Ашық кеніштен қатер толы апан қалады

Ашық кеніштен қатер толы апан қалады

Ашық карьердің арты – апат. Бұлай деуімізге көптеген жайт себеп. Ашық әдіс арқылы кен алу арзан әрі оңай болғандықтан, көбіне-көп кенге құмартқандар осы әдісті қолайлы көреді. Кенін алған соң, орнына бас айналар шыңырау қалдырып кету – сол аймақтың, сол өңірдің экологиясына қалай әсер етуде? Әзірге бұған бас ауыртқандар некен-саяқ. Ал ашық карьердің жұртында малын оттатып, суын ішкен ел дімкәстіктен дін аман дегенге кім сенеді?
Жаңадан ашылып, қазылып жатқан ке­ніш­терді айтпағанда, өткен ғасырдан қал­ған ашық карьерлердің залалы туралы аз айты­лып жүрген жоқ. Бірақ сол мәселе кө­біне-көп сөз күйінде қалады. Қалам ұста­ған ағайын аттандап атқа қонғанымен, ашық кеніштерден келетін зардап сол қал­пында. Бір мысқал да кемімей отыр.
«Жерді пайдаланушы өндірістердің көп­теген жыл бойына ашық карьерді пай­далануы және оны қалпына келтіруде нем­кет­тілік танытуы, ол үшін экономикалық тетік­тердің жетілмеуі жығылғанға жұдырық бо­лып отыр», – дейді ғалымдар.
Ғалымдар ұсынған мәліметтерге жүгін­сек, жерге, қоршаған ортаға зиян келтірген өн­діріс орындарының саны артып отырға­нын байқаймыз. Айталық, ғалым О.Аб­ра­лиев Қостанай облысы жер ресурстарына зиян келтірген өндіріс орындары 1995-2011 жылдар аралығында 273 өндіріс ор­нына көбейгендігін айтыпты. «Солтүстік Қаз­ақ­стан облысында 435 компания жерді бүлдірумен айналысқан, олардың қатары соңғы жеті жылда 60 мекемеге артқан. Ақ­мола облысында жер ресурстарын бүлдіру­ші өндіріс орындары саны 30,3 пайызға өскен. Өйткені еліміздің астанасы осында көшіп келуіне орай қалада құрылыс саны өс­кен. Әсіресе Есіл өзенінің сол жақ жаға­ла­уында құрылысқа қажетті ашық карьер­лер саны бірден көбейе түскен екен. Облыс­та қазба байлықтарды: каолин, ко­бальт, көмір өндіретін тау-кен компаниялар саны артқан. Жаңа астананың салынуына бай­ланысты көптеген өндіріс және инфра­құры­лымдар құрылыстарының жүргізілуі­нен бұзылған жерлер ауданы ұлғайған. Қарағанды облысында 320 жер телімін бүлдірумен айналысқан өндіріс орны бар. Павлодар және Шығыс Қазақстан облыс­тары 239 өндіріс орындары жерді бүлдіріп жатыр», – депті ғалым.
Ашық кен қазу әдісі карьер салынатын жерде құнарлы топырақты жарамсыз күйге ұшыратумен қатар, өндіріс кезінде шы­ғары­латын түрлі газдар, химиялық қосы­лыс­­тар сол маңайдағы халық  денсаулы­ғына залал. Бұзылған жер бетін қалпына келтіру, яғни техникалық және биологиялық өңдеу, сондай-ақ бөлінетін зиянды газдар және то­заң­дармен күрес өндірістерде мүлде жүр­гізілмейді.
Айталық, Қарағанды облысындағы Қайрақты, Жамбыл, Қарағайлы, Ақшатау кеніштерінің қалдықтары да бұрқырап, желге ұшып жатыр. Және оның мөлшерін есептеп жатқан тағы ешкім жоқ. «Бұларда қауіптілігі 1-3-класты қорғасын, мырыш, берилий, висмут және радионуклидті флота­ция қалдықтары көп» дейді деректер. Тозаңданып аспанға ұшудың салдарынан мұндай заттар маңайын да шаңдатып жі­береді. Бұған қоса, атмосфералық ауаны авто­көліктер де ластандырып, одан шыға­тын тастанды қалдықтар жылына 110 мың тонна көлемінде зиянды заттар таратса, оның ішінде 200-ге жуық әртүрлі қоспа бар екендігі анықталған. Ернеуіне дейін суға тол­ған ашық кен орындары да қаншама?
Айталық, тарихта аты қалған Нілді кеніші – соның біреуі. Біреуі болғанда біре­гейі. Бүгінде бұл – Қарағанды облысы­ның Өспен ауылы деп аталатын елді мекен. Нілдінің кенішінен қаңырап, қаңқасы ғана тұрған ғимарат пен суы кілкілдеп тұрған ашық карьер ғана қалған. Қысы-жазы суы бір сарқылмайтын бұл кеніштің тереңдігі қанша екенін бұл күні ешкім тап басып айта алмайды. Ауыл адамдарының сөзіне сен­сек, көз жетпес тұңғиық.
Тарихи деректерге жүгінсек, Ресейге бодан кезімізде Нілді болысы аталыпты.  Ресей, Франция, Англия капиталистеріне сатылып, Қазақ совет энциклопедиясында кеніштің 1847 жылы ашылғаны көрсетіле­ді. Содан бері аталмыш кен орны «Успе­нск мыс кеніші» деген атпен тарихқа енді. 1914 жылы округтік инженердің есебі бойынша кеніштегі таза мыстың мөлшері 2 млн пұт деп болжанған. Кеннің әрбір тоннасынан 15 пайыз таза мыс алынып отырылған. Өспен рудасының әрбір тонна­сында мыстан өзге бір грамға дейін алтын, 582 грамм күміс бары анықталған. Сөйтіп,  іргесі қаланғаннан бастап, жабылып қалған кездерін есептемегенде Өспен кеніші 1964 жылға дейін, яғни ғасырдан астам уақыт жұмыс істепті.
Ал қазір кеніштен қалған карьер сол қалпы ашық күйінде жатыр. Ауыл адамда­рының айтуынша, жаз шықса сасып, бор­сып кететін кеніштің суы біршама мал мен жанның өліміне себепші де болыпты.
Жәнібек ӘЛИМАН, Өспен ауылының тұрғыны:
– Заманында төбесінен төменге көз жіберсең, басың айналатын мыс өндірілген ашық карьердің кемеріне көлкілдеп су кілкіген. Неше жылдан бері іркілген судың тереңіне бойлау мүмкін емес. Осы уақытқа дейін бірнеше адамның ажалына себепші болып, бәленбай малды жұтып қойған  карьердің суы жаз айларында иістеніп кетеді. Сол беті қараусыз қалған кен орнының экологиялық хал-ахуалы – бүгінге дейін беймәлім күйде. Оны жуық арада келіп зерттеп, зерделейтін экологті немесе экоорталықты біз әлі көрмедік.

Бұл – бір ғана ашық кен орнының жағдайы. Ал құрылыс индустриясы қар­қын­ды жүріп жатқан қалаларды қоршай күні-түні гүрілдеп толассыз кен алып, соңын­да ашық-шашық қалатын карьер­лердің ақыры не болмақ? Айтпақшы, осыдан бірер жыл бұрын Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылының жұрты осы ашық карьерлерге қатысты өре түрегелгені бар-ды. Алақандай Түгіскен ауылы алты бірдей карьердің ортасында қалған. «Жәйрем», «Жомарт», «Қамысмола», «Арман–100», «Қартабай» және «Қылжыр» мәрмәр карьерлері. Аралары жақын, 15 шақырым­нан деседі. Онымен қоймай, тағы үш карьер ашылады деген сөзді естігенде, түгес­кендіктер ер-тоқымын бауырына алып тулаған-ды. Енді қайтсін, тірідей тұншығып отырса. Алайда сол уақытта аудан әкімдігі әзірге барлау жүргізілетіндігі, карьер ашу-ашпау әлі піспеген дүние екендігін айтып, жұртты сабырға шақыр­ған-ды.
Көнекөздердің айтуынша, шаң-тозаң­нан денсаулыққа келер зиян­ды есепке алмағанда, ашық кен орында­рының кө­беюі онсыз да суы кем аймақтар­дағы су кө­зінің тартылуына әкеліп соғып жатқан көрінеді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста