«Ақылды ойын» ойнайық!
«Ақылды ойын» телевизиялық ойынының электронды нұсқасы жарық көрді. Бұл – Алматы аймақтық қаржы орталығы қызметін реттеу жөніндегі агенттіктің 2007-2011 жылдарға арналған халықтың инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттыру бағдарламасы шеңберіндегі жобасы.
Бұл ойыннан бейхабарларға аз ғана мағлұмат. «Ақылды ойын» – биржалық операцияларды, құнды қағаздармен жұмыс істеуді үйрететін бірнеше кезеңдік ойын. Оған қатысушылар қаржылық білімдерін үш деңгей бойынша сынайды. Әр деңгей 15 сауалдан тұрады. Алғашқы кезең «Миллионды кім ұтады?» ойыны тәрізді болса, келесі кезеңдерде ойыншылар «нарық пен экономика салаларын дамытуды» өз қолымен іске асырады. Дұрыс жауаптар арқылы жиналған ұпайлардың жалпы саны кімнің жеңімпаз екенін анықтайды. Телеарналарда көрсетіліп келген осы зияткерлік ойын енді елімізде компьютерлік бағдарлама түрінде шығып отыр. Оның теленұсқадан айырмашылығы, мұнда іріктеу кезеңі деген болмайды. Қор нарығының қыр-сырын меңгеремін деушілер ойын туралы толық ақпаратты www.fingramota.kz сайтынан ала алады. «Ақылды ойынды» ұялы телефонға көшіріп алуға да болады.
Дәурен Тұрысбеков, Алматы аймақтық қаржы орталығының тіркеу департаментінің директоры:
– Бұл ойын көп сұранысқа ие болады және қаржы саласында білімін молайтқысы келетіндерге айтарлықтай мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Ол біреуге – тест, біреуге – жаттығу, ал кейбіреулерге жай ғана сауық болуы мүмкін. Қалай десек те, бұл – жағымды мен пайдалыны үйлестіруге болатын ойын.