Басқаруды орталықсыздандыру не береді?

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Мемлекет басшысы 2012 жылы өзінің «Қазақстанды әлеуметтік жағынан жетілдіру: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында ХХІ ғасыр­дың сынақтарына жауап беретін толыққанды әкімшілік реформаны ұсынған еді. Бұл бастама біздің қоғамда толық қолдауға ие болды. Соның бір мысалы – ауыл әкімдерінің сайлауы.
Жаңадан сайланған әкімдердің корпу­сын­да еліміздегі 23 ұлттың өкілі бар. Ал оларды мамандық түрлері бойынша бөле­тін болсақ, 627-сі (25,6 пайызы) – педа­гог­, 501-і (20,4 пайызы) – ауыл шаруа­шылығы ма­маны, 417-сі (17 пайызы) – инже­нер­, 367-сі (14,5 пайызы) – эко­но­мис­т, 281-і (11,5 пайызы) – заң­гер және 271-і (11 пайызы) – басқа ма­ман­дық­тардың өкіл­і. 2454 әкімнің 280-і, яғни 11,4 пайызы – әйелдер. Бұл бұ­рынғы көрсеткіш­тен 32-ге көп. Статис­тикалық мәліметтерден Павло­дар, Оңтүс­тік Қа­зақстан және Ақтөбе об­лыстарында әйел-әкімдердің саны 6 па­йызға дерлік ұлғай­ғанын көрдік.
Әкімдердің орташа жасы – 47. Олар­дың ішінде көпшілігі 55 жасқа дейінгі адам­дар, олар әкімдер корпусының 80,3 пайызын құрайды. «Жалпы алғанда, әкім­дер құрамы біршама жасарды. Бұған де­йін 55 жасқа дейінгі әкімдер 74,5 пайызды құраған болатын. Ал жаңадан сайланған әкімдердің ішіндегі ең жасы 25 жаста», – деді Қуандық Тұрғанқұлов сайлау қоры­тын­дысы бойынша өткен жиында. Айта кетелік, бұған дейін Павлодар облысы Ус­пен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шар­уа­шылығы бөлімінің бас маманы болып келген 25 жастағы Тимур Жанғазинов қай­та дауыс берудің нәтижесінде аталған аудандағы Қозыкеткен ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Сондай-ақ Маң­ғыс­тау облысы Маңғыстау ауданындағы Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі болып 28 жастағы Азамат Қойсарин сайланды. Ол бұрын аудандық жер қатынастары мен кадастр бөлімінің бас маманы қызметін атқарған. Бұл – аймақтық саясатта мемле­кеттің жастарға үлкен үміт артып, сенім білдіргенінің бір көрінісі.
Қазақстандағы ең жас басқарушылар­дың бірі – Павлодар облысындағы Заңғар ауылдық округінің 25 жасар жаңа әкімі Хам­за Оразбеков. «Еліміздегі ауыл әкімде­рін сай­лаудың демократиялық жүйесінің нәтижесінде 25 жасымда елді мекенді бас­қару құқығына ие болдым, – дейді Хамза pavlodarnews.kz сайтына берген шағын сұхбатында. – Ендігі жоспарым – ауылда кә­сіп­керлікті дамытып, балабақша салу». Павлодар ауданында туып-өскен Хам­за өз ауылының қандай күрделі мәсе­ле­лері барын бес саусағындай біледі. Мем­лекеттік қызметте 3,5 жылдық өтілі бар жас жігіт сайлауға дейін кәсіпкерлікті дамыту және ауыл шаруашылығы бөлі­мінде еңбек етіпті. Атап айтарлығы, әкім­дік қызметке 7 та­мызда Хамзамен бірге Заңғар ауылындағы тағы екі адам канди­да­турасын ұсынған. Олар­дың жасы да, тә­жірибесі де, еңбек өтілі де Хамзадан ай­тарлықтай асып тұрған. Алайда ауылдас­тары жас жігітті таңдаған. Ал Хам­заға де­йін «жасы жағынан» ең іскер, бел­сенді бо­лып танылған қостанайлық 23 жас­тағы Татьяна Новикованың депутат бол­ғанын біреу білсе, біреу білмейді.
«Сырткөз сыншыл» деген сөз бар. Соң­ғы кездері шетелдік тұлғалар біздегі әкім­дер мен жоғары лауазымды шенеуніктер­дің жасына қатты таңғалып жүр. Солардың бірі – тамыз айында елімізге келген Тай­ланд­тағы Amata индустриялық корпора­ция­сының басшысы, 60 жастағы жазушы, ізгі ниет елшісі, «Азия керуені-2013» экс­педициясының көшбасшысы Викром Кромадит. Әлемге әйгілі тай елінің саяхат­шысын Қазақстандағы басшы кадрлардың жастардан болғаны қатты таңғалдырыпты. В.Кромадит отандық БАҚ-тың біріне бер­ген сұхбатында әлемнің ешбір елінде 35 жас­тағы адамның қала не облыс әкімі бол­ғанын көрмегенін мойындаған. Ал бізде бұл – қалыпты нәрсе.
Қуатты мемлекетке айналуымыз үшін іс жүзіндегі демократияны жергілікті жер­лердегі өзін-өзі басқарудан бастадық. Әділ сайлау – қуатты мемлекет құрудағы қа­дам­да­рымыздың бірі. Мәселен, ауыл әкім­де­рінің сайлауы еліміздегі әкімдер кор­пусы­ның 91 пайыздан астамын қамты­ды. Яғни аймақтарды дамытуға толығы­мен бетбұ­рыс жасадық. Өңірлерді дамыту министрлі­гінің құрылуы, аймақтарды да­мыту бағдар­ламаларына (моноқалаларды дамыту, шағын қалалар) бюджеттен қо­мақ­ты қар­жы бөлу – бұлардың бәрі Қазақ­стан­ның ай­мақтық саясатын күшейтуінің белгілері. «Елімізде жергілікті жерлердегі өзін-өзі басқару реформасы жүргізілді. Ауылдық деңгейге қосымша 5 мың штат­тық бірлік бөлініп, оларға 67 мемлекеттік функция бе­кітілді. Қазіргі кезде ауыл әкім­дері салық жинауға, бюджетті қалыптасты­руға, тұр­ғын­дардың қатысуымен жергілікті мәселе­лерді шешу үшін қаржыландыру құ­қығына ие болды. Бұл барлық әкімдерге өз отан­дастары мен мемлекет алдында аса зор жауапкершілік жүктейді. Әрбір әкім сол жауапкершілікті сезініп, өз мін­дет­терін ла­йықты атқаруы тиіс», – деді мем­лекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев 5-шақырылған Парламенттің үшінші сес­сиясының ашы­луында сөйлеген сөзінде. Яғни мемлекет осы сайлау арқылы ар-ұж­даны таза, ашық, патриот, халықшыл «жаңа типтегі» бас­шы­лардың билікке келгенін қалап отыр деген сөз. Оларға, біріншіден, елінің мүддесіне қызмет етуге мүмкіндік берілсе, екіншіден, мансабын өсіріп, «А» корпусына өтуіне жол ашыла­ды. Сондай-ақ бұл сайлау – сыбай­лас жем­қорлыққа қарсы іс-қимылдары­мыз­дың бірі. Жер­гі­лікті жерлерде жүргізіл­ген ре­фор­ма тө­мендегі басқарушылардың қата­рын жем­қорлықтан тазалауға көмек­те­сетіні сөзсіз. Мұндай пікірді Парламент депутат­тары да қолдайды.
– Бұл жерде, біріншіден, «Сыбайлас жем­қорлықпен күрес туралы» Заң бұзы­л­мауын қадағалауымыз керек, – дейді Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова. – Екін­шіден, халықтың өзі жемқорлық әре­кеттердің субъектісіне айналмауы тиіс. Былайша айтқанда, халық пара бермесе, әкім оны қайдан алады? Сондықтан ауыл­дық жерлердегі тұрғындардың өзі бел­сен­ді болып, өз мемлекетін құруға атсалысуы керек. Өйткені мемлекет деген – халық емес пе? Ал жаңадан сайланған әкімдер сол халықпен жұмыс істей біліп, зар-мұ­ңын тыңдап, заңның аясында шетін мәсе­ле­лерін дер кезінде шешіп беріп отыратын болса, мемлекет те дамиды. Ол үшін әрбір әкім өз ісінің білгірі, сауатты, отаншыл бо­лу­ға міндетті. Елбасы мемлекеттік қызмет­шілерге неге жоғары деңгейде талап қо­йып отыр? Себебі билік мықты болмаса, халықтың тарапынан құрмет пен қолдауға ие болмаса, онда мемлекет те болмайды.
Мәжіліс депутаты, экономикалық ре­фор­ма және өңірлік даму комитетінің мү­шесі Надежда Нестерованың пікірінше, де­мократияны дамытудағы жаңа қадамы­мыздың аса маңызды екенін халықтың өзі терең түсінуі тиіс.
«Билеушілер халықты патриот емессің деп айыптамауы керек, керісінше, олар халық отаншыл болуы үшін, өз қолдарынан келетін істің бәрін жасап, үлгі көрсетуі ке­рек» депті философ-ойшыл Т. Маколей. Ел­басы мен халық үміт артқан әкімдерге патриот­тық­тың нағыз үлгісін көрсететін кез келді. Жаңа қазақстандық патриотизм – бұл праг­матикалық патриотизм. «Азамат­тар мемле­кетке сенуі үшін, сол мемлекеттің болашағы жарқын болуы тиіс, дамуға, жеке адамның кәсіби тұрғыдан өсуіне мүм­кіндік болуы керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ал жар­қын болашаққа бара­тын жол – «Қазақ­стан­ның – 2050» страте­гия­сы. «Біз дамудың ең шешуші сатысы – «Қазақстан – 2050» стра­тегиялық даму жоспарын жүзеге асыру кезе­ңіне аяқ бас­тық. Бұл стратегияның негізгі алға қойған мақсаты – 37 жылдың ішінде, мүм­кін, одан да бұрын әлемдегі ең дамыған 30 мемле­кет­тің тобына ену», – деді мемлекет бас­шысы Парламенттің үшінші сессия­сының ашылуында сөйлеген сөзінде. Президент­тің пікірінше, бұл межеге жету тек қана ішкі өнімнің өсуімен бағалан­байды. Онда адам­ның дамуы, әлеуметтік жағдай, білім беру, денсаулық сақтау ба­ғыттарындағы қарқын­ды өсу мәселелерін ескеру керек. Олай бол­са, біздің билік алыс аймақтар­дағы әлеумет­тік жағдайды жақ­сар­туға қа­дам жасады. Бұл – бүкіл халықты, ұлтты, ел­ді бірлікке шақы­ратын қадам. Бұл де­мократиялық қоғам қалып­тастырудағы, қуатты мем­лекет құру­дағы таңдаған стра­тегиялық бағытымыздың өміршеңдігін көр­сетеді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста