Ауылдағы малдың қай тұқымнан екенін ешкім дөп басып айта алмайды
Қазақстанда қой тұқымының 15 түрі бар. Ресми деректерге қарағанда, еліміз бойынша қой саны 19 миллионға жуық. Соның 68 пайызы жекенің қолында, ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы үлесі 5 пайыздай, ал шаруа қожалықтарындағы үлес – 27 пайыз. Яғни әр қазақстандыққа шаққанда шамамен бір қойдан сәл ғана көбірек келеді екен.
«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» дейтін қазаққа бұл қарын аштыратын көрсеткіш екені айтпаса да түсінікті. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Батыс Қазақстанда 2,5 миллиондай қой болса, қазір ол көрсеткіш жарты милионға дейін түсіп кеткен. Облыста қойдың етті-майлы еділбай, етті-жүнді ақжайық және волгоград тұқымдары өсіріледі. Басым бөлігі жекенің қолында болғандықтан, оның тұқымын жақсарту, терісі мен жүнін кәдеге асыру керемет жолға қойылған деп айта алмайсыз. Сондықтан биылғы Елбасы Жолдауында қой шаруашылығын дамытуға баса маңыз берілді. Енді арнайы кешенді бағдарлама қабылданса, Шопаната таяғын ұстағысы келетіндер ел ішінде аз емес. «Ең алдымен қолда бар түліктің сапалық құрамына мән беру керек» дейді мамандар. Отардағы саулықтың саны 70 пайыздан төмен болмаса ғана ол пайда әкеле бастайды.
Қозыны 4-4,5 айда, яғни бір жастан асырмай бордақылап, етке тапсырған дұрыс. Себебі жыл ауса кеткен шығын өтелмейді. Мұндай етті әлемде қозы еті емес, жас қой еті деп бағалайды. Оның құрамында холестерин болмайды. Мысалы, еділбай қойының қозысы небәрі төрт айда 38-40 келіге дейін салмақ тартып, таза 18-20 келі ет береді.
Балуаш ТРАИСОВ, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ проректоры:
– Қазір жүнге сұраныс аз. Киімнің көбі синтетикалық материалдан тігіледі, құрамында жүн болса, тек 15-25 пайызды құрайды. Жүнді кезінде ең көп өндіретін елдер Австралия мен Жаңа Зеландия болатын. Оларда 180 миллион қой болса, қазір соның жартысы ғана қалды. Дүниежүзіндегі үрдіс етті мал өсіруге ауды. Басқа елдерде мал өсірушілерге «мынадай тұқымды мал өсіресің» деген заңды талап қойылады. Бізде олай емес. Ауылдағы малдың қай тұқымнан екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Міне, мәселенің осы жағы ескеріліп, жоспар болса дейміз.
Сосын қойды қолдан ұрықтандыру тәсіліне жаппай көшу – заман талабы. Малдәрігерлік қызметті қатар жүргізбесе де, іс оңға баспайды. Малды жайылымдарға айдап апарып, бағу әдісін қайта қолға алу қажет. Бұрын шопандар шаруашылық орталығынан 13-15 шақырым жерде тұратын. Қойды көктемде қыстақтан 6-8 шақырымға айдатып көшіретін. Мал 4,5 айдай сол жерде жайылып, қысқа екі ай қалғанда кері көшіп келеді де, содан жерге қар түскенше қыстақ маңында бағылады. Бұлай бағу оның қоңдануына, күйінің көтерілуіне әсер етеді. Қазір үлкен шаруашылықтар бір жерде табандап отырып алып, жайылымдарды тоздырып жатыр. Жайылым ауыспаса, шұрайлы алқаптар шөп шықпайтын қу тақырға айналуы ғажап емес.