Тұғырда – ақын
Ақын ескерткіші облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасында жасалған өзара ынтымақтастық меморандумы аясында тұрғызылды. Жобаның құны – 25,5 млн теңге, авторы бірқатар сыйлықтардың иегері, мүсінші Жеңіс Молдабаев. Ескерткіштің тұғырымен қоса алғандағы биіктігі – 7,8 метр, өз биіктігі – 3,8 метр. Қоладан құйылған ескерткіш моделі Қазақстан Суретшілер одағының Қарағанды облыстық бөлімшесінің өндірістік комбинатында әзірленді. Тұғыры Тянь-Шань гранитімен қапталған. Ескерткіштің айналасы тегіс абаттандырылып, тұтас бір аллеяға айналған, гүлзарлар, аспалы шамдар, көкпеңбек көгал, ыңғайлы орындықтар қойылған.
«Қасым» журналы жарық көрді
Ақын тойы қарсаңындағы елеулі жаңалықтың бірі «Қасым» атты республикалық әдеби-қоғамдық журналдың жарық көруі болды. Мерейтой үстінде тұңғыш санының тұсауы кесілген бұл басылымның бас редакторы – әріптесіміз, «Алаш айнасының» Қарағанды облысындағы тілшісі, белгілі ақын Серік Сағынтай. Жаңа журналдың алғашқы санында Қасым туралы замандастары мен қаламдастарының естеліктері, ақынның төл туындылары мен тәржімалары топтастырылған. Журналда сондай-ақ бірқатар танымал қаламгерлер мен жас ақындардың шығармалары, әдебиеттанушы, өнертанушы ғалымдардың зерттеу мақалалары жарияланған. Журналдың құрылтайшылары – Қарағанды облысының әкімі, «Ақсораң» қоғамдық қоры. 200 беттен тұратын басылым екі айда бір рет жарық көріп тұрмақ.
Алтын қалам иесі
Қазақстан Жазушылар одағы бірқатар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің таңдаулы шығармаларын «Алтын қалам» сериясымен шығарып келеді. Қасым Аманжолов поэзиясы осы саптан ойып орын алары сөзсіз. Өткен жылы оқырман қолына тиген бұл жинақтың біраз данасы той қонақтарына тарту етілді. Бұл таңдамалы жинаққа ақынның белгілі өлеңдері, «Ақын өлімі туралы аңыз», «Боран» секілді әйгілі бес поэмасы еніп отыр. Мұнда сондай-ақ ақынның қаламдас бауыры Сырбай Мәуленовтің «Телтолқын» атты кітабынан «Найзағайлы қара бұлт» атты эссесі берілген. Жыр жинағына алғы сөз жазған – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын-драматург Нұрлан Оразалин. Кітап «Ан Арыс» баспасынан шыққан.
«Жыр жазамын жүрегімнен...»
Бұл ән жинаққа Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған қазақ композиторларының шығармалары мен ақынның өз әндері топтастырылған. 18 әннен тұратын бұл жинаққа ақынның «Өзім туралы», «Дариға, сол қыз...», «Айтшы, жаным», «Жас дәурен» атты халық арасына кең тараған лирикалық-сазды туындылары енген. Мерейтойға арнап шығарылған бұл музыкалық альбом Қарағанды облыстық әкімдігінің тапсырмасымен жарық көрген. Жауапты шығарушы – Дархан Атығаев, редакторы – Самал Қайырбекқызы.
«Қасымнан – ғасырға»
Осындай символикалық атаумен шыққан үнтаспаға Қарағанды облысы жас ақындарының өлең-жырлары топтастырылған. Жүзден астам талантты жастың шығармаларын шоғырландырған бұл аудиоантология «Арлан» студиясында әзірленген. Жастардың өлеңдерін сұрыптап, жинастырған қазақтың көрнекті ақыны Серік Ақсұңқарұлы жинаққа жазған алғы сөзінде: «Қарағанды – кеншілер қаласы ғана емес, атойлаған Алаш рухының айнасы іспетті өлке. Асанқайғы, Ақтамберділерден бастау алып, Абаймен кемеліне келген, Мағжан, Қасым, Мұқағалилармен мұзарт шыңға көтерілген қазақ поэзиясы осындағы жас толқынның жырымен тағы бір жаңа қырынан көрінгелі тұр», – дейді.
«Өзім туралы»
Қасым тойы қарсаңында қалың оқырманға тарту етілген «Өзім туралы» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы «Ана тілі» баспасынан жарық көрген. «Мерейтойлық әдебиет» сериясымен шыққан бұл кітапты құрастырып, алғы сөзін жазған – ақынның қызы Дариға Қасымқызы. 360 беттен тұратын жинақта сондай-ақ Қасым тәржімасындағы орыс әдебиетінің классигі Александр Пушкиннің «Полтава» атты кең тынысты поэмасы берілген.
Ақынға ғылым көзімен үңілу
Ақын тойы барысында «Қасым Аманжолов және дәуір поэзиясы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Ел зиялылары, белгілі ғалымдар мен қаламгерлер қатысқан осы келелі жиынның материалдары алдын ала арнайы жинаққа топтастырылған болатын. Ғылыми топтаманы академик Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалымдары құрастырған. Бұл кітап, негізінен, Қасым мұрасын зерттеуге ден қоюшы әдебиетшілер мен жоғары оқу орнының ұстаздары мен студенттеріне арналған.
«Дариға, сол қыз...»
«Қазақстан» ұлттық телеарнасы ұсынған бұл тележоба Қасым Аманжоловтың 100 жылдығына орай түсірілген. Ақын шығармашылығы мен өмірін арқау еткен бұл фильм сұрапыл соғыс жылдарындағы қазақ тағдырынан сыр шертіп, ақындық рухтың асқақ бейнесіне үңіле түсуге мүмкіндік береді. Аталған туынды қан майданда от кешкен батырлар рухы мен барлық ардагерлерге арналған. Тележобаның режиссері – Серік Ыбырайым, сценарий авторлары – Қанағат Әбілқайыр, Болатбек Баянхан. Қасым бейнесін сомдаған актер – Мұхиддин Шынтай. Фильмде Қасым Аманжоловтың әндері орындалып, өлеңдері оқылады.
Әнге айналған жырлар
Қасым – ақын ғана емес, түрлі аспаптарда шебер орындаушы әрі композиторлығымен де танылған. Бүгінде Қасым әндері мен оның сөзіне жазылған белгілі композиторлардың шығармалары үлкен сахналарда шырқалуда. Мерейтой аясында ақынның музыкалық мұрасы мәтінімен және нотасымен бірге бір кітапқа топтастырылды. «Көңілдің күйін тербейік...» деген атпен жарық көрген бұл әндер жинағының жауапты шығарушысы – Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының бастығы Б.Байсағатов. Редакторы – С.Сағынтай. 250 беттен тұратын кітапқа 50-ге жуық ән енгізілген. Ән-жинаққа алғы сөз жазып, Қасымның музыкалық мұрасына шолу жасаған – белгілі жазушы Дидар Амантай.