Нұрлан имам науқас күйеуін бағып-күтетін әйелдер жайлы айтты
Желіде танымал болған имам Нұрлан Байжігітұлы оқырманының сұрағына жауап берді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Azattyq Ruhy.kz-ке сілтеме жасап.
«Күйеуім аурушаң, денсаулығы жоқ. Анам кезінде әкеммен денсаулығы үшін ажырасқан. Тағдырын қайталамайын деп сынақ деп қабылдадым. Бірақ солып барамын. Жасым 35-те», - деп бір келіншек тікелей эфирде сұрақ қояды.
Нұрлан имам науқас күйеуді бағып отырған әйелдердің күнәсі кешіріліп, сауап жазылатынын айтқан.
«Сіз тұрмысқа шыққанда оның денсаулығы жақсы ма еді? Сіз өзіңіздің денсаулығыңыз жақсы болып тұратынын (ред – өміріңіздің соңына дейін) қайдан білесіз? Мүмкін, күйеуіңізден бетер ауыр дертке шалдығатын шығарсыз? Әйел адам сау күйеуінің қызметін жасаса, мыңдаған күнәсі кешіріліп, мыңдаған сауап жазылады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «егер адамға бас июге рұқсат болса, онда әйелдер күйеуіне оның ақысы үшін бас исін деп бұйрық берер ем» деген екен. Ауру күйеуді қарағаныңыз үшін дәреженің дәрежесі, мәртебенің мәртебесі, сауаптың сауабы сізде. Неге соласыз?
Сіз ойлайсыз ғой, күйеуді қарамай, күйеумен қыдырып жүрсе, олардың өмірі жақсы деп. Көшеде қол ұстасып жүргендерді менен сұрай беріңіз, сіз айтқандай, солмай жүргендер үйде ит пен мысық сияқты араласатынына куә болдым. Ондайлар екі күннің бірінде маған жазады. Сондықтан сол науқас күйеуді қарағаныңыз үшін Алланың алдында сізге мәртебе, мыңдаған күнәларыңыз кешіріліп, мыңдаған сауап жазылады. Алла сізге жеңілдік берсін. Сіз сауаптың сауабын алып отырсыз», - деп жауап берді Нұрлан имам.