Төртеуінің де намазы бұзылды...
«Үндістандық төрт мұсылман бір мешітке кіреді. Олардың әрқайсысы ниет етіп, тәкбір айтады. Өздерінің қателіктері мен кемшіліктерін еске түсіре отырып, ерекше ықыласпен намаздарын бастайды. Рукуғқа барып, сәждеге жығылады. Осы кезде мешіттің азаншысы келеді. Намаз оқып тұрған олардың біреуі намазда тұрғанын ұмытып:
- Ей, азаншы! Азан шақырдың ба?, - деді.
Екінші үнді намаз оқып тұрса да:
- Тыныш бауырым, намазда сөйлеуге болмайды. Намазың бұзылды, - деді. Үшіншісі екіншісіне:
- Ағасы! Одан неге кемшілік іздеп тұрсың? Сен де сөйлеп тұрсың ғой, сен де өзіңе қарашы. Алдымен өзіңді жөндеп ал!
Төртіншісі сөзге араласып: «Аллаға шүкірлер болсын! Мен сендер сияқты құрдымға кетпедім, намазымды бұзбадым» - деді.
Осылайша төртеуінің де намазы бұзылды. Ананың-мынаның айыбын айтамын деп, өздерінің қалайша күнәга батқанын байқамай да қалды.
Өзінің айыбын көрген адам қандай бақытты. Кімде-кім өзгенің айыбын көрсе, оны өзі сатып алған болады. Өйткені, адамның нәпсісі мен тәні айып пен кемшіліктен тұратыны аян. Оның екінші бір бөлігі яғни, рухани жағы ғайып әлеміне тән. Олай болса, ең алдымен өзіңе жаның ашысын. Бар жақсылық пен жәрдемді өзіңе тілеп, Алладан көмек сұра.
Өз кемшіліктерін көру, өзін-өзі кінәлау сол айыптың емі әрі дәрісі (Өйткені өз кемшілігін білуден асқан кемелдік жоқ).
Бір мүміннен көрген айып сенде жоқ болса, өзіңе сенуден, сенім артудан сақтан! Сол кінәні сен де істеуің әрі сол айып халыққа сен арқылы тарауы да әбден мүмкін».
Ғайбат пен өсек-аяң адамның нәпсісін семіртеді. Олар өздері ғайбаттаған адамдарының күнәларын істемейміз деп ойлайды. Осылайша, өзін басқалардан жоғары санайды. Алайда, арадан көп уақыт өтпей-ақ сол күнәні өздері де жасағанын байқамай қалады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Кімде-кім бір бауырын істеген күнәсына байланысты кінәласа, сол күнәні өзі істемей өлмейді»,- дейді (Тирмизи «Қиямет», 53/2505).
mazhab.kz/kk/maqalalar/qulshylyq/torteuinin-de-namazy-buzyldy-1391/