Ауыл мектебі 28 мың теңгеге сатылып кеткен
Бұл жайында облыстық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде белгілі болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
- Раздельное ауылында шағын мектеп жабылды. Себебі, оқушылар болмаған, бірақ неліктен халықпен ақылдаспай тұрып, саудаға жіберілді? Сауда құны - 28 мың теңге. Аумағы - 1,5-2 мың шаршы метр үлкен ғимарат. Осы ғимараттың тиімділігі қандай? Аудан әкімі тұрғындарды қабылдамастан өзі шешім шығарып, халықтың наразылығын тудырды. Кезінде балалардың жоқтығына байланысты және экономикалық тұрғыдан тиімсіз болған соң шағын мектептердің жабылғаны белгілі. Ал қазіргі таңда оған тоқтау қойылып, мораторий жарияланды. Не үшін осындай сомаға ғимаратты сату керек болды? Бюджетті толықтырдық деп айтқыңыз келе ме? Қандай мәселе шешілді? - деп сұрады облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Мәселенің мән-жайын түсіндірген Железин ауданының әкімі Қанат Қашқиров аталған ғимараттың апаттық жағдайда болғанын жеткізді.
- Бұл мектеп балалар болмаған соң 2015 жылы жабылып қалған. Үш жыл бойы 286 мың теңгеге сатуға қойылды. Ғимарат 1954 жылы салынып, ағаштан тұрғызылған. Екі рет өткізілген конкурста ешкім алмады. Сондықтан 2018 жылы сатылды. Заңға сәйкес бағаны түсірген соң 28 мыңға шағын және орта бизнесті дамыту үшін шаруа қожалығы алды. Ауылда 46 адам тұрады. Бірде-бір әлеуметтік нысан жоқ. 9-сыныпта оқитын оқушы Лесное ауылына тасымалданады, - деді аудан әкімі.
Облыс әкімі өзінің орынбасарына бұл жағдайға байланысты лауазымды тұлғаларға қатысты жағдайды реттеуді тапсырды. Сондай-ақ дер кезінде халықпен кері байланыс орнату керектігін еске салды.