Балық басын көбейту үшін не істеу керек?
Бүгінде бекіретұқымдас балықтардың сиреп бара жатқанын айтып ғалымдарымыз да, осы сала мамандары да Асанқайғының зарын қаққанымен, мәселе оң шешімін табар емес. Қайта жыл жылжыған сайын құрдымға кетіп барады. Өткенді аңсау емес, бұл – шындық: Кеңес Одағы кезінде көксеркенің 50 пайыздан астамы, табан мен сазанның, бекіренің түгелге жуығы елімізде өндірілген. Бүгінгі күні бұл көрген түстей болып отыр. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар балық шаруашылығын дамытудың әлем бойынша дұрыс деп танылған екi жолы барын айтады, бiрiншiсi – балық шаруашылығын дамыту үшін табиғи су көздерiн, яғни өзен, көлдерді тиiмдi пайдаланып, балықтардың табиғи жолмен өсiп-өнуiне жағдай жасау, ал екiншi жолы — бүгiнгi заманауи отандық, шетелдiк жоғарғы технология мен ғылыми жетiстiктерді пайдаланып, аса құнды балық түрлерiн қолдан өсiру. Екеуі де бір қарағанда тиімді. Алайда...
Еліміздегі балық зауыттары ішкі сұранысты толық қанағаттандыра алмайды. Сол себептен шетелден ағылған балық нөпірі сауда сөресін босатпайды. Онда отандық балық өнімдеріне орын тимейді. Тимейді дейміз-ау, сөреге жетпей жоғалып жатыр. Оны қолдан көбейту мәселесі бүгінде кісендеулі аттай кібіртіктеулі күйде. Еліміздегі ең ірі Атырау бекіре балық зауыты жылына бекіретұқымдас балықтардың 7 миллионнан астам құртшабақтарын арнаулы су тоғандарына жібереді. Бір қарағанда бұл қомақты көрсеткіш болып көрінгенімен, оның ары қарай өніп кететіні бар, өліп кететіні бар дегендей... Бекіретұқымдас балықтардың басын көбейту әлі де шешімін таппай келеді. 7 миллионға мәз болып отырғанымызда, Ресейде бұл көрсеткіш 80 миллионды құрайды. Мамандар құртшабақтар санын ең болмағанда 40 миллионға жеткізбесек, балық басын көбейте алмаймыз дейді. Алайда бұған бір зауыттың шамасы жетпейді. Мамандарды алаңдатып отырған бір жайт – бүгінде балықтардың табиғи жолмен өсіп-өну қабілетінен айырылып бара жатқандығы. Оған түрлі себеп бар. Уылдырық шашу кезінде браконьерлердің балықты қынадай қыруы мен су көліктерінің маза бермеуі де бар. Уылдырық шашатын кезде айдындарда су кемелерінің арлы-берлі ызғуына бұрын жол берілмейтін. Ал бүгінде бұл мүмкін болмай отыр. Сондықтан да балық зауыттарының қолдан өсіріп, айдындарға жіберуден басқа амалы қалмай отыр. Бірақ оның нәтижесі де шамалы. Қара базарда құны қымбат уылдырық үшін балыққа жаудай тиген жергілікті браконьерлерге бүгінде шетелдік әріптестері де көмек қолын созуда. Оған сонау Әзірбайжан мен Дағыстаннан келген браконьерлердің құрыққа ілігуі дәлел. Егер дәл осылай жалғаса беретін болса, балық еті тісімізге емес, түсімізге кіріп жүрмегей... Дүниежүзінде сирек кездесетiн бекiретұқымдас балық түрлері мен қаяз, көксерке, сазан, үскүш, таутан, ақмарқаны көбейту үшін әлемдік озық технологияны пайдалана отырып, жалпы саны жылына 5 миллион шабақ өсіруге қабілетті балық зауытын іске қосу болып табылады. Алайда бұған үн қосып жатқандар аз. Еліміздің біраз аймағында бекіре балығын өсіретін зауыт ашылды деп кезінде жалпақ жұрттан сүйінші сұраған едік. Алайда қымбат жоба болып табылатын бұл үрдіс бүгінде тоқтап қалғандай. Істегені өлместің күйін кешіп тұрса, біразы жабылып тынды.
Қымбат жобаны қолға алғандар да бар
Дегенмен жылай беруге де болмас. Бүгінде бұл салаға үн қатып жатқан кәсіпкерлер де бар. Жасыратыны жоқ, кәсіпкерлердің басым бөлігі тез арада қайтарымы болатын жобаларға ғана қызығатыны рас. Бүгін құйған ақшасы ертеңіне-ақ қап-қап болып қайтқанын қалайды. Алайда нәтижесін ұзақ күттіретін жобаларға бет бұрып жатқандар жоқ емес. Шымкенттік Игорь Шаков қайтарымын ұзақ күтуге болатын қымбат жобаны қолға алды. Бекіретұқымдас және құнды балықтарды қолдан өсіріп отыр. Ол үшін алдымен бұл балықтарды қалай өсіру керек, қалай баптау керек – осының бәрін зерттеп жүріпті. Тіпті Ресейге барып, арнайы мамандардан үйреніп келген жайы да бар. Құнды балықты қолдан өсірудің технологиясы да қымбат тұрады. Осы салада нәпақасын тауып жүрген мамандардың кеңесі мен интернеттің көмегімен көп ақпаратқа қаныққан кәсіпкер алдымен балық өсіретін жайды жайлап алуды құп көріпті. Ол үшін ірі-ірі екі-үш бассейн салдырды. Үсті жабылған, арнайы су тоғандарында балықтар емін-еркін жүзіп жүр. Кәсіпкер 10 мыңнан астам құртшабақтар сатып алған. Оларды жемдеу де арзан тұрмайды. Бекірелерді бассейнде бағып-қағу оңай шаруа емес. Олар алғашқы өнімін тек бес жылдан кейін ғана береді. Яғни қымбат бағалы уылдырықты бес жылдан кейін ғана алады. Сонда ғана шыққан шығынның орнын толтыруға болады. Құнды балықтың еті де өзін-өзі ақтайды деп отыр. Кәсіпкер тек пайда табуды ғана емес, жоғалып бара жатқан балық қорын сақтап қалуды да ойлап жүр. Егер оны қолда өсіріп баптамаса, көбейетін түрі жоқ. Егер тоғандарға жіберсе, браконьерлер бас салатыны сөзсіз. Сондықтан ең болмағанда қолда өсіріп, құнды балықтың қорын сақтап қалуды көздеп жүр.
Игорь Шаков, кәсіпкер:
– Бүгінде сауда сөрелерінен табиғи таза уылдырық табу мүмкін емес. Бұл бастамамыз осы олқылықтың орнын толтыру. Қалалықтар дәмді де табиғи уылдырық пен балық етіне қарық болатын болады. Ішкі нарықты толық қанағаттандыру үшін басқа кәсіпкерлер де осы істі қолға алса дұрыс болар еді. Келешекте балық басын бұдан да көбейтіп, су тоғандарына жіберу жоспарымда бар.