Қарғыбауды неге жуасың?
Алыстағы ауылда туып, отыз жыл механизатор болып, егіншілікпен айналысқан Қоқым қалаға келгелі өзінің өркениеттен, мәдениеттен елу жыл артта қалғанын сезіп, ұяттан жерге кірердей болып жүр. Мұндағы адамдардың тілі де, тіршілігі де ауылдағылардан мүлде өзгеше екен. Ауылдағы бригадирі бұған:
– Әй, енеңді ұрайын Қоқым, санасыз, саңылаусыз неме, қанша ескертсем де, жұмысқа кешігуіңді қоймайсың. Күрік болған тауықтай айналшықтап, қатыныңның қасынан шықпайсың. Сендей қатынжанды жадыбасты көрсем көзім шықсын. Енді бар ғой, бір минөт кешігетін болсаң, әкеңді танытып, көзіңе көк шыбын үймелетіп жұмыстан қуамын, – деп ақырар еді. Отыз жыл ақырды.
Ал мұндағы өзі жұмыс істейтін құрылыс мекемесінің бастығы:
– Қоқа, сіз жұмыстан осымен екі рет кешіктіңіз. Қазір құрылыс науқанының қызған шағы. Бір минуттың өзі қымбат. Мына салып жатқанымыз – балалар бақшасы. Оны күзде, мерзімінде пайдалануға бермесек, балалардың алдында ұятқа қаламыз. Бір адам жұмыстан кешіксе, он адам оған қарап тұрады. Сіз қазуға тиісті траншеяны он адам цементпен толтыруы керек. Ал сіз оны қазған жоқсыз. Мұныңыз жарамайды. Олар шағым айта бастаса, мен қарап тұра алмаймын, – дейді жұмсақ үнмен, бірақ ызғарлы леппен.
Бригадирдің және басқалардың ақырып-бақырып боқтауына еті өліп кеткен Қоқымға мына бастықтың зекімей, жаймен ескертпе жасауы мақтамен бауыздағандай әсер етті.
Қоқым аяғын да сағатпен санап басатын қалалық болуға белді бекем буды. Осында жоғары оқу орнында оқитын үлкен қызы күнде кешке бұған мәдениетті болу туралы дәріс оқиды. Кіммен қалай сөйлесу керек, қандай киім кию керек, көпшілікпен отырғанда тамақты қалай ішу керек, бәрі-бәрі туралы ақылын айтып, үйретіп отырады. Қызының ең өтініп сұрағаны «боқтап сөйлеуді тоқтат» болды. Қоқым демалыс күндері немесе тойға, қонаққа барғанда киетін киімдерді, тіпті мойнына өмірі іліп көрмеген галстукке дейін сатып алды. Оны өзі кемсітіп, «қарғыбау» деп атайды. Сөйтіп, киім жағы жөнделді. Ендігі ең қиыны сөйлеу мәнері болып тұр. Ауылда жүргенде екі сөздің бірінде «әкең... шешең...» деген сөздерді емін-еркін қолдана беретін. «Қап, әкең... маған қалдырмай ішіп қойыпсың» дегенде, жырық ауыз Жиенбет селт етпей отыра беретін әдейі сол сөзді естігісі келгендей. Ол да бұған солай жауап берер еді. Қалада түк зияны жоқ осы сөздерді мүлде пайдалануға болмайды екен. Ол мәдениетсіздікке жатады-мыс.
Қоқым «екі елі аузына бес елі қақпақ қойып», ол сөздерді біртіндеп қолданыстан шығарып келеді. Бірақ кейде ауызға оқыс түсіп кетеді. Ол оқа емес. Анда-санда, жан қиналғанда пайдалануға болады ғой.
Бүгін сүйікті балдызының үйлену тойы. Бәрі соған дайындалып жатыр. Қызы:
– Көке, тойға галстуксіз барған ұят болады. Елден қалмау керек, сіз де байлаңыз, – деді.
– Мақұл, қызым, – деді Қоқым мәдениетті болуды өзі де ұната бастап еді.
Қиындық осы жерде басталды. Бұл маңайда галстук байлайтын бір адам табылмады. Бәрі кәрі-құртаң зейнеткер, күйеуімен ажырасқан жесір, бойдақ келіншектер. Күйеуінің қатты қобалжығанын білген Қатира:
– Анау көк шатырлы үйде бір жігіт тұрады. Әйелімен танысып қалып едім, күйеуі жорналшы екен. Сол жігіт ылғи галстук байлап жүреді, соған барып кел, – деді.
Амалы таусылған Қоқым аяғын ұяла басып келіп, есіктің қоңырауын жаймен басты. Есікті теуіп кіре беретін бұл ауылдағы Қыранбайдың үйі емес қой, сызылып күтіп тұр. Іштен жас жігіт шықты.
– Келіңіз, кіріңіз ақсақал, – деп бәйек болып жатыр. Ол имене басып ішке енді. Үйдің іші мұнтаздай таза, еден де, бәрі жарқырап тұр. «Мынау үйге әйелімді командировкамен жіберіп алу керек екен» деп ойлады. Қоқымның келген шаруасын тез бітірген жорналшы жігіт оны есікке дейін шығарып салды.
Қоқым ойланды. Әлі талай той болады, қонаққа барады. Концертке де барып қалуы мүмкін. Сонда осы жігітке күнде келіп қарғыбауын байлата ма? Ол ұят, біреудің есігін күнде қағу – әдепсіздік.
Екі-үш күннен кейін Қоқым он галстукты бірден сатып алып жорналшыға келді. Қайта-қайта кешірім сұрап, «бұдан кейін мазаңызды алмаймын, мыналарды түгел байлап беріңіз» деп өтінді. Ол бір іске кешірім сұрауды қалаға келген соң үйренген болатын. Біреудің бірдеңесін бүлдіріп қойса, «қап, шешеңді... бір шөлмек менің мойнымда» дей салатын. Ауылда бір-бірінен иіліп-бүгіліп кешірім сұрап жату әбес еді. Тіпті еркек адамға жараспайды. Айыпты болып қалдың ба, бір шөлмегіңді әкеліп бөліп іш те, айыбыңды жу.
Қоқымның қалалық болғанына біраз уақыт өтті. Мәдениетке төселіп келеді. Мойнын қылғындырған қарғыбауға да үйренді.
Бүгін тағы бір балдызының үйлену тойы. Үлкен ұлына:
– Әй, әкең... Менің әлгі қарғыбауымды әкел, – деп бұйырды. Балалардың бәрі жабылып іздеп қарғыбауды таппады.
– Он қарғыбаудың біреуі де жоқ па? – деді бұл ашу шақырып. Оның дауысын естіп, Қатира үйге бас сұқты.
– Не? – деді сұраулы жүзбен. Бұл ескі әдетімен «же» дей жаздап барып, әзер аузына ие болды.
– Қарғыбауларым қайда, қайда тығып тастағансың?
– Бәрінің қыртысын жазып жуып қойғам, далада кептірулі тұр, – деді Қатира.
– Не дейт, өй әкең... не оттап тұрсың, байлауын шешіп жудың ба? – деді бұл.
– Е,е, әрине, түйінін шешіп жудым. Әйтпесе жуыла ма?
– Қап-ай, ә! Жорналшы жігітке «бір жылға дейін мазаңды алмаймын» деп ант беріп кетіп едім. Енді қай бетіммен барамын, ә? Әй, сен мәдениеттен мақрұм, жабайы, шашты сайтан. Өзінше тазалықты сүйе қалыпты ғой, ышқырына қи қатқан төмен етек күң! Қарғыбауды жу деп саған кім айтты, а? Сол қарғыбаумен өзіңді буындырып өлтірейін бе?