2023 жыл басынан әлеуметтік төлемдер, айыппұлдар мөлшері қалай өзгереді
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойды. Аталған заң жобасы аясында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күнкөріс шегі, ең төменгі зейнетақы, айыппұл көлемі, жалақы мен жәрдемақы мөлшері, сонымен қоса бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жаңа мөлшері белгіленді. Толығырақ ҚазАқпаратсарапшысының материалында.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Бұл құжатта бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін 1,5 жасқа дейін ұлғайту, базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көтеру, ынтымақты зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде табыстың ең жоғары шектелуін 46-дан 55 АЕК-ге дейін арттыру, сақтандырылған адамдар үшін жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер мөлшерін орташа айлық табыстың 45%-на дейін өсіру бойынша түзетулер қамтылған. Осылайша, 2023 жылға ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) – 70 мың теңге, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 450 теңге болып бекітілді.