«Зәм-Зәм Қазақстан» басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды
Қажылыққа 300-ден астам адамды апарып, алдап кетті деген күдікке ілінген «Зәм-Зәм Қазақстан» туристік компаниясы басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Алматы полициясы «алаяқтық» бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі КТК.kz-ке сілтеме жасап.
Істі болып жатқан Данияр Ілиевтің өзі «мүфтият қажылық квотаны турфирмаларға ақшаға сатады» деп жар салған болатын.
Меккеге баруға рұқсат алған 18 туроператордың өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарып, бейне үндеу жолдады.
ИСАТАЙ ОРАЗОВ, туроператор өкілі:
- 18 фирма квота алу үшін 500 доллардан пара берді дейді. Біз Алланың атымен ант ете аламыз. Барлығы куә. Ешқандай пара берілген де емес, бермейміз де. Өйткені бұл қақ жолында қызмет ету, Құдай сақтасын, ондай нәрсеге барған жоқпыз. Елге оралғаннан кейін барлығы бірауыздан заңды түрде арызшағым түсіретін боламыз. Нағыз алаяқтыққа барып жатқан адамдарға біз қарсымыз.
«Зәм-Зәм Қазақстан» компаниясы өткен айда 300-ден астам адамды туристік визамен Сауд Арабиясына апарады. Алайда Меккеде құлшылық жасау үшін мүфтият қана беретін арнайы квота керек. Бұл турфирма ондай жолдама алмаған болып шықты.
Осылайша қасиетті мекенге аттанған отандастарымыз полиция бөлімшесінен бір-ақ шыққан. Бес парыздың бірін өтеуге барғандар жат жердің көші-қон заңын бұзған қылмыскер атана жаздағанын айтып, әлеуметтік желіге шағымдарын жариялап жатты.
Осылайша жерлестеріміздің дені қағбаға қол тигізе алмай өз қаражаттарымен елге оралды. Олардың әрқайсысы жарнамасы жер жарған туристік компанияға 2,5-3 миллион теңге аралығында санап берген.
Бұл мәселені мемлекет басшысы да көтеріп, ішкі істер министрлігіне жауаптыларды жазаға тартуды тапсырған болатын.