Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық өнерінің бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
ҚАРА ТІГУ (салт). «...өлік үстіне тіккен ақ үйдің оң жақ белдеуіне өз қолымен әкеп қара тікті. Сүйіндік жас кісі өлсе туы қызыл болатынын, кәрі кісі өлсе ақ болатынын айтып келді де, «Өжейдің орта жасты кісінің туы – бір жағы ақ, бір жағы қызыл болуы керек дегенді айтқан» (М.Әуезов). Кісі өлген үйді бір сөзбен қаралы үй деп те айта береді. Қара тігілген үйді көргендер ол үйге соғып, дұға жасап өтетін болған. Мұндай үй кісі күтуге де дайын отырады. Жыл бойы жоқтау айтылады. Бұл халықтық рәсім марқұмның жылы өтіп, асы берілгенге дейін жалғасады.
Қайтыс болған кісінің құрдасы, нағашы-жиендері, іліктері, сыйластары, ауылдастары оның от басын үйіне арнайы шақырып, дәм береді. Көңіл білдіріп қол ұшын созады. Бата жасайтындар, көңіл айтушылар келетін болса, олармен бірге болып, қаралы үйдің шаруасына араласып, көмек көрсетеді. Қысқаша айтқанда, жаны ашитын адамдар сол үйдің көңіліне қарап, олардың қайғы-мұңын жеңілдетуге тырысады. Бұл ата-бабамыздан қалған адамдық жол әрі тәртіп, бұлжымас заң бүгінге дейін қалпын бұзған жоқ. Қазақ елі, жұрты, азаматтары тұрғанда ол бұзылуға да тиіс емес.
ҚАРА ЖЫҒУ (салт). Кісі қайтыс болған күні тігілген қараны жығу салты. Ол шара марқұмның жылы беріліп, ас өткен соң жасалады. Яғни қара жалауды алып сындырады да, отқа жағып жібереді. Бұдан кейін жақын-жуықтары, әйелі, балалары мен ауыл ақсақалдары құран бағыштайды. Соңғы жоқтау айтылады. Бұл – қаралы жыл өтті, азалы күндер аяқталды деген сөз.
Өлім, қаза сөздері: арыздасу, бақұлдасу, иман, иман су, аманат, естірту, жоқтау, көңіл айту, жаназа, бата, дұға, аза, ақ жуып арулау, кебін, дауыс қылу, қара дауыс, тұл көрісу, жерлеу, үші, жетісі, қырқы, жылы, садақа, құран шығару, дәуір айналдыру, қаралы ақирет, қаза, өлім т.б.
Өлімнің астарлы сөздері: көзі жұмылды, жан тәсілім етті, жүрегі тоқтады, қайтыс болды, қайтпас сапарға аттанды, келмеске кетті, опат болды, қаза болды, шейіт болды, о дүниелік болды, марқұм болды, фәниден өтті, бақиға кетті, ажал жетті, демі бітті, дәмі таусылды, дүние салды, ата-баба ізімен кетті, ажал оғы тиді, дүниеден озды, о дүниеге көшті, күні бітті, күні батты, жамбасы жерге тиді т.б.
Көңіл айту, тілек сөздер: «иманды болсын», «топырағы торқа болсын», «жаны жәннатта болсын», «қалғандарға ғұмыр берсін», «жасамаған жасын ұрпақтарына берсін», «өлмектің соңынан өлмек жоқ», «арты жақсылыққа жалғассын», «құдайға да жақсы керек», «өлмейтін пенде жоқ», «желеп -жебеп жатсын», «өзі өлсе де, сөзі өлмесін», «өзекті жанға өлім бар», «құдай өзі берді, өзі алды», «жақсының аты өлмейді», «қазаның қайырын берсін» т.б.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062