«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздейміз. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөзден көп нәрсе жоқ. Бүгінгі санда біз «жаннат-тозақ» және «сал-сері» сөзін алып отырмыз.
ЖАННАТ-ТОЗАҚ. Жаннат пен тозақ туралы ұғым барлық дінде бар. Ұғым бір болғанымен, бұл тұрғыдағы түсінік, таным, ұстанған жол әрқилы. Мәселен, дін исламда өмір сүру, өлу, қабір өмірі, тірілу, жиналу мен есеп беру сияқты бөліктерден тұратын ұзын саяхаттың аяғы не жаннат, не тозақ болып аяқталады. Бұл екеуінен басқа барар жер жоқ. Және болмайды да. Осы дүниеде тура жолмен жүрген мұсылман Аллаһтың рақымымен жаннатқа кіреді. Олар жайлы Аллаһ тағала Құранда былай деген: «Күдіксіз сондай иман келтіріп, түзу іс жасағандар – адамның жақсысы. Олар мәңгі жасайды. Аллаһ оларға разы, олар Аллаһқа разы. Осы сыйлық Раббысынан қорыққан кісі үшін» (Бәййнә сүресі, 7-8-аяттар). Ал Аллаhқа иман келтірмеген, күпірлікке бой алдырып, Аллаһқа қарсы шыққандар мен адасқан қауымның барар жері – тозақ. Осыған байланысты Аллаһ тағала былай дейді: «Расында, Аллаһ кәпірлерге лағнет етті. Және оларға лаулаған тозақ отын әзірледі. Онда олар мәңгі қалады. Не дос, не көмекші таба алмайды. Олардың беттері от ішінде аударылатын күні: «Әттең! Бізге не болды? Аллаһқа бой ұсынып, пайғамбарына көнген болсақ еді», – деді.
САЛ-СЕРІ. Дәстүрлі қазақ қоғамында ерекше өнерпаздықпен байланысты ұғым. Сал сөзінің этимологиясы серіктес жігіттерімен ауылға таяғанда әдейі аттан құлап, ауыл қыздары үйге көтеріп алып кіргенше сал болған адамша тырп етпей жата беретін іс-әрекеттен туындаған. Сал айрықша киімдерімен ерекшеленуі тиіс. Этнограф-ғалым Әбубәкір Диваев өзінің шығармаларында сал-серілерге қатысты былайша сипаттама берген: «Салдың үстіне киген киімі халық кимеген түрден болады. Егер ол киген киімді халық кисе, оны кимей, қарақұрым киізден киім қылып киеді». Ел аузында салдардың паң жүрісі, тәкаппарлығы, киім киістері, сән-салтанаты туралы аңыз-әңгімелер өте көп. Мысалы, Жетісу өңірінде «Дәурен салдың белбеуіндей» деген теңеу қалыптасқан. Ол Ілені (Іле өзені) кешіп өткенде белбеуінің бір ұшы арғы жағада екінші ұшы бергі жағада қалады екен деген аңыз бар. Арқадан шыққан Қаспақ сал атын шәйі шүберекпен тұсаса, кей салдар мінген тұлпарына шөп орнына мейіз, су орнына бие сүтін бергені туралы да дерек бар. Қазақ халқының ежелгі салттарының бірі – салдық салыстыру. Бәсекеге түскен салдардың іс-әрекет, қылықтары басқа адамдар үшін ақылға сыйымсыз, ерсі, ессіз де көрінуі мүмкін. Бәсеке кезінде астындағы атын әп-сәтте бауыздап тастау т.б. іс-әрекеттер орындалған. Салдық салыстыру кезінде кісілік, жомарттық, мәрттік т.б. өнер түрлері сыналатын болған. Сал-серілердің іс-қимылы халықтық драма өнеріндегі ойын-сауықтың бір түрі қызметін атқаратын болған. Сал-серілер ақын, композитор, әнші болумен қатар, әртістік, бишілік, сиқыршылық т.б. қасиеттерді бойына жинақтаған өнерпаз болған.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің келесі санында «жұрт» және «сайқал» сөздерінің мағынасын ашып беруге тырысамыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 (727) 3 888 062