Арабтар Бәйдібек жеріне инвестиция құйып, құс өсірмек
Бәйдібек ауданының әкімі Б.Көшербай аудандық мәслихаттың кезекті сегізінші сессиясында "Аудан әкімінің өзіне жүткелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы" есеп берді. Жарыссөзге шыққан мәслихат депутаттары Б.Қалаубай, Б.Ашрафи және ардагер Б.Төлешов аудан әкімінің атқарып жатқанына елдің тарапынан айтылып жатқан жақсы бағаны жеткізді.
Бұдан бөлек сессияда Борлысай ауылдық округі әкімінің және аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің атқарған жұмыстары туралы есептері тыңдалып, тиісті шешімдер қабылданды.
Жалпы Бәйдібек ауданында «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламалары аясында бірқатар кәсіпкерлік, өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру қолға алынуда. Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтер бойынша араб инвесторы қаржыландырған Ақбастау ауылдық округіндегі құс өсіру орталығына бүгінгі күнге дейін 3 млрд. 500 млн. теңге шетел инвестициясы тартылып, онда қазіргі таңда 120 адам жұмыспен қамтылған. 2016-2017 жылдары жобаның үшінші фазасы жүзеге асырылып, тағы да 7 млрд. теңге шетел инвестициясын тарту жоспарлануда.
Аудан әкімдігі мен құс өсіру орталығының басшылығы арасында жасалған келісім бойынша жобаны жүзеге асыру нәтижесінде, жаңадан ашылатын 400-ге жуық жұмыс орындарының 80 пайызына аудан тұрғындары орналасатын болады. Сонымен қатар, қосымша кіріс көздерін қалыптастыру үшін аталған құс орталығы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына салық төлеуші ретінде тіркелген.
rgmedia.kz