2018 жылы зейнет жасы да, зейнетақы да артады
Келесі жылы еліміздің әлеуметтік саласында бірқатар өзгеріс болады. Олардың бірі - әйелдердің зейнеткерлік жасының ұлғаюы. Дәлірек айтсақ, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2018 жылдан бастап 2027 жылға дейін жыл сайын 6 айдан артып отырады. Яғни, жаңа жылдан бастап әйелдер 58,6 жасқа толған кезде ғана зейнетке шыға алады. Baq.kz тілшісі жұртқа түсінікті болу үшін қазақстандықтардың жаңа жүйе бойынша қашан зейнетке шығатынын анықтаған еді.
«Қазақстан Республикасының заңнамасында ер адамдар үшін зейнетке шығатын жас – 63 жас, ал әйелдер үшін - 58 жас. Сонымен қатар, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын кезең-кезеңімен 58 жастан 63 жасқа арттыруды көздейтін норма күшіне енеді. Осыған орай, әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру 2018 жылдан бастап 2027 жыл аралығында, 10 жыл ішінде 6 ай сайын жүзеге асырылатын болады. Бұл шара, 1960 жылы және одан кейін туған әйелдерге қатысты болады. Мысалы, 1964 жылғы 1 қаңтардан 30 маусымға дейін туған әйелдер 62 жас 6 ай толған кезде зейнетке шықса, 1964 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін туған әйелдер 63 жасқа толған кезде зейнетке шығады», - деп тілшінің ресми сауалына Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігі жауап берді.
Зейнеткерлік жасы ұлғайғанымен, әйелдерге зейнетке ерте шығу мүмкіндіктері сақталған, олар:
- 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге 53 жасқа толғанда;
- төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз – 1963 жылғы 5 шілде аралығында кемінде 5 жыл тұрған әйелдер 45 жасқа толғанда;
- зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде (2017 жылы - 12,4 млн теңге), зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан жағдайда - 50 жасқа толғанда.
Яғни, осы жасында жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақы төлемдерін тағайындау құқығы бар болады.
Бұған қоса, әйелдерге жасына байланысты зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтілін жұмыс iстемейтiн ананың жас балаларды бағып-күткен, бiрақ әрбiр бала 3 жасқа толғанға дейін жалпы жиынтығы 12 жыл шегiнен аспайтын уақытты есепке алу жеңілдігі сақталған.
Ведомство мәліметінше, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде тек 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі есепке алынады. Ал, 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек өтілі үшін жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы төлемдері беріледі.
Зейнет жасына келген азаматтар зейнетке шығу үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес келесі құжаттарды ұсынады:
1) жеке куәлік;
2) тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат;
3) еңбек кiтапшасы;
4) бiлiмi туралы құжат;
5) әскери билет немесе қорғаныс істері жөніндегі басқарманың (бөлімнің) анықтамасы;
4) жұмыстағы үзілістерге қарамастан, 1995 жылғы 1 қаңтардан бергі кезеңдегі қатарынан кез келген 3 жылғы орташа айлық табысы туралы ұйымның (кәсіпорынның) анықтамасы.
Қажетті құжаттардың толық тізімі «Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн бюджет қаражаты есебiнен беру, сондай-ақ уәкілетті ұйымнан төленетін зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидалары» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 223 бұйрығында бекітілген.
Зейнетақы тағайындау туралы толық мәлімет алу үшін азаматтар қажет құжаттарымен тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына баруы қажет. Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ақпараттық кеңес орталығының (call-центр) 1414 номерлі телефонына тегін хабарласып, толық мәлімет алуға болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігінің мәліметінше, зейнетақы жасы ұлғайғанымен, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайынғы жасына байланысты зейнетақы төлемдері 8%-ға өседі. Сонымен қатар, ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасының өзгеруіне байланысты мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері де артады.
Атап өтсек, бұған дейін 2018 жылы халыққа көрсетілетін әлеуметтік көмектер жайлы да хабарлаған едік.