«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі қолданылатын, күнделікті өмірде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздейтін болады. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (әсіресе орыс, парсы және араб тілінен енген сөздер) сөзден көп нәрсе жоқ. Бүгінгі санда біз «Ықылым заманнан», «Жүргенге жөргем ілінеді» деген сөздерді алып отырмыз.
ЖӨРГЕМ. «Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» деген сөздің жаны бар. Арқаны мекендейтін ел «жөргем» деп тоқішектің ет пен шажырқай қосылған түрін айтса, ал жетісулықтар өкпені бір елідей ғып жіңішкелеп кесіп, ішек сияқты өретін болған. Мұны олар «жөргем» деген екен. Ал Балқаш бойындағы қазақтар болса ертеде қыстаудан жайлауға көшкенде қыстаудың төбесін жапқан бастырма ағашқа жөргемді іліп кетіп отырған. Ондағы мақсат – жол-жөнекей өзегі талған жолаушы осы жөргемді талғажау етсін, әлденіп, жолынан қалмасын деген ой. Мұндай үрдіс Сібірдегі халықтардың да тұрмыс-салтында кездеседі екен. Ескере кететін жайт, қай елде болсын тоқ ішек те, өкпе де қонақтың табағына салынбайды.
Мына өлең жолдары «жөргем» сөзінің тоқетерін айтатындай..
«Жүргенге жөргем ілінеді...»
Жүре бер есіткен атыңа,
Кідіріп енді тоқтама!
«Жүргенге жөргем ілінеді»,
Не іздеп келеді жатқанға!
ЫҚЫЛЫМ. Бұл сөздің көптеген ғылыми еңбектердегі мағынасы ұқсас әрі уақыт өлшемімен есептелмейтін өткен шақты білдіретіндей. Сондықтан болар, қазақтар сөз арасында «сонау ықылым заманнан» деп қосып айту арқылы әңгіменің төркіні нақты бір уақытқа немесе белгілі бір кезеңге бағынбайтынын аңғартатындай. Одан бөлек, «ықылым» сөзі мұсылмандардың ортағасырлық фәлсапасы бойынша жер-жаһан жеті қабаттан тұрады деген географиялық түсінігі де болған.
Құрметті оқырман! Газетіміздің келесі санында «һакім», «мүфти» және «ғаріп» сөздерінің мағынасын ашып беруге тырысамыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 (727) 3 888 062