«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздейміз. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөзден көп нәрсе жоқ. Бүгінгі санда біз «үмбет» және «мола» сөзін алып отырмыз.
«ҮМБЕТ» сөзі біздің бала кезімізден құлағымызға жатталып қалған сөз. Әдетте, ауылдағы қариялардың тақия киген жас баланы көрген уақыттағы: – Балам, кімнің үмбетісің? – деген сұрағы барлығымыз үшін де таныс. Сол сияқты, ер бала дүниеге келсе, атасы қуанып: «Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбеті көбейді!», – деп айтқаны сияқты қазақтың т.б. өмір сүру мәдениеті «үмбет» сөзін жиі қолданады. Демек, исламда «ұлт», «нәсіл» сөздеріне қарағанда «үмбет» сөзі, оның ұғымы анағұрлым кең, әрі қолданбалы келеді екен. Мұны біз діни кітаптарды айтпағанның өзінде өзіміздің ата дәстүрімізден де көреміз. Бұл жайында белгілі арабтанушы, философия ғылымының докторы Жалғас Сандыбаев өз ойын былай жеткізеді: «Ислам үшін ұлт, нәсіл, тек сияқты ұғымдар жат емес. Біздің дін нәсілге бөлмейді, керісінше, өзгенің ұлтын, мәдениетін құрметтеуге шақырады. Құран мұсылмандарға мынадай хабар жіберген: «Ей, адам баласы! біріңді ер, біріңді әйел еттік (Адам, Хауадан). Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін әрқайсыңды ұлт пен руға бөліп жараттық. Ал Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Арабтың араб еместен артықшылығы бар ма, әлде араб еместің араб алдында артықшылығы бар ма? Артықшылық тек – тақуалық пен жақсылықта ғана!». Сөйтіп, Исламда адамның тегі мен нәсіліне қарағанда рухани жақындық пен тақуалық бірінші орынға шығады. Сондықтан да Құранда «үмбет» сөзі жиі айтылады: «Сендердің үмбеттерің бір-ақ үммет. Мен Раббыларыңмын…» (21, 92). Бұл аят барлық мұсылмандардың бір үмбет екенін меңзейтіндей. Бұлардың барлығы тең. Ал енді басқа дін өкілдеріне келер болсақ, олар да өз үмбеттеріне жатады».
«МОЛА» Молаға немесе бейітке қарап қолыңды шошайтпа, оған қарап түзге отырма» деген мағынада тыйым сөздер бар. «Мола» сөзі әр аймақта әртүрлі айтылатын «бейіт», «зират» және «мүрде» сөзіне балама да бола алады. Ал, негізінде, бұл сөздің қайдан шыққанын кеңірек зерделеу үшін оның қазақ тіліндегі нұсқасы мен қолдану аясы жеткіліксіз екені айтылуда. Тіпті түркі тілдерін былай қойғанда, славян тіліндегі «моланың» бір нұсқасы –могила болуы да көп жайтты аңғартатындай. Моланың бастапқы нұсқасы моһұланың (көне сөз) да, могиланың да түбірі тылсым, күш, қайрат, құдірет және білік ұғымдарының жинақы мағынасын білдіреді екен. Екі тілдегі сөз түбірінің айтылуы да, білдіретін мағынасы да жақын және аталмыш түбір сөздердің ескілігі сондай, оларды сөз талабының қайсысынан да зат, сын есімдер, тіпті етістік ретінде кездестіреміз. Соған қарағанда әр тілдегі аталмыш бір буынды сөздер есте жоқ ескі заманда бабаларымыз табынатын объектінің қажетіне толық жараған, ортақ ұғымды білдірген сөздің түбірі болса керек. Дегенмен орыс тілде «мола» сөзінің етістікке айналып, құдіретке табыну мағынасын жоймаған нұсқасы да қалған. Ол: «молиться». Ал бұл әрекетті бейнелейтін қазақ ұғымында мөлию деген де сөз бар. Мөлиюді қазіргіше айтқанда, медитация десек алшақтамаспыз. Демек, мөлию ұғымы бар халықтың медитациялық қабілетке де иек артып көргендігіне күмән жоқ. Қорыта келе, қазіргі «мола» сөзі о дүниелік жандардың жерлеген жерін ғана емес, сонымен қатар табыну нысанына айналған танымдық мағынаның, не ұғымның жұрнағы екендігіне тірелеміз.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің келесі санында «азан», «шариғат» сөздерінің мағынасын ашып беруге тырысамыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062