Қарызы бар адамның берген садақасы қабыл болмайды деген рас па?
Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахаба Әбу Һурайрадан жеткен бір хадисінде былай деген:
«Садақаның ең жақсысы – қажеттіліктен артылғанынан берілгені. Және ең әуелі қолыңа қарап отырғандардан баста (яғни, бірінші отбасыңа бер)»[1].
Ал, Сіз айтып отырған сөз хадис емес. Ол - Имам Бұхаридің (р.а.) сөзі. Белгілі хадисші ғұлама Имам Бұхари (р.а.) өзінің хадистер жинағында жоғарыда айтылған хадисті келтіре отырып, оған кіріспе ретінде былай деп өтеді:
«Кімде-кім өзі немесе отбасысы мұқтаж бола тұра яки мойнында қарызы бола тұра садақа берсе, (мынаны білсін:) Қарыздың өтелу хақысы – садақа беруден, құл азат етуден және сыйлық силаудан бұрын келеді. (Мұндайда) берген садақасы қабыл болмайды».
Өйткені, алған қарызын қайтару – уәжіп. Ал, садақаның үкімі – мұстахаб. Әлдекім қарызын қайтарудың орнына садақа беріп, соның салдарынан қарызын қайтара алмай қалса, онысы біреудің дүниесін шашқанмен тең болмақ[2]. Ғұлама Ибн Баттал бұған қатысты: «Ғұламалар бір ауыздан мынадай тоқтамға келген: «борышкердің өз мойнындағы қарызын бермей, оның орнына дүниесін садақа етуі дұрыс емес» дейді[3].
Қорытындылай келе, Исламда қарыз беру қаншалықты сауап болса, алған қарызын созбай қайтару да соншалықты маңызды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Жағдайы бола тұра алған қарызын созып жүре беруі – зұлымдық» дейді[4]. Басқа бір хадис шәрифте: «Шейіттің барлық күнәсі кешіріледі, тек қарызы ғана кешірілмейді» делінген[5]. Сондықтан да, мойнында берешегі бар мұсылман әуелі қарызынан құтылудың қамын ойлағаны дұрыс. Қарызынан құтыла алмай жатып, қайыр-садақа жасауы жарамайды.
Әйтсе де, берген садақасы қарызын өтеуге кедергі келтірмесе, немесе қарызын өтейтін уақытта борышынан құтыла алатынына сенімді болса, қажеттілігінен тыс дүниесінен шама-шарқынша садақа беруіне рұқсат. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!