إِنَّ الدُّنْيَا حُلْوَةٌ خَضِرَةٌ وَ إِنَّ اللَّٰهَ مُسْتَخْلِفُكُمْ فِيهَا فَيَنْظُرُ كَيْفَ تَعْمَلُونَ، فَاتَّقُوا الدُّنْيَا و اتَّقُوا النِّسَاءَ
«Расында, бұл дүние сондай тәтті әрі көздің құрты. Шынында, Алла бұл дүниенің тізгінін сендерге ұстатады һәм онда не істеп, не қоятындарыңа назар салады. Міне, сондықтан, қу дүние мен әйел затынан сақ болыңдар!»[1]
(Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) жеткізген. Мүслим, Зикр 99).
Хадиске түсіндірме
Бұл хадисте осынау жалғандағы адам баласы үшін ең ауыр сынақтың бірі – қызылды-жасыл қу дүние тілге тиек етіліп, оның адам үшін тым тәтті де, тартымды екеніне баса назар аударылады.
Әсілі, хадистегі дүние сөзінің мән-мағынасы өте кең. Дінімізде дүние дегенде тек мал-пұл, дүние-мүлік емес, сондай-ақ атақ-абырой, шен-шекпен, мансап, әйел, бала-шаға, сынды пәнидегі бар игілік меңзеледі. Сондықтан, қу дүниеге құмартпайтын пенде кемде-кем десек артық айтқандық емес. Өйткені, әлдебір адам ақшаға, дүниеге қызықпаған күннің өзінде жоғарыда аталған пәнидің өзге игіліктеріне құмартуы бек мүмкін. Яғни, дүниеқұмар болмаса да, тым балажанды немесе әйелжанды, яки, мансапқұмар, атаққұмар, ойынқұмар болуы мүмкін. Міне, сондықтан, адам баласы бұл жалғанда көбіне-көп осынау қу дүниемен сыналады. Ендеше, аталмыш дүниеқұмарлықтың қай түрі болмасын мұсылманға жараспайтын жат қылық. Ал шынайы мұсылманға жарасатын іс – бұл дүниенің бар игілігін ақирет азығын қамдау жолында жарату деп білу. Бәрінен бұрын, о дүние үшін тер төгіп, бұл дүниеден тек өзінің несібесін ғана алу. Осыған орай Құранда: «Алланың өзіңе нәсіп еткен осынау байлықпен ақиреттегі мәңгілік бақыт мекеніне жетуге тырыс. Бұл дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алланың өзіңе шексіз шарапатын тигізіп, жақсылық жасағанындай, сен де өзгелерге жақсылық жаса!»[2] – деп айтылған. Ендеше, дүниені жүрекке дендетпей, мүмкіндігінше қолда ғана ұстау – асарын асап, жасарын жасаған қарттарға қарағанда өмірге енді ғана қадам басқан жастарға көбірек қатысты болса керек.
Бұл хадисте Алланың осынау қызылды-жасылды дүниенің тізгінін бізге ұстататындығы һәм онда не істеп, не қоятынымызға назар салатыны айтылған. Әсілі, бұл сөзден екі түрлі мағына шығаруға болатын сияқты: біріншісі Алланың бұл дүниенің тізгінін жалпы адамзатқа ұстатуы болса, екіншісі сол тізгінді адамзаттың ішінен жастарына ұстататындығы. Өйткені, қай елдің, қай қоғамның болмасын болашағы да, негізгі қозғаушы күші де жастар қауымы екені сөзсіз. Баяғыда бір данышпан: «Қай елдің болашағын болжағың келсе, алдымен жастарын көр, сонда болжауың дұрыс шығады», – деген екен. Ал хадистегі Алла тағаланың бұл дүниеде істеген әр ісімізге зер салып қарайтындығына келсек, құдіреті күшті Раббымыз бізді жарық дүниеге келтіріп қана қоймай, Өзінің жер бетіндегі өкілі етіп, ондағы сансыз нығметке, әсіресе ақыл-ой нығметіне бөлеуі, тектен-тек болмаса керек?! Сондықтан, мұсылманның басты міндеті – осынау нығметтердің қадірі мен хикметін түйсініп, оларды ақиреті үшін жарату һәм Раббым мені ұдайы бақылауда, күндердің күнінде Оның алдында әр ісімнің есебін беремін деген сана-сезіммен әрекет ету.
Алла елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) сөзінің соңында үмбетін, әсіресе, жастарды қу дүниеге және ондағы ер адамдар үшін ең ауыр сынақтың бірі әйел затына құмар болудан сақтандырады. Өйткені, Құранның бір аятында: «Әйелдер, балалар (әсіресе еркек кіндік), қап-қап алтын мен күміс, асыл тұқымды сәйгүліктер, төрт түлік мал мен егінжай сынды дүниелер адамдар үшін көздің құрты етілді. Әсілі, бұлар дүние тіршілігінің (өткінші) қызығы мен болмашы бұйым-боқшасы ғана. Расында, (адам жаны жай табатын) ең тамаша жай Алланың дәргейінде»[3], – делінсе, енді бір аятында: «Біліп қойыңдар, дүние тіршілігі – арзан ойын-күлкі, сауық-сайран, сән-салтанат және өзара мақтан (яғни, мансап, атақ-абырой, мал-мүлік, бала-шаға һәм көрік-келбетпен мақтану) ғана. Сондай-ақ, көбірек дүние жию және үрім-бұтақты көбейту жолындағы бәсеке, одан басқа түк те емес»[4], – делінген. Ендеше, әрбір саналы мұсылман баянсыз, пәни дүниеге бой алдырмай, оны тек құрал ретінде пайдаланып, сарқылмайтын мәңгілік нығметтерге қол жеткізуге тырысып бағуы керек.
Расында, пайғамбарымыздың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) өз үмбеті үшін ең көп қорыққан нәрсесі осы дүниеге деген құмарлық еді.
Бірде ол Әбу Убәйда ибн әл-Жәррахты Бахрәйнге жіберіп, сол елден жан басына салынатын салықты жинап әкелуді тапсырады. Әбу Убәйда тапсырманы орындап, Бахрәйннен мол дүниемен оралады. Оның келгенін естіген ансарлықтар әдеттегідей мешітке жиналып, жамағатпен таң намазын оқиды. Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) намаз оқытып болып, мешіттен шығуға айналғанда мұқтаждық қысқан ансарлықтар бір нәрсе беріп қалар ма екен деп қасына барады. Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) олардың осы халдерін көргенде еріксіз езу тартып: «Сірә, сендер Әбу Убәйданың Бахрәйннен құр қол қайтпағанын естіген сияқтысыңдар?» – дейді. Ансарлықтар: «Уа, Алланың елшісі! Иә, естідік», – деп жауап қатады. Сонда ол: «Олай болса, сүйінші! Еншілеріңді алып, әлі-ақ қуанышқа бөленесіңдер. Алланың атымен ант етейін! Әсілі мен сендер үшін кедейліктен қорықпаймын. Керісінше, сендерден бұрынғы қауымдарға мол дүние нәсіп етілгендей, сендерге де бақ-дәулет қонып, дәл солар сияқты бақталасқа түсіп, ақыры, солардың түбіне жеткен дүние мына сендерді де құрта ма деп қорқамын», – деген еді[5]. Иә, ендеше, осынау қу дүниенің арбауынан сақтану үшін ең алдымен Алла елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) мен сахабалардан өнеге алуымыз керек.
Бірде хазірет Әбу Бәкір (р.а.) бір кесе салқын сумен оразасын ашады, артынша, жанарынан жас парлап қоя береді. Маңайындағы елді де жылатады. Біраздан соң, қасындағы жора-жолдастары одан: «Мұнша неге жыладың?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Бір күні Алла елшісінің алдында тұрған бір нәрсені қолымен итергендей болып, «аулақ кет, маған жолама», – деп аластап жатқанын көрдім. Содан мән-жайды білмекке: «Уа, Алланың елшісі! Сіз маған әлдекімді аластап, қуып жатқандай болып көріндіңіз, бірақ мен ешкімді көріп тұрған жоқпын, бұл қалай?!» – дедім. Сонда ол: «Мына дүние бар сән-салтанатымен көз алдыма келіп, маған өзін қабылдатқысы келді. Бірақ мен оған «менен аулақ жүр», – дедім. Ол менен теріс айналып кетіп бара жатқанда «уАллаи, менен құтылсаң да, сенен кейінгілер менен әсте құтыла алмайды. Мен саған өзімді қабылдата алмадым. Алайда, сенен кейінгілер менің артымнан жүгіретін болады», – деп кетті. Міне, мен сол қу дүние маған өзін осы бір кесе салқын сумен-ақ қабылдатып қояр ма екен деп қорыққанымнан жыладым», – деген екен.
Бүгінгі таңда жастарды адамгершіліктен, имандылықтан алшақтатып, қу дүниенің шырмауына түсіретін бірқатар жайттар бар. Отбасы, жора-жолдас, оқу орындары сынды туып-өскен орта және ақпарат құралдары сол жайттардың қатарында. Әсіресе, жора-жолдас пен ақпарат құралдарының жастарға берер әсері ерекше. Ақпарат құралдары дегенде баспасөз, теле-радио, кітаптар, журналдар және осының бәрін қамтитын ғаламтор меңзеледі. Бұлар ел-жұртқа тек мәлімет берумен ғана шектелмейді, онымен қоса, ой-сана мен белгілі көзқарастың қалыптасуына да тікелей әсер етеді. Аталмыш ақпарат құралдары арқылы адамға рухани азық болатын жақсы дүниелермен қатар кейде түрлі идеологиялар, ішімдік, темекі, есірткі сынды зиянды дүниелер және қулық-сұмдық, ұрлық-қарлық, зинақорлық сияқты арсыздықтар ашық немесе астарлы түрде жарнамаланып жатады. Сондықтан, елдің, әсіресе, өскелең ұрпақтың санасын уламай, керісінше, оларға адамгершілікті насихаттап, жақсы тәлім-тәрбие беру үшін ең алдымен осынау ақпарат құралдарын жөнге келтіруіміз керек.
Қазақта «Ел боламын десең бесігіңді түзе», «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген өнегелі сөздер бар. Ендеше, осынау өнегелі сөздерді басшылыққа алып, өскелең ұрпақтың тәрбиесін отбасынан бастағанымыз жөн. Мұнда баланың ең алғашқы ұстазы болған ата-ананың жауапкершілігі елден ерек. Сондықтан ұрпағының, елінің болашағын ойлаған әр ата-ана балаларының дұрыс қайнар көздерден сусындап, жақсы ортада өсіп-өнуіне қолдан келгенше жағдай жасауы керек. Өйткені, бүгінгі таңда адамзат ақыл-ойы ғылым-біліммен, жан-жүрегі иман нұрымен нұрланған көзі ашық, көкірегі ояу жастарға зәру.
Хадистегі «әйел затынан сақтану» мәселесін келесі хадисте қарастыратын боламыз.