Барлық езілген еркектер, бірігіңдер!
Қоқым өз өмірінде үш нәрсеге ғашық болды. Содан әлі танбай келеді. Жігіт шағынан сұлулыққа, нәзік жандыларға ғашық болды. Екіншісі– араққа құмарлығы әлі тарқамай келеді. Үшіншісі – партия құмарлығы. Ол өз замандастары сияқты, ең алдымен, октябрят болды.
Одан соң «әрқашан да дайынмын» деп серт беріп, пионер қатарына өтті. Мүшел жастан аса бере: «Комсомолдар жас қайраты елімнің. Алға, комсомол, алға!» – деп шырқап жүріп, Ленин комсомолының мүшесі атанды. Болашақта дөй бастық боламын деген арманы жүзеге аспады. Мектепті қалт-құлт етіп әзер бітірген ол институт түгілі, техникумға да түсе алмады. Ол кезде нашар оқитын балаларды аудандағы тракторшылар курсына жіберуші еді. Қоқым соны тамамдап, ауылға келіп тракторшы болды. Шыны керек, ол жаман тракторшы болған жоқ. Бастықтар қайда жұмсаса да, бас тартпай, тарта беретін. Сонысымен жағып, жақын арада мал азығын дайындайтын бригаданың бригадирі болды. Қоқым үшін бұл үлкен лауазым еді. Өйткені оның қарамағында он шақты тракторшы мен жұмысшы бар. Оларға «ақ дегені –алғыс, қара дегені – қарғыс».
Бара-бара Қоқым бұдан да үлкен лауазымға – ферма бастығы қызметіне қол созды. Ол кезде ферма басқару үшін міндетті түрде КПСС мүшесі болу керек еді. Қоқаң оның да жолын тапты. Совхоз парторгі бұған көрші болатын. Сиырын суарып, отынын жарып, суын тасып жүріп, оның көңілін тапты. Үйіндегі жалғыз тайыншасын беріп, коммунист қатарына өтті. Енді ол «партия қайда болса, жеңіс сонда» деп шырқайтын болды.
Келесі жылы Қоқым берген ала тайынша егіз бұзау тапты. Соған риза болды ма, парторг өзінен өлердей қорқатын босбелбеу директорға салмақ салып жүріп, мұны қой фермасына бастық қылды. Қойған шарты – біреу-ақ!
Қыста – соғым, жазда сойысқа қой береді. Отыны, шөбі, жемі осының мойнында. Тумысынан пысық Қоқым: «Ләпбай, тақсыр!» – деді. Бұл басқарған ферма малды, жанды үлкен ұжым еді. Жүз қой найзағай түсіп, «табиғи апатқа ұшыраса» да, ферманың мұрты қисаймайды. Оның орнын Хрущев көкесі енгізген СЖК арқылы туған – егіз, үшем қозылар толтырып жатты. Қысқасы, Қоқым шайқап ішіп, шайқап төкті. Жыл сайын курорт жағалады. Шетелдерге де бірнеше рет барып қайтты. «Қазақ байыса, қатын алады» деген нақылдың шындық екенін дәлелдеп, бірнеше рет үйленді. Қулығына құрық бойламайтын ол әйелдердің бірімен де заңды некеге тұрған жоқ. Өйткені парткомның заңы қатал. Некелі әйелімен ажырасқан еркек партиядан шығып, жұмыстан қуылады. Жиған-тергенінің тең жартысын әйелге бөліп береді. Алимент деген пәлесі тағы бар. «Моральдық жағынан азғындаған» деген айдар тағып, ондай адамды қайтіп жауапты қызметке алмайды.
Қоқымның шалқуы ұзаққа бармады. Ағылшын бастығы Черчильдің «революция – әзір бесіктегі бала, оны сол бесікте жатқанда тұншықтырып өлтіру керек еді» деген арманы, сәуегейлігі бір-ақ сәтте орындалды. Әлемді қалтыратқан коммунистік партия тамыры шіріген томар сияқты гүрс етіп құлады. Онымен бірге Қоқым да омақасты. Бар тапқан байлығы құмға сіңгендей жоқ болды. Қатты қайғырды, қысылшаңнан шығар жол іздеді. Сол кезде «Азат» деген партияның құлағы көрінді.
– Коммунистік партия маған бәрін берді. Ал «Азат» маған не береді? – деді үгітшілерге.
– «Азат» азаттық әпереді, – деді олар.
– Жарайды, – деді Қоқым, – мен партия мүшесі болып үйреніп қалған адаммын, партиясыз өмір сүре алмаймын, қатарыңа жаз.
Бір күні «Ауыл» партиясының атқамінерлері келіп тұр.
– «Ауыл» маған не береді? – деді Қоқым төтесінен.
– «Ауыл» ауылдағыларға мал мен жер береді, – деді «ауылдықтар».
– Жарайды, – деді Қоқым,– маған мал мен жер керек. Мүшелікке жаз.
Бір күні: «Руханият» партиясынан едік», – деп сып-сыпайы, сүп-сүйкімді келіншектер келіп тұр.
– «Руханият» маған не береді? – деді Қоқым.
– «Руханият» сізге рухани байлық береді, – десті сып-сыпайы, сүп-сүйкімді келіншектер.
– Рухани байлық маған да керек, – деді Қоқым. – Мені мүшелікке тіркеп қойыңдар.
Қазір аттары есінде жоқ, тағы үш-төрт партияның қатарына өтті. Бірақ оның үміті ақталмады. Өзі мүше болған бірде-бір партия бұған қызмет ұсынбады. Тіпті жиналыстарына да шақырмады. Мұны мүлде ұмытып кеткен сияқты. Баяғыда ферма басқарып жүргенде жиналыстарда аузы көпіргенше сөйлеп, «келер жыл мал басын пәлен мыңға жеткіземін» деп бөсетін. Ол кезде бастықтың беделі мал басының санымен бағаланатын. «Сол мал сияқты менің де тек санға керек болғаным ғой» деп Қоқым қатты қапаланды. Өзінің жеке партиясын құру идеясы осылай туды. Оған түрткі болған тағы бір жайт – алғашқы әйелі Қатира. «Әйелдерді еркектердің зорлық-зомбылығынан азат ету» деген партия құрып жатқан көрінеді. Естуінше, олар бұрынғы байларына қарсы шығып, балаларына алимент пен кеткен ақыларын даулайды-мыс. Партия қатары күн санап көбейіп барады дейді. Олардың ішінде өзінің үш әйелі, Түксен мен Қыранбайдың жіберген жесірлері бар екен.
Қоқым дереу өзінің шөлмектес достарын, Қыранбайды, Жиенбетті, Түксенді шақырды. «Осылай да осылай, олар бізге қарсы жасақ жинап жатқан көрінеді. Ойлары – арам. Алимент, мал-мүлік дауламақшы. Біз де қарап отырмай, өз партиямызды құруымыз керек,– деді. Бұрын бір немесе бірнеше әйел жібергендер бірден қуаттай кетті. «Партиямыздың аты қандай болады» десті.
– Партиямыздың аты – «Барлық езілген еркектер, бірігіңдер!» Осылай деп жар салсақ, ойдағы, қырдағы, қаладағы қатындарынан қорлық көріп жүрген еркектер топ-тобымен бізге келіп қосылады. Әйелдердің партиясына қарсы партия болып шығамыз. Сен, Қыранбай, бірнеше рет сотталған қусың. Дереу түрмелерге барып, қатындары соттатқан сорлыларды үгітте. Бізге олар сөзсіз қосылады. Ал мен қалаға аттанамын, онда қатындарынан қорлық көріп жүрген бөріктестеріміз жыртылып-айырылады.
Осылайша жаңа партия дүниеге келді. Алдағы уақытта олардың не бітіретіні әзірге белгісіз. Егер сіз әйеліңізден қысым көріп жүрсеңіз, дереу келіп мүшелікке өтіңіз. Шапағаты тиіп қалар.