ОРАЗАНЫҢ КИЕСІ
Содан бері арада жиырма жылдай уақыт өтсе де сол бір оқиға жыл сайын ораза ұстағанымда ойыма оралады да тұрады. Рамазан айының қадір-қасиеті туралы аз айтылып жүрген жоқ қой, дегенмен, мен үшін киесі бары өзім куә болған күнәһар молданың ісінен көрінді.
Ол шын мәнінде молда емес еді. Ұзақ жылдар бойы шаруашылықтың қойын бағып, кейіннен ғана ауыл ішіне көшіп келген бұрынғы шопан болатын. Қазіргідей имамдарды аттестациялаудан өткізу деген әлі ұғымға ене қоймаған тоқсаныншы жылдардың ортасында бізге көрші тұратын Әден ақсақал молда атанды. Молдалық деңгейі – арабша хат таниды, құран оқи алады. Ұрпақсыз емес, кенже ұл-келінінен өрбіген алты-жеті немересі бар. Ауыл оны «үлкеніміз, ақсақалымыз» деп сыйлағандықтан ба, молдалығына да ешқандай күмән келтірмейтін. Рас, ел іші болған соң оның ертеректе барымташылықпен айналысқанын айтушылар аз болмайтын.
Қайбір жылғы қыстың мезгіліне дәл келген ораза оның шын мәнінде қандай адам екендігін ашып берді. Ауылдағы үнемі қисық сөйлейтін, әркімге көпшілік ортада тисіп сөйлейтін Орақбай деген кісі елуге толды. Ердің жасы ескерусіз қала ма, ауылды түгел шақырды, көрші ауылдардан келген, аймаққа белгілі адамдар да болды. Сол қонаққа менің әкем де барған. Ертеңіне түскі ас кезінде түндегі Орақбайдың қонақтарын айтып отырған әкем сөз арасында Әден шалдың қасындағы әйелмен қосыла арақ ішкенін түңіле тілге тиек етті. «Ешқандай үлкендік қасиет жоқ, «молдаларың мас қой» деп Орақбайдың қаладан келген жездесі айтқанда, жерге кіріп кете жаздадым. Ал ол болса, әкесі тап содан өлгендей арақты сілте-е-еп отыр»...
Тап осы кезде әкемнің сөзінің аяқталуын күткендей сыртқы есік сарт ашылып, Әден шалдың екі немересі бірінен кейін бірі кіріп келді. Түрлері бұзылып кеткен...
– Аға, аға жүріңізші! Атамның беті қисайып барады!...
Әкем ішіп отырған шайын тастай сала олардың соңынан тұра жүгірді. Дем арасында үйіне кіргенін де терезеден көріп отырмыз. Әденнің шаңырағында жарты сағаттай бөгелген әкем үйге оралғанда, оның оң қол-аяғы тартылып, тілден қалғанын айтты.
Әден ақсақал сол жатқаннан жаз туғанша жатты. Немерелерінің айтуынша, тамақ ішуден қалған, тек қана «кола» сусынымен ғана таңдай жібітетін көрінеді. Бірде келіні, бірде немерелерінің атасын сыртқа шығарып, күншуаққа отырғызатынын ара-тұра көріп жүретінбіз.. Тілі күрмеліп, әлденелерді айтқан болады, онысын ешкім түсінбейді. Сондай кезінде ол маған ораза ұстап, Құран оқып, молдалық қылып жүріп арақ ішкеніне өкініп, қинала сөйлеп тұрғандай көрінетін...
Бірде шалдың үлкен ұлы оны қалаға алып кетуге арнайы машинамен келді. Үстіне жасыл костюм, ақ көйлек, қара шалбар киген «молда» балаларының көмегімен сыртқа шыға бере күтпеген мінез көрсетті. Қайда апара жатқанын енді түсінгендей, табандап тұрып алып, ышқына айқайлады. Барғысы келмей тұр, білем. Қолындағы таяғымен айналасындағыларды жасқап, қарсылық білдірді. Амал жоқ, балалары оны қайтадан ішке алып кірді.
Ораза кезіндегі орынсыз ісінен кейін Әден молда ешқандай оңала алмаған күйі, шілде туғанда дүние салды. Ақсақалын ақтық сапарға шығарып салған ауылдастары оның сексеннен асса да оразаға дейін ширақ жүріп, одан кейін күрт түсіп кету себебін іштей түсінсе де жалпақ жұртқа жария қылған жоқ. Бірақ, оразамен ойнауға болмайтынын іштей бәрі де айқын ұғынды.
Осы оқиғаның куәсі болған мен де бұл күнде отызды орталадым. Отбасым бар, ораза ұстауға төртінші жыл ниет еттім. Бәлкім өмірден өткен марқұмның ісін қозғап, мұны жазбауым қажет пе еді, дегенмен, көп адамға Аллаға иман келтірумен қатар ниеттің таза болуы керектігін ұғындыру үшін де айтпай отыра алмадым. Ары қарай таразылауды өз еншілеріңізге қалдырдым...
(Белгілі себептерге байланысты кейіпкер есімі өзгертілді, жер атаулары көрсетілген жоқ)