Жұма күні қайтыс болған адам пейішке кіре ме?
Сұрақ: Сәлеметсіздер ме, сайт ұжымы! Сіздерге қойғым келген сұрағым мынадай: Жұма күні қайтыс болған адам жұмаққа бара ма? Динара.
Жауап: Сахаба Абдулла ибн Ъамрдің риуаят етуі бойынша, Алла елшісі (с.а.у.) былай дейді:
«Қайсыбір мұсылман жұма күні күндіз немесе түнде қайтыс болса, Алла ол пендені қабір азабынан (фитна) құтқарады». [1]
Ғалымдар былай дейді: Жұма - тозақ есіктері жабылып, оты сөнетін күн. Алла тағала кімнің жанын жұма күні алған болса, қабірдегі өмірінің баянды өтетіндігіне дәлел. Бұнымен қатар, жұма күні қайтыс болған кісілерге берілетін сауаптың дәрежесі - Алла жолында шейіт болғандардың сауабымен пара-пара[2].
Ендігі жерде қабір азабынан құтылды деген сөз - қиямет күні пейішке кіреді дегенді білдіреді ме? Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің асыл сөзінде:
«Қабір – ақірет өмірінің әуелгі сатысы. Қабір азабынан құтылған адам, одан кейінгі (ақірет) өмірінде де жеңілдік көреді. Ал, құтыла алмаса, (ақіреттегі) өмірі қабірдегіден де қиын болмақ», -деген[3].
Айтылған хадистерден мынадай қорытындыға келуге болады: Жұма күні қайтыс болған кісі Алланың қалауымен қабір азабынан құтылып, қияметте жұмаққа кіреді.
Абдусамат Қасым