Алматыда коммуналдық қызмет тарифтері өседі
Алматыда коммуналдық қызмет қымбаттайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі krisha.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматыда ыстық және суық су, электр қуаты, жылу мен кәріз тарифтері көтеріледі деп жоспарланған. Бұл ретте құзырлы органдар төлемнің қаншаға өсетінін әзірге нақты айта алмай отыр. Бұл туралы ӨКҚ-да өткен брифингте айтылды.
"Табиғи монополия субъектілерінің әрқайсы үшін тарифтердің өсуі желілердің ұзындығы мен тозуына байланысты әртүрлі болады. Қазір талдаулар мен есептеулер жүргізіліп жатыр. Тарифтердің қаншаға көтерілетінін нақты айта алмаймыз. Тұтынушылардың салған қаражатына да қоғамдық бақылау жасалып, иесіз желілер бойынша жұмыс жалғасады. Қабылданған шаралар қызмет көрсету сапасына әсер етеді: құбырлардың жарылуы мен апаттар азаяды", - деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысы Әсел Буденеева.
Спикердің айтуынша, Алматыда желілердің тозуы айтарлықтай жоғары: жылу және электр желілерінде 60 пайыздан асады, сумен жабдықтау және су бұру саласында 50 пайызға жуық.
Суық су мен кәрізге тарифтер едәуір өсетіні хабарланды, өйткені бұл қызметтердің төлемі Алматыда ғана емес, Қазақстанда да ең төменгі көрсеткіштердің бірі саналады.
Жалпы, бюджеттік субсидиялаудан нарықтық қаржыландыруға кезең-кезеңімен көшу жоспарланған. Тарифтерді негізсіз көтеру болмайды, деп уәде берді билік.