Алматыда асықтан ат жасаған шеберлер дүйім жұртты қайран қалдырып отыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен 8500 асық жинап, алты ай бойы көз майын тауысып, Еуразия атты ақбозат мүсінін өмірге әкелген Нұрлан Әбішев, Нұрлан Әділхан, Қуаныш Мәтенов есімді азаматтардың еңбегі ерен. Осы бір ерекше туындыларын авторлар Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тарту ретінде жасаған.
Қазақтың өнерге жанашыр азаматы Нұрлан Әділханның ат пен асық астасқан идеясын бірден іліп әкетіп, іске асырған шебер мүсінші Қуаныш Мәтенов пен талантты суретші Нұрлан Әбішев туындыға өзіміз өмір сүріп отырған құрлықтың атауын бекерден-бекер қоймағанын жеткізді. Қас суретші Нұрлан Әбішевтің айтуынша, әр асықтың өз тарихы бар. Еуразияның кіндігіндегі, қазақ жеріндегі қаншама қолдан өткен асықтар бір жерге шоғырланып, мүсін ретінде бой көтерген.
Естеріңізде болса, қашанда қазақтың ұлттық құндылықтары мен туған жер табиғатын қылқаламына арқау ететін кескіндемеші, график, иллюстратор, кино суретшісі Нұрлан Әбішевтің АҚШ-та өткен жаһандық көркемөнер байқауында жеңімпаз болғандығына «Алаш айнасы» газеті Алаш жұртынан сүйінші сұраған еді. Енді, міне, тағы да асықпен көмкерілген тұлпарды тарту етіп, өзінің шынайы өнерпаздығын дәлелдеп отыр.
Алғашында Алматыдағы «Мега» ойын-сауық отауына қойылған нағыз шеберлердің қолынан шыққан «ер қанаты» қазір «Прайм плаза» ойын-сауық кешеніне көшіріліпті. Бұдан кейін ол Дубайда өтетін әлемдік көркемөнер көрмесіне жол тартпақ. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын араб елдерінде мұндай шығармашылық жұмыстар теңдессіз бағаланатын көрінеді. Осындайда «ұлттық төл өнеріміз бен таза қанды қазанаттарымызды қаншалықты бағалап отырмыз?» деген сауал өздігінен туындайды. Лайым өмірін өнерге арнаған жас өрендеріміз жемісті еңбектерімен Алаш елін қуанта берсін...
Нұрлан ӘБІШЕВ, суретші:
– Шығармашылық жұмысымыз ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналады. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына, оның дамып, көркеюіне өзіндік зор үлесін қосып жүрген азаматтар көп. Азаттықтың 20 жылы да еркін, ашық, батыл, қонақжай талай ұрпақты тәрбиелеп шығарды. Егемендігімізді алған жылдары асық ойнаған балақайлар қазір ел қорғаны болар азаматқа айналды. Солардың көбі, мүмкін, бала күнде дәл осы асықтармен ойнаған шығар. Бүгінде ел тұтқасына айналған азаматтардың көбінің бұл асықтарда бала күнгі табы, ыстығы сақталған. Ал бүгінде бұл асықтар қазақ халқының асыл да айнымас серігі – арғымаққа айналып, көз сүйсіндіріп тұр. «Асығың алшысынан түссін» деген де жақсы сөз бар қазақта. Міне, біздің жылқы мүсінін жасауда дәл асықты таңдауымыздың сыры – осы. Асықтан тұрғызылған жануарды Дубайда өтетін бүкіләлемдік көрмеге алып бармақ ойымыз бар.
Қуаныш МӘТЕНОВ, қолөнер шебері:
– Бәріміз ауылдан шықтық. Сондықтан ат мүсіні бүге-шігесіне дейін қандай болатынын жақсы білеміз. Әуелі тұп-тура аттың сызба-жобасын салдық. Сосын тура сол өлшеммен темірден қаңқасын жасадық. Тек қана асық жинауымыздың өзіне үш ай уақытымыз жұмсалды. Асықтар тігінен және көлденеңінен тесіліп, одан темірлер өткізілді. Сонымен қатар аттың жалы, құлағы, тұяғы тат баспайтын сапалы темірден жасалса, көзі мен жалпақ тұғыры үнді мәрмәр тасынан дайындалды. Нұрлан дәнекерлеу жұмысы кезінде көзін жарақаттап алып, ауруханаға жатып шықты. Мен де төрт рет бетімді күйдіріп алдым. Өте үлкен ұқыптылық пен дәлдікті қажет ететін болғандықтан, бетқалқа кию мүмкін емес. Қазір барыс мүсінін әзірлеп жатырмыз. Уақыты келгенде оны да жалпақ жұртқа жария етеміз.