«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық өнерінің бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
ТАБАҚ ТАРТУ. Қазақта қонақтарға тартылатын табақтардың түрлері көп. Олардың ең негізгілері: бас табақ, қос табақ, сый табақ, күйеу табағы, келін табағы, жастар табағы және жай табақ.
БАС ТАБАҚ. Жасы үлкен қарттар мен аса сыйлы қонақтарға тартылады. Оған салынатын кәделі мүшелер: бас, жамбас, ортан-жілік, белдеме (ол жамбастың серігі) сүбе қабырға, қойдың ұлтабары; жылқы етінен — қазы, қарта, жал мен жая.
ЖАЙ ТАБАҚ. Ортан жілік бастаған, жауырын мен тоқпан жілік, қабырға, омыртқа салынады. Жастар табағының ең кәделі жілігі — асықты жілік пен төс. Асықты жілікті әдетте күйеудің жолдасы не қыздың жеңгесі кеседі. Ал күйеу төсті кесуі тиіс.
ҚОС ТАБАҚ. Құда, құдағиларға тартылатын арнаулы табақ. Мұның да кәделі мүшелері бас табақпен пара-пар келеді. Оның қос табақ деп аталатын себебі ол құда, құдағилар көпшілікпен бірге жеген қонақасының үстіне арнайы әкелінетін екінші тоқпан жілік болуынан.
СЫЙ ТАБАҚ. Құда-жегжаттық қатынасы болмаса да, ерекше сый-құрметке лайық адамдарға тартылатын қосалқы табақ. Бас табақ, қос табақ, сый табақтарға жауырын, тоқпан жілік сияқты кәдесіз жіліктерді араластыруға болмайды. Ет туралып болған соң табаққа сарымсақ, бұрыш қосып әзірлеген тұздық құйылады. Соңынан қатық не құрт қосқан сорпа беріледі. Етті сіңіру үшін сорпаның пайдасы көп.
ЖЕҢГЕ ТАБАҚ. Оған қойдың жамбасын, жауырыны, арқа белдемесі, сүбе қабырғасы, жүрек, бауыр, тоқ ішегі мен бүйректерін салады.
Табаққа салынатын мүшелердің өзіндік тілі болады.
бауыр, бүйрек салуы – бауырыңды бауырыңдай көр;
жүрек – табысқан жүрегі бұрылып тұратын болсын;
жамбас асуы – жолың үлкен шеше орнында сыйлаймыз;
ішек-қарын суы – бауырымыз араласып, сыр жасырмайық,– дегені.
ЖЕЗДЕ ТАБАҚ. Қазақ «жездеден киген жең болмас, етектен кескен тоң болмас» дегенді әзіл үшін, ойын-қызық үшін шығарғанын да жасырмайды. «Жездеге ілессең, жерде қалмайсың» деп жезделерін таудай бағалайды. Жезде-аға деп, ағынан жарылып ағалайды. «Жезде табақты» жездесіне балдыздар дайындайды. Бұл табаққа да «жеңге табаққа» салынған қойдың барлық мүшелері салынады.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы бірнеше санында қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062