Алдағы бірнеше жылда Алматы қаласы бойынша көппәтерлі 831 үй сүрілетін болды. Қала билігі қабылдаған жаңа бағдарлама бойынша бой көтергеніне жарты ғасырдан асқан ескі үйлер бұзылып, орнына жаңа көпқабатты тұрғын үйлер салынбақшы. Ал сүрілуі тиіс ғимараттардың тұрғындарын баспаналары қашан бұзылып, орнына жаңа пәтер беріледі деген сауал қатты мазалайды. Алматының қай ауданында неше үйдің құлатылып, орнына неше үй салынатынын Жарас Ниязбек анықтап көрді.
Алматы қаласы бойынша алдағы 2-3 жылда сүрілетін ең көп ескі үйлер Әуезов ауданында. Мұнда салынғанына жарты ғасырдан асқан тұрғын үйлердің орнына мынадай көп қабатты үйлер бой көтеріп жатыр. Тозығы жеткен ескі ғимаратта тұрып жатқан тұрғындардың біраз бөлігі өз баспаналарын қимайтындарын айтса, көп бөлігі жаңа пәтерлерге көшуді армандайды.
Салынғанына 55 жыл болған қос қабатты осы ескі үйде Екатерина Анатольевна 1985 жылдан бері тұрады. Тозығы жеткен баспана сүріледі дегенді естігелі тұрғындардан маза қашқан. Бірақ үйлерінің қашан сүріліп, өздерінің кейінгі тағдыры не боларынан бейхабар. Олар ескі үйде тұрып әбден шаршадық дейді.
ЕКАТЕРИНА КУСАИНОВА, Алматы тұрғыны:
- Осы жылы үйіміз сүріледі деген. Біз қатты күтіп жүрміз. Осы жерден көпқабатты зәулім үй салынып, сол үйден жаңа пәтер берілсе екен дейміз. Дәл іргемізде бой көтерген мынау үйлерге қарап қызығамыз. Бірақ әкімдік нақты ақпарат бермей отыр.
Алматы әкімдігі 2016-2020 жылдарға арналған ескі үйлерді сүріп орнына жаңа баспана тұрғызу туралы бағдарламаны бекіткен. Қаланың сегіз ауданында жалпы саны 831 үй сүрілмек. Әуезов ауданында 198 үй сүріліп, орнына 60 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді. Ал Түрксіб ауданында 182 үй сүріліп, 171 жаңа көпқабатты үй салынады. Алмалы ауданында 131 үй бұзылып, 71 жаңа үй тұрғызылса, Бостандық ауданында 108 ескі үйдің орнына 88 жаңа көпқабатты ғимарат салынбақ. Қазір әкімдік тарапынан инвесторлар іздестірілуде екен.
ЖАНАТ АЙТІЛЕУ, Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының бірінші орынбасары- Қалада құлатылатын үйлер одан да көп. Олардың кейбіреуі кірпіштен салынған үйлер. Оларды құлату қиындау. Өйткені онда әлі де тұра беруге болады. Бірақ соның өзінде олардың тұрған тұрыстары қазіргі заманға сай емес. Сондықтан оларды құлатуға тура келеді.
Ескі үйдің орнына көп пәтерлі ғимарат салатын құрылыс компаниясына әкімдік тарапынан бірнеше талап та қойылмақ. Бұрынғы тұрғындарға ескі баспаналарына сәйкес пәтер берілумен қатар, бірнеше пәтерді мемлекеттік бағдарлама бойынша сату ұсынылады. Қалған шаршы метрлерді құрылыс компаниясы өз қалауынша сата алады.
Алдағы бірнеше жылда Алматы қаласы бойынша көппәтерлі 831 үй сүріледі
Последние статьи автора