Қоқым мен Түгелбай үш күннен бері туған күнді тойлап жүр. Бірақ қайсысының туған күні екенін өздері де ұмытып қалған. Әйтеуір, біреуінің туған күні екені рас. Бүгін достар суға шомылып, ақшаларының қалдығымен бас жазу үшін Сайран көліне келді. Мұздай суға сүңгіп рахаттанған екеу тал көлеңкесіне отырып, ішуді әрі жалғастырды.
– Менің енемнің жазығы қанша? Саған қандай жаманшылық істеді, а? Сенің енең үшін тост айтып, бір емес, үш рет іштік. Ал менің енем үшін неге бір рет тост айтпаймыз? – деді Қоқым Түгелбайға қатты өкпелеп.
Енесінің сүйкімді қылықтары есіне түсіп, жүрегі жылаған Қоқымның бұл өкпесі өте орынды еді. Бірақ қыңыр сөйлеп, қисық іс қылатын Түгелбайдың талағы тарс кетіп қарсы дау айтты.
– Есің дұрыс па өзіңнің, сенің енеңнің ғұмыры ұзақ, денсаулығы мықты болсын деп қандай дурак тост айтады? Өйткені ол кісі давным- давно, біз ауылда трактор айдап жүргенде бақилық болған. Өлген адамға не деп тілек айтасың? Оған құран бағыштау керек, құран! Ал біз үш күннен бері ішіп жүрміз. Ішкен адамның құран оқуы – мұсылмандыққа жат, харам! Олай етсек, екеуміз де күнәға батамыз. Менің енем екеумізге де жақсылық жасап жүр. Біз сол кісінің жүгін қол арбамен тасып, айлық алып жүрміз. Қазір базарда арбаға қамыт іздеп жүргендер көп. Енем оларды жалдамай, ауылдың балалары еді деп екеумізді жалдады. Сен – жақсылықты білмейтін ақымақсың.
Бұл дәлелдерге Қоқымның көңілі көншімеді.
– Немене «өлдің-өштің» дегің келе ме? Өлген адамға да.... өзіне лайық түрлі тілектер болады ғой. Мысалы, алдың жарық, жатқан жерің жайлы болсын. Барар жерің жұмақ болсын, – деп ішіп қоюға болады ғой.
– Болмайды, – деді Түгелбай қасарысып. – Болмайтыны – сенің марқұм енең әуел бастан тозақ отына қақталып жатыр.
– Өй, жадыбас неме, оны кім айтты саған? Әлде өзің барып, көріп келдің бе? – деді Қоқым қатты ширығып.
– Мен көрмесем, Қарғаш дүмше көріп, біліп отыр. Есіңде шығар, «жас кезінде біраз күнәға батып еді, марқұмның барар жері – тозақ» деп дүмше енеңнің жаназасын шығармай қойып еді ғой. Тозақта жүрген адамға жұмаққа бар деп, Құдайға қарсылық көрсете алмаймын. Ол – күнә!
– Сілекейі шұбырған кебіс аузыңды... Сен қашаннан бері күнәдан пәк періште бола қалғансың? Ішетінің – арақ, істейтінің – ойнас пен ұрлық, айтатының – өтірік, таситының – өсек. Қарғаш дүмше енемнің жаназасын мал емес, шапан беретінін біліп шығармады. Оның көкейін тескен – дүние. Сол сылтаумен өсек-сөз таратқан ол нысапсыз найсап.
Тілек айтса, бірдеңесі шығын болатындай Түгелбай бас шайқап, қасарысып отырып алды. Сол кезде бұлардың қасына киімі алба-жұлба, сақал-шашы өскен, қызыл мұрын бейтаныс адам келді.
– Ассалау... ағалар, – деді ол қарлыққан жарқыншақ дауыспен. – Енесін соншалықты сүйетін абзал азаматты бірінші рет көріп тұрмын. Егер маған жүз грамм құйсаңыз, енеңіз жеті пейіштің есігін ашатын тілек айтар едім. Көп жыл көрмеген енесін сағынған Қоқым ағыл-тегіл жылап тұр еді. Ол мына жылы сөзді адамға риза болып кетіп, арақты айғыр стақанға лықылдата құйып, анаған ұсынды. Бұл Түгелбайға ауыр соққы болды.
– Әй, әй, жөйт неме, қалдыр, қалдыр. Енді собразға кәнегіміз де қалған жоқ қой, – деді Түгелбай шыж-быж болып.
Досының шыжылдағанына Қоқым түкірген жоқ. Қалған арақты өзіне құйып алды.
– Ал, айт тілегіңді. Мына іші тар, өсекші сүмелектің есінде қалатындай етіп айт! – деді.
Бейтаныстың өз енесіне арнап қандай тілек айтқанын Қоқым естіген жоқ. Жаңағы даудан кейін қан қысымы көтеріліп кетті ме, есі ауытқып кетті. Трамвайдың жүйкені шымырлатар шиқылынан есін жиды. Қасында Түгелбай отыр. Түгелбай тегінде достыққа адал, шөлмектесін жолға тастамайтын сенімді жігіт болатын. Үйлеріне жақын баратын трамвайға досын сүйреп мінгізіп, құлап кетпесін деп, сүйеп отыр екен. Манағы өкпенің бәрі ұмытылған. Досының есі кіргенін көріп, алдына қарай қулана ым қақты. Қоқым енді байқады, қарсы алдарында қасы қияқтай біреу отыр. Қалың ұзын шашы бетінің біраз бөлігін жауып тұр. Шашының арасынан алтын сырғасы мен моншағы жылтырап көрінеді.
– Мынау еркек пе, әйел ме? – деді Қоқым былшықтанған көзін әзер ашып.
– Шорт знайт, – деді Түгелбай, – беті әйел, киімі еркектікі. Еркек сырға таға ма, әйел шығар.
– Өзін айналдыра отырсақ қайтеді, – деді Қоқым.
– Давай, – деді Түгелбай қостай кетіп. – Қарындас, қыпша бел, қиғаш қас хас сұлудың өзі екенсің...
– Бұл өтірік мақтайды, – деді Қоқым кейіп кетіп, – бұл нағыз суайттың өзі. Талай қызды алдап соққан Дон-Жуан. Мен жөні түзу жігітпін, рұқсат болса, таныса отырайық. Менің атым Қоқ... Қоқ...
Танысудың реті келмеді. Көздерінің отын жарқ-жұрқ еткізген соққыдан екеуі бірдей естен танды. Содан соңғы аялдамаға дейін естерін жиған жоқ.
Мынау еркек пе, әйел ме?
Последние статьи автора