«Қазақ қызын ешқашан тұмшаламаған»: Ардагер ұстаз оқушылардың орамал тағуына қарсы шықты
Қазақстанда оқушы қыздардың мектепке орамалмен келуі туралы мәселе көптен бері көтеріліп келеді. Жақында оқу-ағарту министрлігі орамал тағуға тыйым салынғандықтан, ата-анасы мектепке жібермей отырған оқушыларға қатысты ережені жеңілдететін айтқан еді. Осыған орай, ардагер ұстаз Қуаныш Рақышева желіде пікірін білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Мектепте оқу формасы қатаң сақталуы керек. Форма – жәй киім емес. Ол – тәрбие. Мектептегі әлеуметтік теңсіздіктің, ала-құлалықтың алдын алатын басты фактор.
Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды.
Орамалды оқушыны бөлек оқыту бұрыс көзқарасты қалыптастырады.
Қазақ қызын тұмшалап қоймаған. Шашын екі жақтан өріп, басына төбетей кигізген. Бөлек оқытуды алып тастау керек деп ойлаймын.
Керісінше, қарапайым мектептегі оқушылардың қатарына қосып, санасын басқа салт- дәстүрден тазарту керек. Қазақы тәрбие насихатталуы тиіс.
Қазақта тұмшалану болмаған. Келін болғанда орамалын тақсын. Соны түсінуіміз керек. Өзіміздің қазақ екенімізді ұмытпауға тиіспіз. Ұлттығымыз тілімізде, дінімізде емес пе? Біз неге оны ұмытамыз?», – деп жазды ардагер ұстаз Қуаныш Рақышева.