Сириядағы секс-джихад: Содырларға күң болған қаракөздер күн санап көбеюде
Құлаққа түрпідей тиетін "секс-джихад" сөзі бүгінде өте көп айтылады. Әсіресе, әлемдік баспасөздің аузынан түспей тұр. Олар "Сирия асып жатқан нәзік жандылар содырлардың тоятын басып, дінге солай қызмет қылады екен" деп шулап жатыр. Ең сорақысы, жыныстық джихадқа барғандар арасында өзіміздің қаракөздер де жетерлік деп хабарлайды Бірінші арнаға сілтеме жасаған NUR.KZ.
Сыртқа шықпай-ақ, ел ішінде секс-джихад жасап жүргендер де баршылық көрінеді. Түрмеде отырған «ахи», «брат»-пен уақытша некелесіп, әлгілер қыздың қызығы таусылғасын талақ айтады екен.
Ұнаса үйленіп, аз күн ойнастан соң тастай салу немесе әйелдерін бір-біріне "хадия, сый" деп бере салу - қазір салафизм, сол секілді өзге жамағаттарда қатты белең алып тұр. Бір жылда 10 рет күйеуге шыққандар жайлы да деректер бар.
"Инабатты жезөкше деген болмайтыны секілді, СексЖихад дегенің де, сондай бір нәрсе. Ондай ұғым жоқ! Бұл батыстың, діннің жаулары ойлап тапқан, тықпалап жатқан термин. Джихад деген де, екі термин бір-біріне сәйкес келмейтін дүниелер. Ешқашан джихад жыныстық бағытта болмайды» - дейді дінтанушы Кеңшілік Тышқан.
Сирияға кетіп жатқан ешбір қыз "жезөкше болам, содырлардың нәпсісін қанағаттандырам" деп ойламайды. Көпшілігі алданып, әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп қап барып жатыр.
«Менің есімім - Наргиз. Менің сорым фейсбукте танымайтын жігіттің достығын қабылдағанымнан басталды. Басында өмір жайлы, отбасы туралы әдемі-әдемі сөздер айтты. Қарасам, сұлу көзінде аздап мұң бар. Айтуынша, дін жолында қан кешіп, соғыста жүр екен», - дейді содырлар тұтқынында болған келіншек Наргиз.
«Бізді қолдан қолға лақтырды. Бір содырдан соң, екіншісі еншілеп алып жатты. Батыр, сарбаздың жары болам деген қиялымның быт-шыты шықты. Өзімді кәдімгі жезөкше сезіндім. Салдақыдан бар артықшылығым - қиылған некем шығар? Бірақ, 7-8 күйеу көрудің жезөкшеден не айырмасы бар?», - дейді Наргиз.
Өзбек қызы Наргиздің айтуынша, желік сезімге алданып, соңыра содырлардың лагерінде жезөкшенің күнін көріп жатқан қазақ қыздары көп екен.
«Анама айтқызбады. Ол кісілердің куәгері болуы, рұқсат беруі қажет емес деді. Сөйтіп анама айтпай, некемді қидырдым. Кейін сабаққа баруды да доғардым. Бүкіл есім сол балада болды», - дейді Назира есімді келіншек.
Өзге ағым өкілдерінің дені қызбен некелесу рәсіміне ата-анасын қатыстырмауға барын салатын көрінеді. Мың жылдық құдалық жасалмайды, қалың мал берілмейді, құда күтіспейді.
"Болашақ шаңыраққа жауапкершілік артып, ел-жұрттың аманатын жүктеуді мақсат тұтқан мұндай жоралғылар атқарылмаған соң, жауапкершіліксіз құрылған отбасының ойран болуы да, сұраусыз алынған қыздың талақ болуы да оп-оңай.
Қайын жұрт үшін үнсіз, төркін үшін құнсыз неке «талақ» деген жалғыз сөзбен тарс айырылып кете барады.
Осындайдың салдарынан біз тіпті, 7-8- 13 ретке дейін тұрмысқа шығып, бірнеше баланың анасы болған, қай баласын кімнен туғанын білмейтін қыздарды да көріп отырмыз", - дейді дінтанушы Айнұр Әбдірасылқызы.