Әлемдегі ең мықты жел-электр стансысы – Қазақстандікі
бірақ ол еліміздегі энергияның балама көздері бағдарламасына енбей тұр
Әлемде жаңартылған энергия көздерінің ішінде ең серпінді дамып келе жатқан коммерциялық түрінің бірі жел энергетикасы болып табылады. Сондықтан оның болашағы зор екені анықталып отыр. Бізде Майлыбаев, Баялиев, Бүктіков секілді ғалымдар батыстың жел энергетикасы қондырғысына бәсекелесе алатын, сапасы жағынан екі есе мықтысын, құны да екі есе арзанын жасап шыққан. Алайда олар еліміздегі жел энергетикасы бойынша жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаға енбеген. Есесіне жекеменшік арасында бұл ғалымдардың дүниесіне деген сұраныс жоғары көрінеді. Дегенмен мамандар «бір данадан гөрі ол қондырғыны сериялап шығарсақ, мемлекет үшін де, ғалымдар үшін де тиімді болар еді» дейді.
«Ұлттық инновациялық қор» АҚ-тың Қазақстан энергетикасындағы балама қуат көздері бойынша зерттеуіне сүйенсек, еліміздің қазіргі энергетикалық потенциалында жылу электр орталықтарының өндіретін электр энергиясының үлесі – 88%, гидроэлектрстансыларының үлесі – 12%, балама энергетикалық қуат көздерінен алынатын электр энергиясы 0,02%-ды құрайды екен. Осындай болмашы көрсеткішке қарамастан, елімізде жел, күн және су секілді балама қуат көздері энергетикалық ресурстардың едәуір бөлігін бере алатындығы ғылыми тұрғыда дәлелденіп отыр.
Осыны негізге алған мемлекетіміз 2030 жылға қарай еліміздің 46 ауданында қуаты 1 миллион кВт болатын жел-электр стансыларын салуды жоспарлап отыр екен. Мәселен, бүгіндері Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында және Қарағанды облысының Шет ауданында жел-электр стансылары орнатылған. Ал таяуда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Маңғыстау облысында да жел-электр стансыларының құрылысы басталды. Бірақ бұған, негізінен, шетелдік қондырғылар тартылып жатыр, яғни климаты ұдайы құбылмалы болып тұратын біздің өңір желіне еш сәйкестендірілмеген. Отандық ғалымдар дүниеге әкелген туындыдан сапасы нашар, бағасы әлдеқайда қымбат. Осы арасы шынымен де өзегіңізді өртеп, өкінішке батырады...
Отандық қондырғыны мықты деген сөзіміз дәйекті болуы үшін салыстырмалы көрсеткіштерді бере кеткенді жөн көріп отырмыз.
Отандық жел-электр қондырғысының техникалық көрсеткіштері:
– Э/э құны – 4-6 теңге;
– желдің екпініне төзімділігі – 2-3-тен 50-60 м/с;
–1 кВт-тық біздің шағын қуатты жел-электр стансысының сериялап шығарудағы құны – 1500$;
– жылына орташа есеппен 6000-7000 сағат жұмыс істейді;
– формасы құбыр немесе дөңгелек сипатында бітеу келеді, желдің жылдамдығына қарай қондырғының қалқаншасы автоматты түрде жабылып, ашылып отырады, сондықтан онда гуіл, діріл болмайды, құстарға да қауіпсіз.Шетелдік жел-электр қондырғысының техникалық көрсеткіштері:
– Э/э құны – 15 евроцент, яғни 29 теңге;
– желдің екпініне төзімділігі – 3-тен 20 м/с, 4-тен 25 м/с;
– 1 кВт-тық еуропалық жел-электр стансысының сериялап шығарудағы құны – 3000-6000$ (шағын қуатты жел-электр стансысы үшін);
– жылына орташа есеппен 2500-3000 сағат жұмыс істейді (10 пайыздайы жылына кейде 5000 сағат жұмыс істейді);
– үнемі гуілдеп дыбыс шығарып тұрады, әрі қатты жылдамдықтағы айналма қалақшалары құстарға қауіпті. Бастысы, формасы диірмен секілді жел-электр қондырғылары теңіздің бір бағытқа соғатын самалына шақтап жасалған, сондықтан ол біздің континенталдық ерекшелігімізге сай, аласапыран, құйынды желімізге көп шыдай бермейді, яғни бүліну қаупі жоғары.
Атын атамауды сұраған құзырлы ведомство қызметкерінің айтуынша, отандық ғалымдар ойлап тапқан жел-электр қондырғыларының сертификаты жоқ. Сондықтан олардың мемлекеттік бағдарламада пайдалануына жол жабылып тұрған көрінеді. Мысалы, бұл көшеде иісі бұрқыраған нан сатылып тұр, бірақ оның сатушысы чек бере алмағандықтан, дүкенде тұрып қалған бөлкені сатып алуға тура келетін жағдайға ұқсайды. Қалай дегенмен де ғалымдар жекеменшікпен өзара келісіп, өз қондырғыларын 650-700 мың теңгеге орнатып беріп жатыр екен. Бүгіндері мұндай жаңа құрылғы Шу, Жоңғар қақпасы, Қаратау жиегінде бой көтерген. Осыдан-ақ нарықта аталған тауарға деген сұраныс барын пайымдауға болады. Демек, отандық жел-электр қондырғысын сериялап шығарсақ ұтылмаймыз. Мәселен, жоғарыда аты аталған ғалымдар ішінде Н.Бүктіков еліміздегі «Сентрас» венчурлық қорымен әріптестікте жұмыс істеп, өз қондырғысына бірнеше дамыған мемлекеттен (Жапония, Германия, Оңтүстік Корея, Қытай, ТМД елдері және т.б.) патенттер алған. Бұл – нарыққа шығаруға дайын дүние деген сөз.