртқасы құрамында А және D дәрумендері 2 есе мол. В тобындағы дәрумендер де анағұрлым жоғары. Бұл диеталық өнімде мыс, фосфор, калий және темір, кобальт, никтотин қышқылы мен амин қышқылы мол.
Бөдене жұмыртқасының
емдік қасиеті
Ең бастысы, тауықтікіне қарағанда бөдене жұмыртқасының құрамында холестерин төмен. Аллергия тудырмайтындықтан балалар тағамы ретінде де қорықпай қолдануға болады. Әсіресе, диатезден зардап шегетін балапандарға ойланбай ұсынуға болады.
Бұл құнды өнімді тұрақты пайдаланушылардың жүйке жүйесі жұмысы жақсарады. Фосфор, калий, темірдің әсерінен есте сақтау қабілеті жақсарады. Мамандар балалар мен қарттарға бөдене жұмыртқасын шикілей пайдалануды ұсынады. Оның тиімділігі тіпті тамаша.
Қазіргі таңда көпшілік жиі зардап шегетін қан қысымын қалыпқа келтіріп, ас қорыту жүйесін жақсартады. Бөдене жұмыртқасын сырқат және әлсіз жандар тұтынатын болса, иммунитеті көтеріліп, сергіп қалады. Қаны аз, жүрегінің дімкәсі бар, үнемі басы ауырып жүретін, яғни басының сақинасы бар, тыныс демікпесінен қиналып жүргендер, асқазаны ауырып, өт қабына тас жиналғандар үшін де таптырмас ем.
Аяғы ауыр және емізулі баласы бар келіншектерге бөдене жұмыртқасы қажетті дәрумендер, аминқышқылдары мен микроэлементтер көзі ретінде ұсынылады.
Бөдене жұмыртқасының қабығы 90 пайыз кальций корбанатынан тұрады. Зерттеулерге қарағанда, дәріханаларда сатылатын кальцийлерге қарағанда бөдене жұмыртқасы қабығындағы кальций адам ағзасына өте сіңімді. Бұдан басқа ол ағзаға аса қажет мыс, фтор, күкірт, кремний, мырышқа бай. Сондықтан ұсақталған жұмыртқа қабығын балалар мен жүкті келіншектерге ұсынған абзал. Ағзадағы кальцийдің молайып, сүйектердің қатаюына игі ықпалын тигізеді. Тістердің маржандай тізіліп, бүлінбеуіне де әсер етеді.
Күніне екі бөдене жұмыртқасын жеген бала мықты есте сақтау қабілетіне, жүйке жүйесіне, өткір көз жанарына ие, олардың сырқаттанатын кезі сирек.
Бөдене жұмыртқасын пайдалану
Бұл өнімнің ең басты ерекшелігі – өз қасиетін жоймай ұзақ сақталуында. Бөлме температурасы жағдайында айға жуық, ал тоңазытқышта 60 тәулікке дейін сақтауға болады. Қалыңдау қабығы ішке түрлі ауру тудырғыш бактериялар енгізбейді. Оның үстіне бөдененің өзі де басқа құстарға қарағанда түрлі жұқпалы індетке өте төзімді. Сондықтан түрлі індеттерге қарсы вакцина егіп, әуреленудің қажеті шамалы.
Бөдене жұмыртқасын шикілей, қайнатылған, қуырылған, пешке сусыз пісірілген күйінде пайдалануға болады. Оны майонез, омлет, түрлі салаттар жасауға қосады. Дегенмен бәрінен пайдалысы шикі күйінде. Сонда ол өзінің айрықша дәрумендерін сақтап қалады. Ботқаға, картоп езбесіне немесе сорпаға да қосуға болады.
Бөдене жұмыртқасымен қоса оның еті де дәмді әрі диеталық ас ретінде жоғары бағаланады. Ол 22 пайыз протеиннен, В5 және В6 дәрумендерінен тұрады. Бұл құс еті жүрек, бауыр, бүйрек, асқазанды емдеуде жақсы нәтиже беріп, адамның жалпы тонусын көтереді, сүйекті қатайта түседі.
Бөдене өсірген
байи ма?
Бөдене өсірумен тұрақты айналысушылар оның тіиімді табыс көзі екендігін растайды. Ең алдымен бөдене жұмыртқасы өндірісі тауық өсіруге қарағанда арзанға түседі. Бөдененің инкубациялық кезеңі небары 16 күн. Егер тиісті технологияны сақтап өсіретін болса, бөденелер бір айда жетіліп, жұмыртқа бере бастайды. Сосын жылына 280 жұмыртқаға дейін бере алады. Салмағы небары 125 грамдық шағын құс бір жыл ішінде 2,5 келі жұмыртқа береді, яғни өз салмағынан 24 есе жоғары. 28 күнде бөдене жетіліп, етін пайдалана беруге болады. Егер жұмыртқа алудан артық бөденелер көбейіп бара жатса, олар етке өткізіліп, осы күні мейрамханаларда үлкен сұранысқа ие болып тұрған таңсық ас ретінде пайдаланылады. Бұл – бөдене шаруашылығында ет өнімін өндірумен де айналысуға жол ашық дегенді білдіреді. Мекиендері небары бір жыл ғана өнімді жұмыртқа береді. Сосын оның мүмкіндігі шектеле береді. Сондықтан олар да ет өндірісіне қарай жол тартары сөзсіз.
Бөдене өсіруге кейінгі жылдары ғана ден қойыла бастады. Демек, бұл нарықтың орны бос тұр деуге толық негіз бар. Оның үстіне қазірдің өзінде ел арасында бөдене жұмыртқасы мен етіне деген сұраныс күннен күнге артып келеді. Бұл шаруашылықпен айналысушылар өз тәжірибесіне сүйеніп, тұрақты табыс көзіне ие болғанын айтады. Оның үстіне отбасын экологиялық таза, сапалы әрі дәмді өніммен қамтамасыз ету үлкен тиімділік. Егер бұл саламен бизнес көзі ретінде табыс табуға айналыспаған күннің өзінде тек өз отбасыңды қамтамасыз ету үшін де бөденемен айналысып көруге болады. Ол үшін көп нәрсенің қажеті шамалы. Бұл құсты өсіруге үлкен ғимарат та, қомақты жем де қажет емес. Бір бөдене жылына шамамен 10 келі, ал тәулігіне небары 25-30 грамм жем жейді екен. Құсты үй жағдайында торда ұстауға да болады. 1 шаршы метр торда 80 бөдене ұстауға болады. Тіпті қалалықтар пәтер балконында 30х40 см көлемдегі торда 5-6 бөдене ұстап көруге болады. Біз осы материалды дайындау барысында бөдене жұмыртқасы мен балапанын, тіпті үлкен бөденені сатып алудың өзі қолжетімді екенін байқадық. Әрине, алдымен бұл іспен айналыспас бұрын өніммен жақсылып танысып, дәмін көру қажет. Кім біледі, күндердің күнінде бұл расымен де сіздің және сіздің отбасыңыздың берекелі табыс көзіне айналар.

aikyn.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста