Шәкәрім неге "Мұтылған"?

Шәкәрім неге "Мұтылған"?

Дін ғұламалары Жәлаледдин Ру­­миге (Мәулана) Шәмс Тәбризидің қан­дай ықпалы болса, Шәкәрімге Абайдың да сондай әсері болды. Шәмс бірде Мәулананың сұхбатына қатысып: «Бая­зид Бистами үлкен бе, әлде Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар үлкен бе?» деген сұрақ қояды. Мұны естісімен Мәулана ашуланып: «Осындай сұрақ бола ма? Әрине, әлемге рақмет ретінде жібе­ріл­ген ұлық пайғамбар үлкен. Пайғамбар мен әулиені салыстыруға бола ма?» деп ренжиді. Сонда Шәмс сұрағын: «Он­­да неге Баязид Алладан тозаққа түсуін жалына сұрап, басқа адамдарға орын қалмайтындай етіп денесінің үл­кейгенін қалай тұра, бір жерде: «Атағым қандай үлкен! Өзімді пәктеймін де ма­дақ­тай­мын!» деді? Ал Пайғамбар (с.ғ.с) болса, бүкіл игіліктерге иелік ете тұра қол жеткізген нығметтерін аз санап, Алла­дан қайта-қайта сұрай берді» деп қайта қойды. Шәмстің осы сұра­ғынан кейін Мәулана өртеніп кете жаздады, сөйтті де: «Баязидтің бұлай деуі оның тоқтық хәлін білдірді. Оның рухани шөлі кіш­кентай ғана көрініс­пен қанды. Сөйтіп, рухы енді сұра­май­тындай бо­лып, ма­саң­дыққа салынды. Мұхиттың сыйым­ды­лы­ғы шексіз, бірақ одан шөл қандыру­шының шамасы осынша ғана болды. Ал Пайғамбары­мыз­дың (с.ғ.с) жүрегі әлемдей кең. Сон­дықтан оның жүрегі тоймай, шөлде­ген үстіне шөл­деп, ішкен сайын шөлі қанбады» деп жауап бе­реді. Шәмстің бұл сұрақты қоюдағы мақ­саты – Мәула­наны мұқату емес, оның рухани терең­дігін, мәрте­бесін кө­теру болатын.

Осыдан кейін бұрын тек ғибадатын жасап, ұстаз ғана болып жүрген Мәу­лана­ның рухани қуаты ішіне сый­май, Хаққа деген ынтықтықтан күйіп-жанды, сөйтіп жүрегінен 26 мың жол­дан тұратын Мәснәуи төгілді. Жәлә­лад­дин Руми Шәмспен кездескеннен кейін нағыз Мәуләнә болды. «Өлі едім, ті­ріл­дім. Көздің жасы едім, қуанышқа бө­лендім» деп жазды. Әлі күнге дейін ғалымдар арасында «Шәмстің көзін ашқан Мәулана ма? Әлде Мәулананы жәннатқа же­тектеген Шәмс пе?» деген сауалдар тө­ңірегінде талас бар. Бірақ бұл көмескі баға беруге келмейтін өз алдына үлкен тақырып.

Мәулана мен Шәмстың мысалын неге келтіріп отырмыз? Шәкәрім мен Абайдың да арасында осындай рухани нәзік байланыс болды. Бірін-бірі то­лықтырды, бірімен-бірі санасты. Шәмс­тің сұрағынан кейін Руми қалай Мәу­лана атанса, Абайдың сынынан кейін Шәкәрім солай Мұтылған болды. Ол қандай сын еді? Жас кезінде Шәкәрім «Кәрілік» деген өлең жазды.

Қызусыз тәнің,

Сезімсіз жаның –

Болады кәрілік белгісі.

Оны да сезбей,

Үмітін үзбей,

Келмейді шалдың өлгісі.

Алпыстан әрі бармаңдар,

Байқамай шал боп қалмаңдар! – деп түйіндейді. Осы кезде Әріп Тәңір­бер­­генов «Зияда-Шамұрат» дастанында қыз­ды «иегі алтын, көзі гауһар» деп су­рет­тейді, ал Көкбай Жанатайұлы болса Әзірет Әліні айдаhармен алыс­ты­рып қояды. Абай шәкірттерінің осындай өлеңдеріне өз үкімін беріп, «Мен жаз­бай­мын өлеңді ермек үшін» өлеңін жазды.

Сөз айттым «Әзірет Әлі, айдаһарсыз»,

Мұнда жоқ «алтын иек, сары ала қыз».

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.

Абайдың осы сынынан кейін Шә­кәрім қатты күйзеліске түседі. Әсіресе, өзіне қарата айтылған «Кәрілікті жа­мандап, өлім тілеп, Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз» деген жол жанына қатты батты. Сөйтіп, соңында осыған дейін жазған біраз өлеңін өртеп жі­беріп, өз жолын табуға ұмтылды. Міне, сол ұм­тылыс Шәкәрімді биік шыңға шы­ғарды. Шәкәрімге иман тұр­ғысынан, тәрк етушілік тұр­ғысынан ұстаз болған Абай болатын. Бұдан кейін Шәкәрім мүлде соны ба­ғытқа түсті. Өзі­не Мұтыл­ған деген ат қойып, мінәжат жырларын ғана жазды.

Жаралы жаным шықсын деп,

Қара жер мені жұтсын деп,

Өлген соң елім мұтсын деп,

Атымды қойдым «Мұтылған».

Бір қызығы, бұл атты әркім әрқалай түсіндіреді. Академик Ғарифолла Есім «Мұтылған философиясы» мақала­сын­да былайша жазады: «Шәкәрім өзіне-өзі Мұтылған деп ат қойған. Біздіңше, бұл – псевдоним. Мәселенің байыбына барсақ, ақынның өзіне осылайша, ат қоюында мән бар. Оның дәлелін «Мұ­тыл­ғанның өмірі» деген толғау-өлеңнен табамыз. Шәкәрім өзінің белгілі бір кезеңдерде ұмытылатынын көре білген. Өзінің бұл қоғамға қажетті жағын, дұрысын айтқанда, бұл заман оны керек етпейтіндіктен ұмыт болатынын ақын дөп басып айтқан». Әрине, бұлай да болуы мүмкін. Ал Тұрсынбек Кәкішев «Қаскөйлікті жеңген азаматтық» деген мақаласында: «Мұтылған деген атауда азап-бейнет те, мүжіліп шаршау да, қа­мығып қан жылау да, шығар жол, жұтар ауа таба алмаған жанның батпандай қайғы-қасіреті де, еліне сөзін өткізе ал­маған өкініші де, шарт сынған намыс та бар деп тапқан жөн. Өзіне-өзі еріккен­нен бұралаң ат қоймас болар» деп жазады. Расында да, өзін Мұтылған атау­­дағы Шәкәрімнің көксеген фило­софиясы қандай?

Негізінде «ұмыту» деген ұғымнан шыққан сөздің бәрі «мұту» түбірімен қолданылады. Ал «мұту» сөзі тран­с­формацияда арабтың «өлім» сөзімен үндеседі. Сонда мұту – өлтіру, мұтыл­ған – өлтірген болып шыға келеді. Де­мек, Мұтылғанның нақ мағынасы нәп­сісін жеңген, өлтірген дегенге саяды. Ақынның өмірге деген көзқарасы оны Мұтылған қылды. Ой азабын шекті. Со­ның арқасында, болмысты терең тү­сі­ніп, ақиқатты таныды. Өз менін, өз нәп­сісін өлтіріп, жүрек көзін ашты.

Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі,

Іштегі кірді қашырса

Адамның хикмет кеудесі.

Кеуде қай кезде хикметке толады? Іштегі кірді қашырғанда ғана. Ал хақ­тықтың (ақиқаттың) сәулесі қай кезде түседі? Жүректің көзі ашылғанда ғана. Абайдың жауабы – осы. Жүрек көзі­мен көру басқа, құр бастағы көзбен көру бір басқа. «Бас көзімен қарасаң, нәпсі – жалған» дейді Шәкәрім. Же­тінші қара сөзінде Абай: «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көз­бенен көрген біздің хайуан малдан не­міз артық? Қайта, бала күнімізде жақ-сы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаман­-быз. Хайуан білмейді, білемін деп та­ласпайды. Біз түк білмейміз, біз де біле­міз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз» дейді. Абай айтқан осы кө­рініс әлі де көз алдымызда болып жа­тыр. Өзі­нікінен басқаны жөн демей, таласқан надандар қазір де бар. Бар емес-ау, көп. Соған қарағанда, біздің ішімізді әлі де кір басып жатқаны анық. Кірден, күнә­дан қалай тазаруға болады? Жақсы адам болудың шарты қандай? Мына бір шу­мақ өлеңді оқиық­шы.

Әлемді түгел мен көріп,

Ешкім мені білмесе.

Мұқтажым, нәпсім жоқ болып,

Зияным жанға тимесе.

Осы бір ғана шумақта Мұтылғанның бүкіл философиясы тұнып тұр. Қазір осылай жаза алатын, осылай ойлай ала­тын адам бар ма? Әй, қайдам, бұлайша тек Шәкәрім қажы сияқты әулиелер ғана жазатын шығар?!

«Әлемді түгел» көрудің ішінде тыл­сымды да тану қабілеті жатқаны анық. Ал «Ешкім мені білмесе» деп айту үшін, ұмытылу үшін Аллаға деген, ақиқатты тануға деген зор білім керек сияқты. Адам қаншалықты жоқ болған сайын, бар болады, сол сияқты бұл дүниеде кеуде керіп, менменсіп «бар» болған сайын, «жоқ» екеніне көзің жетеді. Ал «Зияным жанға тимесе» деген ше?

Шәкәрім «Айқап» журналында жария­лаған «Білімділерге бес сауалында» төр­тінші болып «Ең жақсы адам не қылған кісі?» деген сауал тастағанын білеміз. Міне, соның жауабын өзі беріп тұр. «Адамның жақсысы кім?» деген сұраққа кезінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла жолында малы мен жанын аямай, ту­ралыққа ұмтылған жан» деп жауап берген. Ал «Жақсылардың ішіндегі ең жақ­сысы кім?» деген сауалға Пай­ғамбар: «Кімде-кім оңаша тауды ме­кендесе, құдайынан қорқып, жұртқа жамандық қылмаса, сол адам – ең жақ­сы жан» деп жауап берген екен. Кешегі түрік дүниесінің ұстазы Қожа Ахмет Иассауи, кейінгі Шәкәрімнің бірі қы­луетке түсіп, енді бірінің оңаша тірлік кешуі Пайғамбар сүннетіне жүгінге-нін, жан тазалығына ұмтылғанын бай­қатады. Демек, Шәкәрім қажыны Құдай­дың ғасырда бір туатын даныш­паны, әулиесі деуге толық негіз бар.

Шәкәрім барша қазақты нәпсіні құрбан қылуға, нәпсінің құлдығынан құтылуға шақырды. Сөйтіп, өлеңінің өзегі Жар, ар, жүрек, жан, тәнге ба­ғытталды. Сәбит Мұқановқа жазған хатын­да Шәкәрім кітап қылып шығару үшін қолжазбаларын жолдай отырып: «Қырықтан аса бергенімде «Жан не? Дін не? Барша адам қалай жаралған? Адамға жаратушы жағынан не өзінің ар, ынсабы жағынан салынған міндет бар ма? Болса, ол не? Адамда толық ерік бар ма? Жан өлгеннен соң жоғалатын зат па? Адам бұл өмірде не қылған жөн?» деген сияқты ылғи дене сезімімен се­зіл­мей, іш жаққа, әдетіне, дініне, нан­ға­ны­на, құмарына бұрылмай, ойлайтын – ноқтасы таза ақылмен ғана білетін істер туралы: дін ғалымы, ғылым ғалымы, ойшыл философтардың бұл туралы жаз­ған кітап, айтқан сөздерін өзімше сынға алып, дұрысын алып, терісін тастап шығарған қорытындыларым еді. Мен «пәлен пайғамбар, түлен фило­соф, профессор айтты» дегенге тоқтап қалмаймын. Өз ақылым қабыл алмаған­ды кім айтса да теріс көрем. Бірақ ақыл қабыл аларлық дәлел айтса, ол кім болса да бас ұрам» деп жазады (Мұтылған Шәкәрім Құдайбердіұлы, 1931 жыл). Шынында, жан туралы Шәкәрімнен асырып жазған, асырып түсіндірген ешкім жоқ. «Денең жан нұрлы болса өзгермек, Өлең әнге өлшеп айтса, өң­дел­мек» дейді Шәкәрім. Өлең мен ән, дене мен жан секілді, өлең күміске баланғанда таза болады, сол сияқты жаның нұрлы болса, денең де жөнделеді дегенді айтады.

Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр,

Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр.

Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен,

Жан – тәнге, ақыл жанға матаулы тұр.

Шәкәрім тән қамы үшін нұр тасыған жанның ақысын беруге шақырады. Жан­ның ақысын қалай береді? Міне, алдымызда бір айдан кейін ораза келеді. Жан ақысын беретін – осы ораза. Егер жаның нұрлы бол­маса, кінәрат, бәлкім, тәніңде шығар? Тәнің (күнәға) семірсе, жаның қалай нұрлы болады? «Тән де­генің – жанның құлы» дейді Шәкәрім. Ал қазір керісінше, бо­лып бара жатқан жоқ па? Жанымыз тә­німіздің құлына айналды. Қажы ата­ның «Жан билемей, тән билеп, ақылдың соры қайнайды» деп айтқаны айдай келді. Ендеше, алды­мыздағы ораза айына жақсылап дайын­далып, жанның хақысын бергеніміз дұ­рыс бо­лар. Сонда Шәкәрім айтқандай «Тән де­генің – жанның құлы» болары сөзсіз.

islam.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста