Рухы әлсiз, рухсыз адамдардың тәнiне, көзi, құлағы, аузына, барлық мүшесiне жын иелiк етедi
Олар да өз алдына бiр әлем, бiр жұрт көрiнедi. Қазақтың аңыз, қисса-жырларында жындар елi туралы аз айтылмайды. Бiз бүгiн осы тақырыпта дiнтанушы, қажы Икрам Әбдiқайымұлымен бiраз ой бөлiскен едiк. Бәлкiм, төменде айтылған әңгiмелерге бiреу сенер, бiреу сенбес, бiрақ мұның адамға ой салатыны анық.
– Құдiретi күштi Алла: “Мен адамды өзiме ұқсатып жараттым”, – дейдi. Жалпы, Алланың 99 түрлi сипаты бар. Осы 99 түрлi сипатының бәрi адамның бойынан көрiнiс табады. Адам – жасампаз. Шайтанда нұр бар, бiрақ тән жоқ. Оны өздiгiнен жасай да алмайды. Әрине, шайтан бөлек, жын бөлек. Сондықтан да қазақта “Алланың шайтанынан қорықпа, адамның шайтанынан қорық” деген сөз бар. Адамның шайтаны дегенiмiз – адамның құлағына келiп сыбырлаушылар. Кез келген адам бiр iс туралы бiрнеше версияны ойлағанда, мiндеттi түрде оның бiрi шайтандыкi, бiрi жындыкi болады. Шайтан ойға тәттi қиялдар салады. Адам шайтанның тiлiн алғаннан кейiн адамның шайтанына айналады. Тәнi бар шайтанға айналады. Шайтанның ең зияндылығы да осында.
– Адам қатты есiнеген кезде аузын қолымен жаппаса, жын кiрiп кетедi және ауызды алақанның сыртымен жабу керек, алақанға жындар балалап кетедi деген не сөз?
– Ол ырым-жырымнан шыққан әңгiме. Бiрақ пайғамбарымыз (с.ғ.с) есiнеген уақытта аузын сол қолының сыртымен жапқан екен. Тағы бiр айтары, адам бiр нәрседен қатты қорқып, шошыған кезде бойынан рухы шығып кетiп, бос орнын жын жайлап алады. Шындығында, адамның iшiне шайтан кiрiп кетпес үшiн адам бiр-ақ нәрсемен қорғана алады. Ол адам дем алып, ауа жұтқан сайын кәлиманы айтып жүруi керек. Дәретiң таза болса, жүрген уақытыңда Алланы есте ұстап отырсаң, қиялыңда Алладан басқаға орын қалдырмасаң, сол жағдайда жүрегiңе жын кiре алмайды. Үнемi “Алла, Алла” деп күбiрлеп, Аллаға жалбарынып жүрген адамдарға тосыннан “Ассалаумағалейкүм” десең, “Алла” деп қалады. Орыстың атақты жазушысы Булгаковтың “Мастер және Маргарита” шығармасының философиялық ойы, биiктiгi неде? Онда адамның өз жанын жындарға қалай сатқанын көрсетедi. Жанын сатқан адамның рухы болмайды. “Мастер және Маргаритада” осы процестi бастан-аяқ көрсеткен. Ауыз арқылы кiрiп кеткендi былай қойғанда, жын деген саған айтқан жылы сөзбен құлағың арқылы да кiрiп кетуi мүмкiн.
– Жындар да адамдар сияқты өмiр сүредi, адамның iшiнде бiр ауыл жын жүре бередi деген әңгiме рас па?
– Бiр ауыл жын түгiлi, адамның жүрегiнде жынның бiр мемлекетi тұруы мүмкiн. Жында бiздiкi сияқты тәндiк өлшем жоқ. От бiр сәтке ұшқын болуы мүмкiн. Сол бiр сәттiк ұшқын жындарға мың жылдық мекен болуы мүмкiн. Соның өзi жетедi. Бiз өмiр сүрiп отырған планетамыздың пiшiнi, үлкендiгi, кеңдiгi жындарға жүрмейдi. Оларда өлшем болмайды.
Осыдан бiрнеше жыл бұрын Тараз қаласының шетiндегi Айша Бибi ауылында кiшкентай бiр қарияның екi қолын шынжырлап тастаған, темiр шынжырды қарш-қарш шайнаған жындыны қамшымен бiр салып қалып, сабасына түсiргенiн көрiп жағамды ұстағанмын. Ол шал әлi де тiрi болуы керек. Жынды көру қиын емес. Жындыханаға барып, жындыны су әкелуге жұмсашы, ол әкеле алмайтын болса да, «әкелемiн» деп кетедi. Одан ары қарай тағы бiр жаққа жұмсаңыз. Еш ойланбастан кете бередi. Сол кеткеннен мол кетедi. Жын да солай, оның тiрлiгi баянсыз. Олар намаз оқып, тақуалық жолға ұмтылады. Бiрақ тұрлауы жоқ. Мысалы, сен қиялыңа шектеу қоя алмасаң, сен де тұрлаусызсың. Жынның мекенi – жүрек, сөйтiп, ол жүрек арқылы санаға да әсер етедi. Рухы әлсiз, рухсыз адамдардың тәнiне, көзi, құлағы, аузына, барлық мүшесiне жын иелiк етедi.
Әңгiмелескен: Оралхан ДӘУIТ
zhasalash.kz
(Тақырыбы өзгертілген)