Қазақ жері – жерұйығым, Қазақ елі – қара орманым
Қазақстан халықтарының мызғымас достығы мен ынтымақтастығының символы ретінде ел намысын қорғап жүрген спортшыларымызды атап өтуге болады. Олар халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатып, ынтымақтастығы мен бірлігін паш етіп келеді.
Төрткүл дүниеге қазақ елін танытып, еліміздің көк байрағын шетелдерде желбіретіп, Әнұранын шарықтатып жүргендердің ішінде кіндік қаны тамған Отанын шексіз сүйетін патриоттар да бар. Солардың бірі ретінде боксшы Геннадий Головкинді айта аламыз. Жақында Қазақстан халықтары Ассамблеясында дәл осы Гена: «менен ұлтың кім?» деп сұрағандарға былай жауап беремін: «әкем – орыс, шешем – кәріс, ал мен – қазақпын» деп барша қазақстандықтарды риза қылды. Геннадий кәсіпқой бокстағы жекпе-жектерін қай жерде, қай елде өткізсе де, үстінен қазақтың оюлы ала шапанын тастамайды, әрбір жеңісінен кейін көк байрағымызды желбіретіп, жеңісін туған еліне арнайтындығын мәлімдеп келеді.
22 наурыз күні конькимен жүгіру спортынан Сочиде өткен әлем чемпионатында Денис Кузин деген саңлағымыз 1000 метрлік қашықтықта үздік шығып, алтынмен апталды. Сонда оны жаттықтырып жүрген ресейлік маман Сергей Клевченя «бүгін Қазақстанда үлкен мереке – Наурыз, сондықтан Денис барын салды, басқа күні ол бұлай жүйткімес еді» деп, шетелдіктерді сүйсіндірді.
Әлем халқы Қазақстан спортшыларына Лондон Олимпиадасында да таңдана сүйсінген. Олардың ерен жетістіктерінен гөрі ұлтына қарамай (қытай болсын, орыс болсын, басқа болсын), Қазақстанның Әнұранын тебірене қосыла шырқап, көздерінен жас парлап аққанда таң-тамаша болған. Ал олар «Алға, Қазақстан» деп, ұран тастағанда, «қазақша сөйледі» деп іліп әкеткен.
Біздің елде туып, қазақ топырағын «туған жерім» деп жүрген ұлты басқа отандастарымыз тұрмақ, шетелден келген спортшыларымыз да «қазақ жері – жерұйығым» деп жүр. Олардың көбі өз елдерінде ұлттық құрамаларының сапына ілікпей, спортпен айналысуларына демеуші таппай, жағдайлары тығырыққа тірелгенде, қазақ жеріне келіп, бақтары ашылған. Өмірлері қайта жанданып, спорт әлемінде ерен жетістіктерге жетіп, халқымыздың ыстық қошеметіне бөленіп жүр. Бұл орайда балуан қыз Гузель Манюрованы, биатлоншы Елена Хрусталеваны, Ресейден келген бір топ теннисші қыз-жігіттерді атай аламыз. Егер олар өз елдерінде жүре берсе, спорттық өмірлерінің не болары бұлыңғыр еді. Тіпті өмірде өз орындарын таба алар ма еді? Ал біздің елде өздерінің сүйікті істерімен айналысып жүр. Қазақ елі оларға барлық жағдайды жасап отыр. Тек еліміздің атын шығар, абыройын асқақтат.
Осындай спортшылардың кейбіреулері қазақ жерінде қалып, еңбек етіп жүр. Олар Қазақ еліне бауыр басып, туған жерлеріне кете алмай, «өлең төсегіне» айналған Алаш мемлекетінде қалды. Мұндай спортшылардың аттарын атап, түстерін түстер болсақ, Бақыт Ахметов, Елена Павлова, Юрий Мельниченко, Георгий Цурцумия сынды спортшыларымызды ілтипатпен атап өтуге болады. Өйткені олар мол тәжірибелерін қазақ спортына сіңіріп, бүгінде біздің елде еңбек етіп жүр.
Ол – ол ма? Біздің елге келіп бағы ашылып, теңін тауып, бала сүйіп отырғандары қаншама? Елена Павлова қазақ волейболының көшін өрге сүйреумен қатар, біздің елде тұрмысқа шығып, сәби сүйіп отыр. Ал жақында еліміздің даңқын шарықтатқан ауыр атлеттер арасында бір отбасы шаңырақ көтерді. Лондон Олимпиадасының чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы, 2010 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы Майя Манеза қазақы дәстүрмен ұзатылды. «Ұлы Жібек елінен» келген алтын қызымыздың сүйген жары – осыдан бірер жыл бұрын Ресейден келген Вячеслав Ершов.
Бұйыртса, қазақтың құтты топырағына келіп отау көтеріп жатқан ауыр атлеттер отбасы мұнымен шектелмеуі керек. Лондон Олимпиадасының чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы, Азия және Азия ойындарының жеңімпазы Светлана Подобедова мен Владимир Седов та биыл жазда заңды некеге отыруды жоспарлаған. Екеуі де – Ресейден келіп, бүгінде қазақтың намысын абыроймен қорғап жүрген зілтеміршілер.
Ал футбол мен хоккейде біздің елге келіп, келісімшартпен ақша тауып жүрген легионерлер қаншама?! Келіп-кетіп жатқандарында да есеп жоқ деуге болады. Бірақ солардың арасында да біздің елдің намысын қорғауға келісім беріп, қазақ халқына сый-құрметпен қарайтындары баршылық. Тіпті келісімшартының мерзімі тамамдалып, өз елдеріне кетіп қалғандарының арасында да қазақ халқының дарқандығын өз елдеріне майын тамыза жырлап барып жүргендері көп. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына тәнті болып, үлкенді сыйлайтын тәрбиесіне де мән беріп, соны тамсана айтып жүргендерін естиміз. Украина және Беларусь елдерінен келген футболшылар өз елдерінде қазақтың құрбан шалу рәсіміне қызыға қарағандарын тәптіштеп айтып жүр. Олардың көбісі «қазақ деген қонақжай халық, үйіне келген мейманынан ештеңе аямайды, өте дарқан ел» деп қазақ топырағында көрген жақсылықтарын ұмыта алмай, көпшілікке ризашылықпен жайып жүр.
Иә, «су ішкен құдығыңа түкірме» дегендей, «Қазақ жері – жерұйығым, қазақ елі – қара орманым» деп жүрген ұлты бөлек спортшыларымыз баршылық. Тек олардың бәрі де болашақта қазақ спортына адал қызмет етсе дейміз. Қазақ «Ырыс алды – ынтымақ» дейді. Ендеше, ынтымағымыз жарасып, спортымыз қарыштап дами берсін.