«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі қолданылатын, күнделікті өмірде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздейміз. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (әсіресе орыс, парсы және араб тілінен енген сөздер) сөзден көп нәрсе жоқ. Бүгінгі санда біз «лағнет» және «ұшыну» сөзін алып отырмыз.
ЛАҒНЕТ. Хадистерде былай делінген: «Өздерiн әйелге ұқсатқан еркектердi және еркектерге ұқсағысы келген әйелдердi Аллаһ лағнет етсiн». Дін исламда айтылған бұл сөз қазаққа да жат емес. «Лағнет» сөзін қазақтар ықылым заманнан қолданады. Және мұны қарғыстың ең үлкені деп есептеген. Сол себепті бұл сөз көп жағдайда құдайы қонағын қарсы алмайтын көргенсіз, шайпау қатынға, қартайғанда басыңа әңгіртаяқ ойнататын жетесіз ұл мен қызға, парақор әкім мен дұшпанға бағышталып айтылады. «Лағнет» сөзі «тұқымы құрысын, өмірден ұрпақсыз әрі доссыз өтсін, орта жолда сағы сынсын» деген сөздерге балама болып табылады.
ҰШЫНУ. Жер бетінде ұшынбайтын адам жоқ. Адам қатты ұшынса өліп кетуі де мүмкін. Ұшынудан айығудың бірден-бір жолы – ұшықтау. Ұшықтау рәсімі емдеудің ең жылдам әрі ең тиімді түріне жатады. Ұшықтаудың бірнеше түрі бар (жалғызұшық, қазанұшық, жерұшық). Адам ұшынғанда басы айналып, жүрегі айниды, не тоңып, не дене қызуы көтеріледі. Ұшықтау кезінде ауруға «ұшық, ұшық» деп қарап отырып тұз, күл қосылған су мен сүтті ауызбен, қолмен бүркеді. Адамдар көп жағдайда ұшынуға кешқұрым уақытта немесе тас қараңғыда далаға бет-аузын жумай-сүртпей шыққанда, кенеттен көрген нәрсесінен шошынғанда ұшырайды.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің келесі санында «пәлсапа» және «шежіре» сөздерінің мағынасын ашып беруге тырысамыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса хабарласа жүріңіздер.
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062