«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы–осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздейміз. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөзден көп нәрсе жоқ. Бүгінгі санда біз «ұстаз» және «ақыл» сөзін алып отырмыз.
ҰСТАЗ – жас ұрпақты, жалпы, адамды ізгілікке баулып, білім беретін оқытушы. Үлгілі, өнегелі, өмір тәжірибесі бай адам ғана ұстаз бола алады және солай болуы тиіс те. Жалпы, «ұстаз» ұғымы діни ілімнен бастау алады. Құран Кәрімнің Беташар сүресінде Алланы «Рабби – тәрбиелеуші» мағынасында ұлықтауымен көрінеді. Ондағы «Оқы, оқы, оқы» деген сөз адамды ізгілікке бастаушы, шәкірт жүрегіне білім егуші ұстаз қызметінің маңызын аңғартатындай. Діни танымда, сондай-ақ шәкірттің ұстазға бұлтақсыз мойынсұнуы мен шексіз берілуін, өз еркін ұстазға сеніп тапсыруы арқылы ақиқат ілімді иеленетіні насихатталған. Оны Мұса Пайғамбардың Қызыр Пайғамбарға шәкірт болуынан көреміз.
«Ұстаз» сөзі қазақтың дәстүрлі мәдениетіне жат емес. Ұлтымыздың рухани мәдениетіне бай мұра қалдырған, адамгершілік мұраттар мен үлгі-өнеге, жалпы, адамзатқа ізгілікті жол нұсқайтындар да ұстаз деп қабылданады. XIX-XX ғасырларда Абай Құнанбайұлы көшбасшысы болған, ағартушылық идеясын басты ұстаным ретінде таныған Алаш арыстары қазақ қауымын тың өріс, жаңа өркениет көшіне ілесуге үндеді және осыған негіз боларлық мыңдаған ғылыми-әдістемеліктер де жасап шығарған. Олардың кейбірі осы күнге дейін қолданылып келеді.
АҚЫЛ – Бұл да діни ұғым. Арабшада (عقل ақл) деп айтылатын бұл сөздің мағынасы «адамды басқа тіршілік иелерінен ерекшелейтін аса маңызды қасиет» дегенді білдіреді. Ежелгі ойшылдар ақылдың екі деңгейде болатынын айтыпты. Ол – пайым және парасат. Пайым – ақылдың табиғи күші, ол әрбір адамға тән. Есі дұрыс әрбір адамның тіршілік дағдыларын қай дәрежеде меңгергендігіне байланысты ойлау жүйесінің ең төменгі буыны деп түсіндірілген. Парасат – ойдың мүлдем жаңа танымын қорыта алатын және шындықтың аса терең мәнін танып біле алатын жоғары жасампаздық қабілет деп есептеледі. Интеллектуалдық таным қабілеті әр адамда әртүрлі, тіпті бір адамның әр жылдардағы кезеңдерінде әртүрлі деңгейде болады екен. Ақыл-ой дамуының ең жоғарғы дәрежесі – даналық (өмірлік тәжірибеге сүйенетін терең ақыл). Ақылға қатысты қазақтың ойшылдары, ақындары мен жазушылары да аз айтқан жоқ. Мысалы, һакім Абай «Ақыл – жан қуаты», «Пайда менен залалды ақыл айырады» немесе «Ақыл, сезім болмаса, тіршіліктің несі сән» десе, Мұхтар Әуезов «Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек», Сырым Датұлы «Үгітті – ұққанға, ақылды – жұққанға айт» деген екен.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің келесі санында «баб» және «қожа» сөздерінің мағынасын ашып беруге тырысамыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062